АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері бойынша кеңесшісі Уэсс Митчелл Анкараға Ресейдің С-400 зенит зымыран кешенін алудан бас тартпаса, АҚШ жаңа F-35 жойғыш ұшақтарын Түркияға бермеуі мүмкін екені ескертілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, НАТО-ға мүше Түркия С-400 кешенін сатып алуан бас тартпаса, Ресейдің қорғаныс саласына салынған санкцияға ілігіп кетуі мүмкін.
"Біз С-400 кешенін алу Түркия мен АҚШ-тың әскери-өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығы келешегіне, оның ішінде [F-35-ті] сатып алуға сөзсіз ықпал ететінін айқын ұқтырдық" деді Митчелл сенаттың халықаралық істер комитетінде өткен АҚШ-Еуропа қарым-қатынасы бойынша тыңдауда.
Түркияға F-35 ұшақтарын жеткізуге тыйым салатын заң жобасы ендігі Конгресстен өткен. Конгрессмендер Түркия егер F-35 ұшақтарын Мәскеу жеткізетін зымыран жүйелерімен бірге қолданса, онда Ресей ұшақтың құпия технологиясын біліп қояды деп қауіптенеді. Митчелл президент Дональд Трамп әкімшілігі өзін конгресстің келісімінсіз әскери ұшақтарды Түркияға жеткізуден бас тарту құзыретіне ие деп санайтынын айтады.
Өткен аптада Түркия қорғаныс министрі Нуреттин Джаниклы АҚШ-тың С-400 кешенін сатып алу келісімінен бас тарту талабын "бопсалау" деп атаған. Ол Түркия НАТО алдындағы "барлық міндеттемесін орындап жатқанын" және АҚШ F-35 ұшақтарын кесімді мерзімінде жібереді" деп күтіп отырғанын айтқан.
ПІКІРЛЕР