Accessibility links

Қырғызстанда "қыз өліміне жол берген" милиция қызметкерлері жазаланды


Бурулай Турдаалықызы, "қыз алып қашу" оқиғасында милиция бөлімінде қаза тапқан қыз.
Бурулай Турдаалықызы, "қыз алып қашу" оқиғасында милиция бөлімінде қаза тапқан қыз.

Қырғызстан Ішкі істер министрлігінде 20 жастағы Бурулай Турдаалықызының өліміне байланысты ішкі тергеу жұмыстары аяқталды.

Министрдің бұйрығы бойынша, Шу облысы ішкі істер бас басқармасының басшысы Нұрлан Сарчаев, оның екі орынбасары және Жайыл аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы қызметтерінен алынған.

Жайыл ішкі істер бөлімінің тергеушісі де қыз алып қашу жөнінде түскен арызды дер кезінде қарамады, "қырғыз милициясы қызметкерлерінің абыройын түсірді" деген айыппен жұмысынан босатылған.

Қызметтік тергеу бойынша ішкі істер органдарының жалпы 23 қызметкері жазаға тартылған.

Қызметтік тергеудің қорытындысы прокуратураға жіберілген. Жайыл ауданы прокуратурасы милиция қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 316-бабы ("Немқұрайлылық") бойынша іс қозғаған.


27 мамырда Шу облысы Жайыл ішкі істер бөлімі ғимаратында 20 жастағы Бурулай Турдаалықызы қаза тапты. Милиция бөлімінде оны алып қашқан жігіт пышақтап өлтірген, кейін өзін де жаралаған. Қазір жігіт ауруханада жатыр.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков премьер-министр Мұхаммедкалый Абылғазиевпен кездесуінде милиция бөлімінде мерт болған Бурулай Турдаалықызының өліміне жол бергендерді аяусыз жазалауды талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG