Қазақстан билігінің жеке банктерді бюджет есебінен қолдауды доғару туралы уәдесіне қарамастан, мемлекет тағы да ақша бөлді – бұл жолы қаржы бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктің отбасы бақылайтын институттың "тұрақтылығын арттыруға" жұмсалмақ. Бұған дейін көктемде президент акционерлерін қатты сөккен үш банктің лицензиясы қайтарылып алынды.
ҮШ ТРИЛЛИОН ЖӘНЕ "ТОЛЫҚТАЙ БЕТІМЕН КЕТУ"
Биыл сәуірде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банктің банк жүйесін сауықтыру жөніндегі бағдарламасының жабылғанын айтып, банкирлерге енді мемлекеттің көмегіне үміт артпау керектігін ескерткен болатын.
Ол "ЭксимБанк", "Астана банкі" және "Qazaq Banki" атты үш банктің жұмысына шүйлігіп, "акционерлер нашар басқарып, қарызға батқандықтан, салымшыларға өз қаржысымен жауап бере отыра алмай отырғандықтан көрсеткіштері төмен" деп сынға алды. Назарбаев атаған үш банктің Ұлттық банктегі ресми статистикасы сол кезде жап-жақсы болатын, қағаз жүзінде барлық талаптар орындалғаны жазылған.
Президенттің сынынан соң Ұлттық банк үш банктің лицензиясының күшін жойып, олардың жаңа шот пен депозит ашуына тыйым салды. Жазда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдаған Назарбаев өз сөзінде банкке тән емес терминдер мен тіркестерді қолдана отырып ("адамдар еркелей бастады", "сәл ақша жинаса – банк ашуға жүгіреді", "акционерлер ақшаны жымқырып, ұрлап алды") қаржылық қадағалауды күшейту керектігін айтты.
"Мемлекет банк жүйесіне көмектесу үшін үш триллион теңге бөлді (қазіргі бағаммен есептегенде сегіз жарым миллиард доллардан астам)" деген Назарбаев банк жүйесінің қазіргі жағдайын "толықтай бетімен кету" деп атады.
Депозиттер мен кепілдіктер
Депозиттер мен кепілдіктер
Қазақстан заңнамасы бойынша, екінші деңгейдегі банк салымдары мемлекет кепілдігімен қорғалған. Банкті мәжбүрлі түрде тарату кезінде Қазақстандық салымдарды кепілдендіру қоры жеке тұлғаларға кепілдік өтемақы береді. Депозит бойынша кепілдік шегі - 10 миллион теңге, ал шетелдік валютамен - 5 миллион теңге. Кепілдендірілген сомадан асқанын тарату комиссиясы салымшыларға "заңнамада бекітілген кезек бойынша" төлейді.
Соңғы екі жылда Ұлттық банк бес коммерциялық банктің лицензиясын қайтарып алды. 2016 жылы – "Қазинвестбанк", 2017 жылы – "DeltaBank", 2018 жылы "ЭксимБанк", "Qazaq Banki" және "Астана Банкі" лицензияларынын айрылды.
Бұдан кейінгі жағдайды болжау қиын емес: тамыздың соңында Ұлттық банк "Qazaq Banki" мен "ЭксимБанкті" лицензиясынан айырды, қыркүйекте "Астана банкі" лицензиясыз қалды. Соңғысы басында күресуге тырысты – топ-менеджмент клиенттерге мәлімдеме жасап, барлық міндетін орындауға дайын екенін айтты, банк "ешқашан мемлекеттен ақша алған емес және дефолтқа жол бермеді" деп сендірді. Бірақ бәрібір "Астана банкінен" салымшылар кетті, қаржы шешуге шектеу қойылды, Ұлттық банктен экстра өтемпаздық сұрады, бірақ ол тілектері орындалмады.
БІР БАНК ҮШІН 700 МИЛЛИАРД
Қыркүйектің басында қатаң бақылауды қолға алған Ұлттық банктің актив көлемі жағынан екінші орында тұрған "Цеснабанкке" (президент әкімшілігі жетекшісі Әділбек Жақсыбековтің отбасы бақылайтын) экстра өтемпаздық беруден бас тартпағаны белгілі болды.
"Цеснабанктің" 150 миллиард теңге алғаны туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарына шықты, онда Ұлттық банктегі дереккөзге сілтеме жасалды. Кейін "Цеснабанк" несие алғанын ресми растап, көп бөлігін қайтардық деп сендірді.
Айта кетерлігі, Fitch рейтинг агенттігінің деректері бойынша, екінші тоқсанда банктің ликвидті активтері 30 пайыз азайған. Қазақстандық Forbes басылымына берген сұхбатында қыркүйектің 14-і күні қызметке тағайындалған "Цеснабанктің" жаңа басқарма төрағасы Ульф Вокурка "шілде және тамызда ірі клиенттер, квазимемлекеттік сектор компаниялары бір сәтте депозиттің ауқымды бөлігін шешіп алуға өтініш берді" деді. Олардың неліктен ондай қадамға барғаны ашып айтылмады.
Қыркүйектің 10-ы күні Қазақстан президенті президент әкімшілігі басшысын "зейнет жасына жеткені үшін" (Әділбек Жақсыбеков ресми түрде бір жыл бұрын зейнетке шыққан болатын) қызметінен босатты. Қызметтен кете сала Жақсыбеков "Цеснабанктің" негізгі акционері – "Цесна" корпорациясының директорлар кеңесіне жетекші болды.
Бұдан соң Ұлттық банк пен үкімет "Цеснабанктен" 450 миллиард теңгені құрайтын (1,2 миллиард доллардан астам) ауыршаруашылығы несиесін сатып алу жоспары туралы айтты.
Бір аптаға жетпей билік "Цеснабанк АҚ аграрлық секторын қалпына келтіру мен тұрақтылығын арттыру" тетігі бекітілгенін және жақын арада жүзеге асатынын айтты.
Үкіметтің мәлімдеуінше, "Цеснабанк" акционерлері докапитализация міндетін өздеріне алған. 2017 жылы "Цеснабанк" банк секторын қалпына келтіру бағдарламасы аясында мемлекеттен 100 миллиард теңгеге жеңілдікпен қаржыландыру алған. Қарапайым есепке жүгінсек, екі жылда "Цеснабанк" 700 миллиард теңге, яғни, екі миллиард долларға жуық ақша алған.
ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ "ТАҢДАП ТАЗАРТУЫ"
Данияр Ақышев қыркүйектің 20-сы күні жарық көрген "Деловой Қазақстан" басылымына шыққан сұхбатында өзі басқаратын Ұлттық банктің қаржы секторын жауапсыз институттардан тазалайтынын, ал "салауатты қаржы саясатын жүргізетін" банктерді күшейтетінін айтты.
Ақышевтің сөзінше, мемлекет "банктерге көмектесіп, олардың менеджментін немесе акционерлерін қорғап отырған жоқ, осы банктерге қаржысын сеніп тапсырған депозит иелерін, қаржы қызметтерін тұтынушылардың қаражатын сақтауды қамтамасыз етеді".
Ұлттық банк төрағасы сұхбатында "Цеснабанкке" ерекше тоқталып, "ауылшаруашылық несиелерін сатып алу агроөнеркәсіп секторы кәсіпорындарын қалпына келтіріп, банктің қаржылық тұрақтылығын күшейтеді" деді.
Экономист Мағбат Спанов "Цеснабанк" қоржынының бір бөлігін сатып алу арқылы аграрлық секторға қолдау көрсету туралы мәлімдемені "жылтыр сөз" дейді. Оның айтуынша, мемлекет уәдесінде тұрмай, жекелеген қаржылық институттарға көмектесіп жатыр.
- Банктер банкрот болғанын қолдаймын. Ереже бәріне ортақ болуға тиіс. Бұл жерде саяси шешім бар, келісім бар. "Цеснабанк" Жақсыбековтің отбасына тиесілі банк. Сол үшін көмектесті. Бұндай жағдай туған кезде әділетсіздікті сезінесіз. "ЭксимБанк" пен "Астана банкі" салымшыларының "Цеснабанк" салымшыларынан қай жері кем? Бір әділетсіздіктен екіншісі туады. Содан соң адамдар банк жүйесіне сенуді қояды, солайша барлық қаржы жүйесі шайқалады, - дейді Спанов.
Financial Freedom әлеуметтік қорының директоры Расул Рысмамбетов салымшылардың қазақстандық банк жүйесіне сенімі азайғанын айтады:
- Қазақстан сияқты экономикасы күрделі елде дұрыс банктің болуы қиын, - дейді ол. – Банктерге қатысты жағдайға қарап, біріншіден, орта және шағын бизнестің, кейде ірі компаниялардың қиналғанын көреміз. Екіншіден, экономика өспесе, банк секторы да тарыла береді. Банктер бірін-бірі жұтады. Бұл процесс әрі аяқталған жоқ, әлі кем дегенде екі-үш банк бірігеді немесе өздері жұмыс істейтін секторды ауыстырады.
Қазақстандық экономист Айдар Әлібаевтың пікірінше, банктің тағдырын объективті емес, субъективті жағдайлар шешіп жатыр.
- Біздің елдегі тәжірибе бойынша, президенттің аузынан сын шықса болды, сол сынды шындыққа айналдыратын адамдар табылады. "Астана Банкі" өзге банктерден сорлы деп ойламаймын, бәрі пруденциялық нормативтерді сақтап, осы банк қана сақтамай қойды дегенге сену қиын, өзгелердің несие қоржыны мінсіз, осыныкі ғана нашар деу қисынсыз. Бұл жағынан алғанда оңған банк жоқ. Әшейін оның ("Астана Банкінің" - ред.) әкімшілік ресурстары жоқ. Жалпақ тілмен айтсақ, "қолдаушысы" жоқ. Бұнымен біте қоймас, басқаларға да сондай күн туып тұр, - дейді Әлібаев.
Экономист банк жүйесінде болып жатқан оқиғалардың бәрі жүйенің беделіне нұқсан келтірмейтінін, себебі "беделі онсыз да төмен болғасын түрлі инвестор қазақстандық банк жүйесіне қызықпайтынын" айтады.
Қазақстандық банк жүйесін билік 2000 жылдардың ортасына дейін, банк дағдарысына тап болғанша ТМД елдеріндегі ең үздік деп мақтанып келді. Содан бері банктерді құтқару үшін (оның ішінде 2009 жылы мемлекет меншігіне айналған "БТА банк" бар, оны кейін "Казкоммерцбанкке" қосты, екеуін кейін "Халық банкі" 2 теңгеге сатып алды) мемлекет миллиард доллар жұмсады. Бірақ бұндай бірігуден банк секторындағы мәселе шешіле қоймаған сияқты.
ПІКІРЛЕР