Тау-кен және металлургия өнеркәсібі саласы жұмысшылары зейнет демалысына 63 жаста шығуға баяғыдан наразы. "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының тау-кен және металлургия өнеркәсібі жұмысшылары кәсіподағы "металлургтер мен шахтерлер қауіпті әрі зиянды жағдайда, жоғары температура, шаң-тозаң, газ, түрлі қышқыл сілтіден, ауыр металдардан бөлінетін бу, инфрақызыл сәулелер сияқты денсаулыққа зияны көп ортада жұмыс істейді" деп қынжылады.
Шахтерлер мен металлургтер "зейнетке белгіленген мерзімнен ерте шығуға құқымыз бар. Бізді еңбек жағдайы жақсы жұмысшылармен салыстыруға болмайды" деп санайды.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы кеншілері зейнетақы жасын азайту талабын 2017 жылы желтоқсанда өткізген ереуіл кезінде көтерген еді.
Шахтерлер бірнеше талап қойып, жұмыс беруші олардың бір бөлігін қанағаттандырған. Ол кезде АМТ "зейнет жасын төмендету - биліктің құзырындағы мәселе" деп мәлімдеген. Бірақ мәселе сол күйі қаралмай қалған.
"63 ЖАСТАМЫН, МЕНЕН ҚАНДАЙ ПАЙДА?"
Металлургтер мен шахтерлер кәсіподағы мүшелері "бұл мәселені мемлекеттік деңгейде ғана емес, компанияның өз ішінде де шешуге болады" деп санайды. Олар зейнет алдындағы жұмысшылардың зейнеткерлікке бес жыл ерте кету мүмкіндігі болуы үшін жұмысқа жастарды алу бағдарламасын әзірлеуді ұсынған. Кәсіподақтар өз еркімен жұмыстан ерте шығу мәселесін талқылауды ұсынады.
Мысалы, мен 63 жастамын. Бұл жаста олар менен қандай қайрат күтеді, менен қандай пайда? Мұндай жаста жұмысшыдан күш-қайрат кетеді ғой.
- Бұл компанияның өзіне де ұтымды болар еді. Мысалы, компания зейнетақыны адам мемлекеттік зейнетақы алғанға дейін ғана төлеп, кейін бұл міндет мемлекетке жүктелер еді. Ал адам зейнетке шаршағанын сезінсе ғана, яғни еңбек өнімділігі төмендеп кеткен жағдайда шығар еді. Ал оның орнына жас әрі денсаулығы мықты адамды алуға болады. Бірақ компания бұл ұсынысымыздың мәнін түсінгісі келмейді. Мысалы, мен 63 жастамын. Бұл жаста олар менен қандай қайрат күтеді, менен қандай пайда? Мұндай жаста жұмысшыдан күш-қайрат кетеді ғой. Металлургтер кәсіподағымен ұстанымымыз бір. Бұл мәселені талқылау үшін, алдымен, министрлік өкілдерімен кездесуіміз керек. Бірақ ол жақ әзірше тым-тырыс, күтіп отырмыз. Жуырда бастамашыл топты жинап, бұл мәселені тағы қалай пысықтауға болатынын ойластырамыз, - дейді "Қорғау" кеншілер кәсіподағының жетекшісі Марат Мирғаязов Азаттыққа.
Бұл мәселеде кеншілерді металлургтер де қолдайды. Олар "бұл жасқа қарай жұмысшылардың көбінде ауру-сырқау көбейеді. Сондықтан қауіпті әрі денсаулыққа зиянды жағдайда жұмыс істейтін адам зейнетке 63 жастан ерте шығуы тиіс" деп санайды.
Металлургтер кәсіподағы дерегінше, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жұмысшыларының 50 пайызға жуығының жасы 45-тен асып кеткен. Жасы 50-ден асқан жұмысшылардың арасында жүрек-қан тамырлары мен қимыл-тірек жүйесі сыр беріп, онкология дертіне шалдыққандар көп.
Кәсіподақ өкілдері "20 жыл бұрын қауіпті және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп, белгілі бір стаж жинаған кәсіпорын жұмысшылары зейнетке әлдеқайда ертерек – ерлер 53 жаста, әйелдер 48 жаста, ал зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп белгілі бір стаж жинаса, ерлер 58 жаста, әйелдер 53 жаста зейнетке шығатын. Осылайша кәсіпорын жұмысшылары да дер кезінде жасарып отыратын" деп еске алады.
"Жақтау" кәсіподағына қарасты ЛПЦ-2(металл табақшаларды илеу цехы – ред.) кәсіподақ комитетінің төрағасы Вениамин Марченко металлургтер кәсіподағының "Магнитка плюс" газетіне берген сұхбатында: "Егер АМТ компаниясының 25 жыл және одан көп стаж жинап, жасы зейнетке таяған жұмысшыларына лайықты өтемақы төлеуді ұсынып, ал олардың орнына күш-қайраты тасыған әрі жұмыс істеуге құлшынып тұрған жастарды келісім-шарт бойынша алса, олардың жұмыстан өз еркімен ерте шығу мәселесін қазірдің өзінде талқылауға болады және мұны талқылау керек. Стажы бар жұмысшылардың зейнетке бес жыл ерте кету мүмкіндігі болу үшін жұмысшыларды жасартудың бұдан өзге де бағдарламаларын әзірлеуге болады. Бұдан кәсіпорын да ұтып,жастардың жаңа идеялары мен энтузиазмынен қаншама дивиденд алар еді" деп мәлімдейді.
Ертеректе металлургтердің "Жақтау" кәсіподағы мен шахтерлердің "Қорғау" кәсіподағы зейнет жасын азайту сияқты бірнеше маңызды мәселені талқылауды сұрап салалық "Қазпрофметалл" кәсіподағына жүгінген. Ал "Қазпрофметалл" өз кезегінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне шахтерлер мен металлургтердің зейнет жасын қайта қарауға байланысты мәселелерді талқылауды ұсынған.
АМТ ЖАУАП БЕРМЕДІ
Ертеректе АМТ компаниясы "шахтерлердің зейнет жасына қатысты мәселе Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарауына жолданды" деп хабарлаған болатын. АМТ компаниясының баспасөз қызметі тіпті "АрселорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамы әкімшілігі шахтерлердің зейнетке шығу жасын азайту мәселесі бойынша шаралар қарастырып жатыр. Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминге хат жолданды. Бұған қоса, бұл мәселені шешу үшін тау-кен және тау-кен-металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығымен бірлескен топ құрылды" деген хабарлама таратқан.
Зейнетке шығу жасын азайту мәселесі сол күйі шешілмей қалды. Азаттық тілшісі компанияның шахтерлер мен металлургтер көтеріп отырған зейнетке шығу мәселесіне қатысты позициясын айтып беруді сұрап "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының баспасөз қызметіне жүгінген еді.
Азаттық "Компания бұл мәселені қалай шешпек?", "Компания жұмысшыларының зейнетке шығу мәселесін дифференциалды жолмен шешу мүмкіндігі қарастырыла ма?", "Компания хатына биліктен жауап келді ме? " деген сұрақтар жолдаған еді.
Шамамен бір аптадан кейін компанияның жұртшылықпен және БАҚ және қоғаммен байланыс қызметі бас директорының кеңесшісі Алексей Агуреев "бұл мәселеге қатысты комментарий болмайтынын" Азаттық тілшісіне телефон арқылы хабарлады. Ол "компания зейнет жасын азайту жолдарын ұсынған" деумен шектелді.
ЕҢБЕК МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?
Азаттықтың "Зейнет жасын қайта қарау мүмкіндігі қарастырылып жатыр ма?" деген сауалына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер үшін 2014 жылдан бері жұмыс беруші төлейтін міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы (қызметкер табысының бес пайызы мөлшерінде) енгізілгенін хабарлады.
Министрлік дерегінше, енгізілген өзгерістер зейнетақы аннуитетін алу арқылы зейнетке ерте шығу мақсатында жеткілікті зейнетақы салымдарын жинауға мүмкіндік береді.
"Мысалы, зейнетақы салымы жеткілікті болған жағдайда жасы 50-ге толған әрі жиыны 60 күнтізбелік айдан кем емес кезең бойы міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы төлеген тұлғалар міндетті зейнетақы жарналары немесе міндетті кәсіби зейнетақы жарналары есебінен түзілген зейнетақы салымын сақтандыру төлемдері арқылы өмір бойына пайдалану үшін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті туралы шартқа отыруға құқылы. Ал міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы есебінен түзілген зейнетақы салымы жетпеген жағдайда жоғарыда аталған тұлғалар зейнетақы аннуитеті шартына отыру үшін міндетті зейнетақы жарнасы есебінен түзілген зейнетақы салымдарын пайдалана алады" деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Азаттыққа.
Оқи отырыңыз: Кеншілер ереуілінен не нәтиже шықты?
Министрлік дерегінше, жұмыс істейтін азаматтар, оның ішінде денсаулыққа зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер зейнет жасына толғаннан кейін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинаған еңбек стажына қарай және зейнеталды кезеңдегі орташа айлық кірісі шамасына қарай белгіленетін зейнетақыдан; 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу стажына қарай белгіленетін мемлекеттік базалық зейнетақыдан; салымдарынан (қызметкер кірісі есебінен аударылатын 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы және жұмыс беруші есебінен аударылатын бес пайыз міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы) түзілген жиынтық еңбек зейнетақы алуға құқы бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Азаттықтың сауалына: "Аталған шаралар қазіргі зейнетақы жүйесі тұтастығын сақтап, тиісті зейнетақы төлемдері мөлшерін қамтамасыз етуге көмектеседі. Сондықтан министрлік денсаулыққа зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін тұлғалар үшін баршаға ортақ белгіленген зейнет жасын төмендету мәселесін қарастырып жатқан жоқ" деп жауап берген.
Бірақ металлургтер мен шахтерлер кәсіподақтары зейнет жасын азайту мәселесіне қатысты уәж-арыздарын билік пен өздерінің жұмыс берушісіне әлі де болса жеткізсек деген үмітін үзбейді.
ПІКІРЛЕР