Түркіменстан Каспий теңізінде жаңа ірі порт ашты. Ашғабад порт елдің экспорттық әлеуетін жақсартып, аймақта Еуропа мен Азияны жалғайтын жүк тасымалы орталығына айналуға мүмкіндік береді деп үміттенеді.
Түркменбашы қаласында 1,5 миллиард долларға салынған жүк және жолаушы порты 2 мамырда ашылды. Порт Түркіменстан табиғи газ экспортына тәуелді экономикасын әр тараптандыруға талпынып жатқан кезде іске қосылып отыр. Бір кездері түркімен газының көп бөлігін сатып алатын Ресей 2016 жылы газ бағасына келісе алмай, газ импортын тоқтатқан соң газ экспортынан түсетін табыс айтарлықтай азайып кеткен.
Түркіменстан үкіметінің есебінше, жаңа порт елдің жүк айналымы көлемін үш еседен астам ұлғайтып, жылына 25-26 миллион тоннаға дейін жеткізбек. Әлемдік мұхитқа шыға алмайтын Каспий теңізі аймақтағы сауда-саттық пен жүк тасымалында маңызды торап саналады.
Нысанның ресми ашылу салтанатында сөйлеген Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жаңа порт Қара теңізге, Еуропа мен Таяу Шығыс және Азия нарығына шығуға жағдай жасайтынын айтты. Бердімұхамедов Ашғабад портты теңізге шыға алмайтын көршілес елдермен бірге пайдалану жайын талқылауға дайын екенін жеткізді.