Accessibility links

АҚШ мемлекеттік хатшысы Пхеньянға тағы барды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынмен келіссөз өткізу үшін Пхеньянға барды. Жапониялық Kyodo агенттігінің хабарлауынша, тараптар Корей түбегін ядролық қарудан арылту, АҚШ пен Солтүстік Корея қарым-қатынасын реттеу жайын талқыламақ.

Бұл Помпеоның Пхеньянға екінші сапары, бұның алдында ол Солтүстік Корея астанасына мамыр айында барған.

Оңтүстіккореялық Chosun Ilbo басылымы Вашингтондағы дереккөздеріне сілтеме жасап, Помпеоның Ким Чен Ынға әнші Элтон Джонның Rocketman ("Зымыран адам") әні жазылған күйтабақ сыйлаған деп хабарлады. Басылым әңгімелескен азаматтардың сөзінше, бұл ән Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның өткен айда Сингапурдегі кездесуі кезінде талқыланған. "Трамптың Ким Чен Ынға арнап, дискіге қолын қойып жібергенін" жазады Chosun Ilbo. АҚШ президентінің Помпеодан Солтүстік Корея лидеріне хат беріп жібергені де айтылады. Бірақ оның мазмұны әзірге белгісіз.


Бұған дейін баспасөз құралдары Пхеньян өз лидерлері мен АҚШ президентінің тағы бір кездескенін қалайтыны туралы хабарлаған. Kyodo агенттігінің жазуынша, Пхеньян дипломаттарын Бернге, Давос пен Женеваға екі жақты келіссөз үшін қолайлы жер мен қонақүй бар-жоғын біліп келуге жіберген. Солтүстік Корея кездесуге мүдделі елдердің қатарында Қытай мен Оңтүстік Корея да аталады.

Ким Чен Ын мен Дональд Трамп алғаш рет маусымның 12-сінде Сингапурде кездескен. Тараптар қол қойған құжатта АҚШ-тың Солтүстік Корея қауіпсіздігіне кепілдік беретіні жазылған. Есесіне Пхеньян ядролық қарудан бас тартатыны туралы міндеттеме алуы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG