Accessibility links

The Insider мен The Bellingcat: "Руслан Боширов" – ГРУ полковнигі Анатолий Чепига"


Ұлыбритания әкелі-балалы Скрипальдарға жасалған қастандыққа күдікті санайтын "Руслан Боширов".
Ұлыбритания әкелі-балалы Скрипальдарға жасалған қастандыққа күдікті санайтын "Руслан Боширов".

Ұлыбритания билігі биыл наурызда Солсбери қаласында Сергей және Юлия Скрипальдарды улауға қатысты күдікті санайтын екі ресейліктің бірі "Руслан Бошировтің" шын аты-жөні – Анатолий Чепига, ол Ресей әскери барлауының (ГРУ) полковнигі әрі "Ресей қаһарманы" атағының иегері. Күдікке іліккен азаматтың жеке деректерін тексерген Bellingcat және Insider зерттеушілер тобы осылай дейді.

Зерттеуде Анатолий Владимирович Чепиганың 1979 жылы сәуірдің 5-і күні Ресей мен Қытай шекарасындағы Николаевка елдімекенінде дүниеге келгені және Қиыр Шығыс жоғары жалпы әскери командалық училищені үздік бітіргені айтылған. Бұл оқу орны ГРУ арнайы мақсаттағы тобына да офицерлер дайындаған.

Зерттеушілердің жазуынша, Чепига қызмет атқарған бөлімше екінші шешен соғысына қатысқан. 2014 жылы Чепигаға "бітімгершілік миссиясын орындағаны" үшін Ресей федерациясы қахарманы атағы берілген. 2014 жылы ол тек Украинадағы "бітімгершілік миссиясына" қатысқан болуы мүмкін деп жазады басылым. Зерттеушілердің айтуынша, Чепиганың бөлімшесі украин шекарасына жақын маңда болғаны байқалған.

Бұдан соң Анатолий Чепига Мәскеудегі Ресей Қарулы күштері бас басқармасының академиясын бітірген (ГРУ қызметкерлері арасында бұл оқу орнын "консерватория" деп те атайды).

Зерттеушілер "Бошировтың" кім екенін шетелде операциялар өткізетін ГРУ қызметкерлерін дайындайтын әскери училищелерді бітіргендердің арасынан анықтаған. 2001-2003 жылдары әскери оқу орнында оқығандардың Шешенстанда түсірілген суреттерінің бірінде келбеті "Бошировқа" ұқсаңқырайтын адам бейнеленген.

Кейін зерттеушілер әскери училище сайтынан тапқан "Ресей қахарманы" атағын алған түлектер тізімінде "Бошировтың" жасымен шамалас Анатолий Чепиганың да есімі бар. Ашық дерек көздерінен алынған ақпарат оның Шешенстанда қызмет атқарғанын дәлелдейді. Зерттеушілер 2014 жылғы "Ресей паспорты" жүйесінен алған көшірме дерек те бұл гипотезаны растайды.

Ұлыбритания билігі ресейлік екі азамат – "Руслан Боширов" пен "Александр Петровты" биыл наурызда Солсбери қаласында ГРУ-дың бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызы Юлияға қарсы жасалған қастандыққа күдікті санайды. The Bellingcat пен The Insider бірлесіп жүргізген зерттеуінде бұл екеуін ресейлік арнайы қызметтің өкілдері деп атаған.

Бұған дейін күдіктілер туралы The Bellingcat пен The Insider бірлескен зерттеуінде Ресей федералдық көші-қон қызметіндегі "Александр Петровқа" қатысты деректер жариялаған. Тек Ішкі істер министрлігі қызметкерлері ғана таныса алатын әлгі құжатта "Мәлімет берілмесін. Аса құпия" деген мөр басылған, ал ұлттық және шетелдік паспорттарды қашан алғаны, қай мекен-жайларда тіркеуде болғаны туралы еш мәлімет жоқ.

Қыркүйектің 15-і күні "Проект" басылымы "Руслан Бошировқа" ресейлік паспорт берілгені туралы құжат көшірмесін жариялады, онда да Петровқа қатысты құжаттағыдай мөр басылған.

Қыркүйектің 13-і күні Ресей үкіметі қаржыландыратын RT телеарнасы өздерін "Руслан Боширов" пен "Александр Петров" деп таныстырған екі адаммен өткізген сұхбатты жариялады. Ұлыбританияның Солсбери қаласында наурыз айында қандай мақсатпен болғандарын сұраған журналистің сауалына ол екеуі аталған қаладағы "12 метрлік шпилімен" белгілі "әйгілі шіркеуді" көру үшін турист ретінде барғандарын айтқан. "Біз - ортаңқол кәсіпкерлерміз" деген "Петров" пен "Боширов" Солсберидегі Скрипальдарды улау оқиғасына қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

"Петров" пен "Боширов": "Солсбериге шіркеуді көру үшін бардық"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:15 0:00

Соның қарсаңында Ресей президенті Владимир Путин "Петров" пен "Боширов" – қарапайым адамдар" деп мәлімдеген.

Ұлыбритания прокуратурасы "Петров" пен "Боширов" биыл наурыздың 2-і күні британ жеріне келгенде қолдарында ресейлік паспорттары болған, бірақ бұл олардың шын аты-жөні ме, ол жағы белгісіз деп санайды. Болжам бойынша, олар өздерімен бірге жасанды Nina Ricci иіссуы құтысына салып "Новичок" деп аталатын аса улы зат әкелген.


Наурыздың 6-сында Солсбери қаласында белгісіз заттан қатты уланған бұрынғы ресейлік барлау қызметінің агенті Сергей Скрипаль мен оған Мәскеуден қонаққа келген қызы Юлия Скрипаль ес-түссіз халде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оларды ажалдан алып қалған. Маусымның 30-ы күні Солсбериге жақын маңда тағы екі адам – британ азаматтары Дон Стерджесс пен Чарли Роули уланған. Полицияның болжамы бойынша, ресейліктер пайдаланғаннан кейін лақтырып тастаған иіссу құтысын тауып алған Чарли Роули оны Дон Стерджесске сыйлаған. Стерджесс қайтыс болған, удан зардап шеккен Роули дәрігерлердің бақылауында.

Лондон бұл төрт адам СССР тұсында жасалған "Новичок" уынан уланғанын айтып, Скрипальдарға қарсы жасалған қастандықты Кремльден көреді. Мәскеу бұған қатысы барын жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG