1 мамырда Армения парламенті ел премьер-министрін сайлау үшін дауыс береді. Бұл туралы 26 сәуірде Армения парламентінің спикері Ара Баблоян айтты.
Ал 25 сәуірде "Елк" оппозициялық парламенттік фракциясы Армениядағы наразылық шараларының жетекшісі, оппозициялық депутат Никол Пашинянды премьер-министрлікке ұсынатынын жариялады.
Сол күні кешке "Дашнакцутюн" партиясы елдегі Армения Республикалық партиясы басқаратын коалиция құрамынан шыққанын мәлімдеді.
Армения парламентінде 105 орын бар. Премьер-министрді сайлауға 53 депутаттың даусы қажет. Биліктегі Арменияның республикалық партиясының парламентте 58 мүшесі бар.
Азаттықтың Армян қызметіне сұхбат берген Армения республикалық партиясының мүшесі Хосров Арутюнян Серж Саргсянның партия басшылығынан кетуі мүмкін екенін хабарлаған.
23 сәуірде Армения премьер-министрі Серж Саргсян отставкаға кеткен. Ол оппозиция 11 күн өзіне қарсы шеру өткізген соң осындай шешім қабылдаған. Армения үкіметі Саргсян отставкаға кеткен соң премьер-министр міндетін оның орынбасары Карен Карапетян атқаратынын жариялаған. Саргсяннің одақтасы Карапетян 2016 жылдың 13 қыркүйегінен 2018 жылдың 9 сәуіріне дейін Армения премьер-министрі қызметін атқарған.