Accessibility links

Жерге қатысты заңда толқу талабы орындалды ма?


Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Сенат мақұлдаған заң жобасына 2016 жылғы көктемдегі халық толқуынан кейін құрылған жер комиссиясы қараған мәселелер енгізілді. Дегенмен сарапшылар толқу кезіндегі негізгі талаптар заңға қамтылмады деп есептейді.

Сәуірдің 20-сында Қазақстан парламентінің сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдап, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қоюына жіберді. Осы заң арқылы Жер кодексіне және Жер кодексіне байланысты өзге де көптеген нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізіледі.

«МИТИНГІЛЕРДІҢ ОРЫНДАЛҒАН ТАЛАПТАРЫ»

2016 жылы Атырауда басталып, Қазақстанның бірнеше өңірінде жалғасқан жер мәселесіне байланысты толқудан кейін үкімет жанынан құрылған жер комиссиясының мүшелері «жер қатынастарын реттеуге арналған өзгерістер мен толықтыруларды» дұрыс деп санайды. Осы заң жобасының жасалуына қатысқандардың бірі Мұхтар Тайжан «жер комиссиясында қаралып, заңға ұсынылған өзгерістер парламенттен сол қалпында өткенін» айтты.

«Жер қатынастарын реттеуге арналған өзгерістер мен толықтырулар» туралы заңда жалға берілген ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді сақтау және жетілдіру және шекті мөлшерін белгілеу, шекара маңындағы жерлерді жалға беру талаптарын күшейту, ауыл төңірегіндегі жайылымды реттеу мәселесі айтылған. Сонымен қатар тұрғын үйге арналған жер беру, мемлекет қажеттілігіне қарай жерді алу, өтемақы төлеу сияқты тағы да бірқатар өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған.

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар, ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан құрылған жұмыс тобына бірер ай бұрын кірген заңгер Абзал Құспан мен жер туралы комиссия құрамында жұмыс тобын басқарғандардың бірі, саясаткер Дос Көшім жоғарыда аталған мәселелердің барлығы да жер комиссиясының ұсыныстары бойынша дайындалған деп санайды.

Жерді шетелдіктерге сатуға қарсы митингке шыққан адамды ұстап әкетіп бара жатқан полицейлер. Алматы. 21 мамыр, 2016 жыл.
Жерді шетелдіктерге сатуға қарсы митингке шыққан адамды ұстап әкетіп бара жатқан полицейлер. Алматы. 21 мамыр, 2016 жыл.

- Оның бәрі де жер комиссия жұмыс істегенде су бетіне шыққан проблемалар болатын. Егер жерге байланысты толқу болып, жер комиссиясы құрылмаса бұл өзгерістер де болмас еді. Бірақ толқу кезінде халық көтерген екі негізгі мәселе: жерді сатпау және шетелдіктерге 25 жылға жалға бермеу мәселесі қамтылмай қалып қойды. Билік бұл мәселені неге алып қалғанын түсінбедім,-дейді Дос Көшім Азаттыққа.

«БИЛІКТІҢ САЯСИ ШЕШІМІ КЕРЕК»

Дос Көшім Жер кодексіне енгізілетін өзгерістерге мораторий жариялағанда президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл екі мәселені бір-бір жарым жылда заңға енгізуіміз мүмкін дегенін еске алады. Оның сөзінше Нұрсұлтан Назарбаев заңға енгізілмек болған өзгерістерге мораторий жариялағанымен, халықтың талабын енгізуге мораторий жарияламаған.

- Бұл екі мәселе енгізілмегенін ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Ерлан Нысанбаев та мойындап, кейін қайта ораламыз дегені есімде. Бірақ Жер кодексін тағы да өзгерту үшін бірнеше жыл керек. Сөйтіп жүргенде 2021 жылға дейінгі мораториий де бітеді. Сонда билікке тағы да жерге байланысты наразылық туғаны қажет пе екен?! - деп таңырқайды ол.

​Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан құрылған жұмыс тобына биыл ақпан айының ортасынан қосылған заңгер Абзал Құспан да заңда көрсетілген жайттарды жер туралы толқулар кезіндегі талаптарға жауап беретінін айта келе екі мәселенің енгізілмегенін растайды.

Жер комиссиясының отырысы. Астана, 9 шілде 2016 жыл.
Жер комиссиясының отырысы. Астана, 9 шілде 2016 жыл.

- Осы заң жобасына жерді сатпау, шетелдіктерге жалға бермеу туралы мәселе неге енгізілмегенін биліктегілерден сұрадық. Олардың түсіндіруінше қазіргі өзгерістер министрлік бірнеше жыл ауыл шаруашылығы жерлеріне жасаған зерттеулер бойынша жүзеге асқан. Расында да оны енгізу үшін үлкен дайындық керек. «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деп жаза салғанмен өзгере салмайды. Өйткені қосымша көптеген нормативтік құқықтық актілерді өзгертіп, кейбір ұғымдарды қайта қарау керек, - дейді ол.

Абзал Құспанның айтуынша «жұмысы қанша күрделі болса да негізгі екі мәселені өзгерістерге қосса жөн болатын еді. Бірақ ең бастысы оған рұқсат беретін жоғарғы жақтан саяси шешім қабылданбаған. Ал бұл мәселелерді күтіп отырған халық мораторий жарияланған 2021 жылға дейін тағы да «наразылық білдіруі мүмкін».

«ЗАҢНАН КЕЙІН ЗАҢ СҰРАУ»

«Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деген талап жайлы жер комиссиясының құқықтық жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан да өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында биыл ақпан айының соңында жазып, «бұны осы заңға кіргізу мүмкіндік болған жоқ, себебі оған ең жоғары дәрежеде қабылданған саяси шешім керек»,-деген еді.

«Жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістерге байланысты» ақпараттарды ұдайы таратып келген Мұхтар Тайжан іле-шала Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа әлеуметтік желі арқылы ашық хат ұйымдастырған.

Хатта «халықтың толқуына себеп болған ең басты мәселе түбегейлі шешілмей, сол күйінде қалып тұр. Ол - «Қазақстан Республикасының жері ешкімге сатылмасын, шетел азаматтарына жалға берілмесін» деген талап.

Біздің Сізден халық болып сұрайтынымыз - «Қазақстан Республикасының жері ешкімге сатылмасын, шетел азаматтарына мүлдем жалға берілмесін!» деген талабының заңмен бекітілуі. Халықтың бұл талабын 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін күтпей-ақ, мораторийді тоқтатып, заңға енгізуге ықпал етсеңіз» делінген.

Президентке жазылған хатта «Бес жылға жарияланған мораторийдің екі жылы өтіп кеткені, жаңа заңды дайындау мен қабылдауға тағы бір жыл өтіп кетуі әбден мүмкін екені айтылып, Нұрсұлтан Назарбаевтан «қазір Парламент пен Үкіметке мораторийдің орнына жаңа заң дайындауға тапсырма беруді» сұраған.

Қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан Азаттық тілшісімен сөйлескенде «жер қатынастарын реттейтін заңдарға енгізілген өзгерістер 2022 жылға дейін, яғни президент мораторийі аяқталғанға дейін ірі көлемдегі ауыл шаруашылық жерлерін сатқызбауға мүмкіндік беретінін айтты. Оның сөзінше «бірнеше бапқа қатысты кейбір өзгерістер «2022 жылға дейін жер шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға және егер бір пайыз болса да шетелдіктердің үлесі болса, қазақстандық заңды тұлғаларға да жалға берілмейді».

- Ауыл шаруашылығына арналған жер мүлдем сатылмауы керек және шетелдіктерге жалға берілмеуі керек дегенді енгізу үшін саяси шешім болған жоқ. Енді мораторий біткеннен кейін де жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге рұқсат бермейтін жер туралы мүлде жаңа заң қабылдау керек,-дейді Мұхтар Тайжан Азаттыққа.

«АЛДАРҚАТУ»

Жер комиссиясының жұмысы бойынша заң жобасы әзірленіп, парламентке жіберілгенінен хабардар жұртшылық арасында қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжанның тағы да заң қабылдауға шақыруы түсініспеушілік тудырған еді.

Осыған байланысты «жер комиссиясы жерді сатпау туралы өзгеріс енгізген жоқ» деген ұстанымдағы белсенділердің наразылығы одан әрі күшейтіп, 2016 жылы жазда құрылған жер комиссиясына қоғам белсенділерінің кіруі қажет пе, жоқ па деген мәселеден басталған дау тағы да жалғасқан.

Жер комиссиясының құқықтық жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжанмен ұзақ дауласқан бірнеше қоғамдық ұйым мүшелері «жер комиссиясы ұсынған заң жобасы жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге мүмкіндік беретін баптарды өзгертпеді» деп санайды.

Қоғамдық белсенділердің бірі Мақсат Ілиясұлының Facebook-тегі жазбасына қарағанда, тағы бір топ белсенді парламент пен ауыл шаруашылығы министрлігіне 13 ұсыныс бергенімен, ескерілмей қалған.

Осы ұсынысты әзірлегендердің бірі Айдын Егеубаев «жерді сатпау және шетелдіктерге жалға бермеу» туралы өзгеріс енгізбегеніне наразы екенін айтады. Ол «заңға енгізілген өзге өзгерістер алдарқату, саяси ойын болуы мүмкін, өйткені мораторийге қарамастан «заңдағы қалтарыс арқылы жер сатылып жатыр» деп санайды.

Азаттық тілшісі «2016 жылы толқулар кезінде көтерілген мәселеге байланысты қандай саяси шешім керек еді деген сұрақты бүгінгі заң жобасын жасаған ауыл шаруашылығы министрлігінен сұрап көрмек болған. Бірақ ондағы жауапты қызметкерлермен сөйлесу мүмкін болмады.

2016 жылы наурыздың соңында сол кездегі ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев шілденің 1-інен бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 миллион гектар жер аукцион арқылы саудаға шығарылатынын хабарлағаннан кейін қоғамда наразылық пайда болған.


2016 жылы сәуірдің 24-іне Атырау қаласында жер мәселесіне байланысты митинг өтіп, наразылық акциялары Қазақстанның өзге де қалаларында да жалғасты. Мамыр айының басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі резонанс тудырған заң баптарына мораторий жариялаған. Оған шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заң баптары да қосылған. Онан кейін үкімет жанынан жер реформасын халықпен бірге талқылау үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияның құрамына шақырылған бірнеше белсенді оның жұмысына қатысудан бас тартқан.

Жер комиссиясының негізгі ұсынысы осы мораторийдің мерзімін 2021 жылдың соңында дейін ұзарту болған. Президент Назарбаев 19 тамызда шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заңға 2021 жылға дейін мораторий жариялаған. Осы шешімнен кейін жер комиссиясы жұмысын аяқтаған.

Әлеуметтік желілерде «жалпыұлттық жер шеруі өтетіні» жөнінде ақпарат тараған мамырдың 21-іне дейін Қазақстанның әр аймағында «митингі заңын бұзған» ондаған белсенді әкімшілік қамауға алынды. Атыраудағы митингіден кейін көп ұзамай белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян қамауға алынып, екеуінің үстінен Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қозғалды. 2016 жылғы қарашада Макс Боқаев пен Талғат Аян "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталды. Екі белсенді өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп мәлімдеп, оны мойындаудан бас тартқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Макс Боқаев пен Талғат Аянды «ар-ождан тұтқыны» деп жариялап, Қазақстан билігін белсенділерге бостандық беруге талай мәрте шақырған.

XS
SM
MD
LG