Accessibility links

Скрипальді улауға күдікті Қазақстанда болған


"Александр Петров" (оң жақта) пен "Руслан Боширов" RT телеарнасына сұхбат беріп отыр. Видеодан скриншот.
"Александр Петров" (оң жақта) пен "Руслан Боширов" RT телеарнасына сұхбат беріп отыр. Видеодан скриншот.

Батыс басылымдары Ресей Бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы агенті Сергей Скрипальдің өміріне қастандық жасаған деген күдікке іліккендердің ресейлік арнайы қызметке қатысы бар екенін көрсеткен тексеру туралы жазған. БАҚ-та күдіктілердің бірі Қазақстанда болғаны айтылады. Әлемдік баспасөз Шыңжаңдағы жағдайды назарда ұстап отыр, сарапшылар Қытайдың неліктен этникалық азшылыққа қысым жасайтынын білгісі келеді.

КҮДІКТІ "ПЕТРОВ" ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ ҮШІН КЕЛГЕН?

Британдық Telegraph газетінде "Сергей Скрипальдің "киллерлері" Черногория премьер-министрін өлтірмек болған ГРУ офицерімен байланыста болған" деген мақала жарық көрді. Онда бұрынғы барлаушы Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны биыл наурызда Солсбериде уламақ болған деген күдікке іліккен азаматтардың төлқұжат деректерін зерттеген Bellingcat және Insider зерттеушілер тобының қорытындысы туралы жазған.

Ұлыбритания билігі елге "Александр Петров" және "Руслан Боширов" деген атпен келген екі ресейлікті Скрипальді уламақ болды деп айыптаған еді. Лондон "олар ресейлік әскери барлау қызметкерлері" деп мәлімдеді. Мәскеу бұл айыпты терістеді, ал ресейлік үкімет қаржыландыратын RT телеарнасы әлгі екі ер адаммен өткізген сұхбатты көрсетті, олар Солсбериге туристік мақсатпен барғандарын, адам өміріне қастандық жасауға еш қатысы жоғын айтқан.

"Петров" пен "Боширов": "Солсбериге шіркеуді көру үшін бардық"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:15 0:00

Күдіктілер туралы ақпаратты зерттеген Bellingcat пен Insider "Петровтың" паспорттары берілген құжаттар көшірмесінде "с.с." деген белгі барын айтады, зерттеушілердің пікірінше оны "аса құпия" ("совершенно секретно") деп түсіну керек.

Құжатқа "Мәлімет берілмесін" деген мөр басылып, жеті саннан тұратын нөмір жазылған, ол телефон нөмірі болса керек. Бұл нөмірге бұрын қоңырау шалған ABN News Independent журналистері оның Ресей қорғаныс министрлігіне тиесілі екенін анықтаған. Бір қызығы, 2009 жылға дейін Ресей федералдық миграция қызметі базасында "Петров" туралы ақпарат жоқ.

"Александр Петровқа" паспорт берілгені туралы құжаттың көшірмесі.
"Александр Петровқа" паспорт берілгені туралы құжаттың көшірмесі.

Bellingcat және Insider зерттеушілері "Петров" пен "Бошировтың" паспорт нөмірлері 2016 жылдың қазан айында Черногорияда төңкеріс ұйымдастырмақ болған (бірақ олары іске аспаған) деп айыпталған ресейлік "Эдуард Широковтың" (Шишмаков) төлқұжат сериясымен және нөмірімен толықтай сай келгенін анықтаған, тек соңғы сандары ғана өзгеше екен.

Черногория билігі "Широковты" ресейлік ГРУ-ға жұмыс істеген деп күдіктенеді. Telegraph газетінің жазуынша, "Петров" пен "Боширов" соңғы екі жылда Женеваға бірнеше рет барған, Париж бен Амстердамда болып, Италияның Бергамо қаласына барған. Зерттеушілер "Петровтың" Қазақстанға да келгенін айтады.

2016 жылдың шілдесінде "Петров" Қазақстанға автобуспен келген, "билікке Пекинге бара жатқанда соқтым" депті, бірақ Қытай астанасы 3 мың мильден астам қашықтықта орналасқан". Бұдан соң оның қайда барғаны белгісіз. Қазақстанға келген соң 15 күннен кейін "Петровтың" Тель-Авивте жүргені мәлім, ол жақтан Мәскеуге ұшқан. Сапарының мақсаты анықталмады.

ҚЫТАЙДЫҢ "ИМПЕРИЯЛЫҚ АМБИЦИЯСЫ" ЖӘНЕ ШЫҢЖАҢ

Америкалық Wall Street Journal басылымы "Неліктен Қытай мұсылмандарды қатаң қысымға алып жатыр?" деген мақала жарялады. Онда "Марко Поло әлемінің оралуы: жиырма бірінші ғасырдағы соғыс, стратегия және Америка мүддесі" кітабының авторы Роберт Каплан Қытайдың батысындағы этникалық азшылыққа қарсы репрессия - "Пекиннің жаңа империялық саясатының негізгі бөлігі" деп жазады.

"Ұйғырлар мен қытайлар арасындағы қарым-қатынас бұрыннан нашар еді. Қытайдың жұмсақтық танытпау себебі – елің авторитарлық билігі этникалық бүліктен қорқады", - деп жазады Роберт Каплан.

Үш туысы Қытайда қамауда отырған жігіттің тағдыры:

Үш туысы Қытайда қамауда отырған жігіттің тағдыры
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

Оның пікірінше, өз жүйесін жабық ұстап отырған Қытай Орталық Азияға дипломатиясы мен экономикалық мүддесін тықпалайды. "Қытай аймақта ауқымды инфрақұрылым жобаларын жасап, бұрынғы Совет одағының түркілік мұсылман әлемін өзіне одақтас етуді көздейді, екінші жағынан Қытайдағы мұсылмандар көтеріліске шықпауы үшін оларды басқалардан оқшаулайды. Қытайдың шетелдегі әрекеті ішіндегі үрейімен байланысты", - деп жазады Роберт Каплан.

Британиялық Financial Times газетінде "Ұйғырларды басып-жаншуға қарамастан, Шыңжаңда инвестиция өсіп жатыр" деген мақала жарияланды, онда мұсылман тұрғындарды қысымға алуға қарамастан, инвестиция өсімі жақсы екені айтылған.

"2017 жылы ресурсқа бай батыс аймақта инвестиция өсімі негізгі капиталда 20 пайызға артты. […] Соңғы үш жылда, 2015-2017 жылдар аралығында Шыңжаңда кіріске қарағанда жалпы бюджеттік шығын өсімі байқалады, ол тиісінше 11,8 бен 4,6 пайызды құраған", - дейді Financial Times.

Мақалада негізгі шығын ауылшаруашылық, білімге, әлеуметтік қамтамасыз ету мен жұмыспен қамтуға және қоғамдық қауіпсіздікке бағытталғаны айтылған.

Өткен айда Қытай Шыңжаңда миллиондаған мұсылманды қамауға алғаны туралы деректі терістеді, бірақ БҰҰ комитеті "саяси қайта тәрбиелеу лагері" ретінде танымал жабық қамау орындары бар екенін "көптеген сенімді деректерге" сүйеніп, хабарлаған еді.

МЕЗГІЛГІЗ ҚАЗА КӨРСЕТКІШІ ЖОҒАРЫ ЕЛДЕР

Америкалық CNN жаңалықтар агенттігінің сайтында жарияланған "Қатерлі ісік пен өзге де созылмалы сырқаттарға қарсы күресте әлем тұрғындары жеңіліп жатыр" деген мақалада Imperial College London профессоры Маджид Эзаттидің баяндамасына сілтеме жасалған. Онда 2015 жылы БҰҰ құрамындағы 193 мемлекет қол қойған "Тұрақты даму мақсаттарының" әлемдік жетістігін талдайды.

Алматыдағы емханалардың бірінің дәлізі.
Алматыдағы емханалардың бірінің дәлізі.

Мақсаттардың бірі "тұрғындардың жақсы денсаулығы мен әл-ауқаты" болған, оған сай 2030 жылға дейін қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары аурулары, тыныс жолдарының созылмалы аурулары мен диабеттен мезгілінен тыс өлу санын қысқарту екен. Әлемдегі 10 өлімнің жетеуіне осы дерт түрлері себеп болады.

Баяндама деректері бойынша, Қазақстан мақсатқа жетуге мүмкіндігі бар елдер санатына қосылған. Бірақ қазір Қазақстан ер адамдар арасында осы сырқаттан мезгілінен бұрын өлу көрсеткіші бойынша әлемде ең соңғы позицияда, Ресей мен Түркіменстаннан кейін 184-орында тұр. Тізім басында Исландия, Швейцария және Швеция тұр екен.

Америкалық New York Times газетінде "Сарапшылар туберкулездің жасырын өту кезеңі қатты тарамаған деп санайды" деген мақала жарияланды, онда BMJ журналында жарияланған зерттеу туралы айтылады.

"Туберкулездің белсенді формасына шалдыққан әр адам ауру жұқтырған соң екі жылдан кейін өледі. Латенттік инфекция ашық формаға өтуі өте сирек, тіпті қарияларда да ондай кездесе қоймайды", - делінген мақалада.

Туберкулез дертіне шалдыққан науқас өкпесінің рентген суретін қарап отыр.
Туберкулез дертіне шалдыққан науқас өкпесінің рентген суретін қарап отыр.

Туберкулездің белсенді формасынан күн сайын 4000 адам өледі. Бұл ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққандар арасындағы қаза санынан да көп. Сарапшылардың бағалауынша, 1,7 миллиардқа жуық адам туберкулездің латенттік формасын тасымалдаушылар, бірақ "бұл цифр нақты қауіпті тым әсірелеп көрсетеді" дейді автор.

Көбіне туберкулездің дәріге бой бермейтін түрі қауіпті, ондай жағдайлар Үндістан, Қытай мен Ресейде көп кездеседі. Мақалада "сәтті емдеудің ғаламдық көрсеткіші" төмендегеніне алаңдайды, 2013 жылы 86 пайыз болса, 2016 жылы 82 пайызға түскен.

"Дәріге бой бермейтін түрін емдеп жазу көрсеткіші 55 пайыздан аз, бірақ Бангладеш, Эфиопия, Қазақстан, Мьянма және Вьетнам сияқты салыстырмалы түрде кедей мемлекеттер орташа көрсеткіштен жоғары нәтиже көрсетті", - деп жазады New York Times.


БАЙҚОҢЫР МЕН АЛМАТЫ МЕТРОСЫ

Ұлыбританиялық Telegraph газетінде жарық көрген "Қала зерттеушісі ұмыт қалған советтік ғарыш кемесінің қалдығын суретке түсірді" атты мақалада Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағының ескі ангарында түсірілген Андрей Гиланның суреттерін жариялапты.

Байқоңырдағы ұшу алаңында тұрған "Союз МС-07" зымыраны. Қызылорда облысы, желтоқсан, 2017 жыл.
Байқоңырдағы ұшу алаңында тұрған "Союз МС-07" зымыраны. Қызылорда облысы, желтоқсан, 2017 жыл.

"Бір рет қана ұшқышсыз ұшқан алғашқы советтік ғарыш шаттлы 2002 жылы жойылды, оны сақтаған ангар қирап қалды; екінші шаттл мен оның сынақ макеті қол тимеген күйі тұр, енді өмір сүрмейтін мемлекеттің жетістігін көрсету үшін сақтап қойғандай", - делінген мақалада.

Алматы метросы ресми ашылған алғашқы күні. 1 желтоқсан 2011 жыл.
Алматы метросы ресми ашылған алғашқы күні. 1 желтоқсан 2011 жыл.

Америкалық New York Post газетіндегі "Әлемнің ең әдемі метро станциялары" атты фотогалереяда алматылық жерасты жолы да бар екен. "Алматы метрополитені – Қазақстандағы ең алғашқы метрополитен, 23 жыл салынып, 2011 жылы ашылды (Нью-Йорктегі Second Avenue жаңа метросын салу үшін жүз жылдан көп уақыт кеткенін ескерсек, жаман көрсеткіш емес).

Ұлттық стильдегі өнер туындылары, мәрмар едендер, люстралар мен қола барельефтер көшпелі өмір көріністерін бейнелейді, оның бәрі терминалдың алып туындысы: дәстүрлі қазақ үйлену тойын сипаттайтын әдемі мозаикаға апарады", - деп жазады New York Post.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG