Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының 28 жастағы тұрғыны Азиза Махмудова (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) ауыл емханасындағы дәрігерлердің жолдамасымен облыстық онкологиялық диспансерге емделуге келген. Оның сөзінше, дәрігерлер оған «жатыр мойны эрозиясы» деген диагноз қойған.
ПАЦИЕНТ ҮМІТІ
- Толық тексеруден өтіп едім. Енді «жатырдың мойнында пайда болған жараны күйдірмесең, асқынып, ісікке айналады» деген соң осында келдім. Бұл жердегі дәрігерлердің де кеңесін алсам деп кезек күтіп отырмын, - дейді ол.
Азиза Махмудовамен бірге облыстық онкологиялық диспансерде дәрігерден кеңес алу үшін кезек күтіп отырған Қазығұрт ауданының 21 жастағы тұрғыны Назерке (толық аты-жөнін айтудан бас тартты – ред.) диагнозы - «аналық без ісігі». Бұл ауруды дәрігерлер бойынан екі жыл бұрын анықтаған. Тіркеуге алынып, қазір емделіп жүр. 19 жасында тұрмысқа шыққан жас әйел жарты жылдан соң іші шығып, жүкті болдым деп ойлаған. Тексеруден өткен кезде ісік екені белгілі болған.
Бір білгенім онкологиялық аурудың кез-келгенін қанша тез анықтап, ем қабылдасаңыз, сонша өмір сүруге үміт көп екен
- Екі жылда алты курс ем қабылдадым. Химиотерапия да алдым. Ісік қайдан пайда болғанын анықтай алмадық. Ендігі бар үмітім – дәрігерлерде. Тұрақты түрде ем қабылдасаңыз, екі жылда бала көтересіз деген. Соны күтіп жүрміз, - дейді Назерке.
Дәрігердің қабылдауынан шыққан Шымкентте тұратын 60 жастағы әйел осыдан 15 жыл бұрын «жатыр мойны ісігі» дертіне шалдыққанын айтады. Оның сөзінше, 45 жасында дәрігерлер жатыр мойнында жара шыққанын айтып емдеген.
- Сол жараны дұрыс емдемеді ме, көп өтпей ісік пайда болды. Cол кезде айлап жатып емделдім. Емнің барлық курсынан өттім. Қазір ауруды сезбеймін. Тек жылына екі рет тексеріліп тұрамын. Бір білгенім - онкологиялық аурудың кез-келгенін қанша тез анықтап, ем қабылдасаңыз, сонша өмір сүруге үміт көп екен, - дейді аты-жөнін айтпауды өтінген әйел.
Азаттық тілшісі облыстық онкологиялық диспансерге барған кезде дәрігердің қабылдауын күтіп отырған, тіркелу бөлімінде кезекте тұрған тұрғындар көп болды. Олардың жас шамасы да әртүрлі, еркектерден қарағанда әйелдер басым. Көбінің әңгімелесуге зауқы болмады, аты-жөнін айтудан бас тартты.
«ЕСЕҢГІРЕП ҚАЛАТЫНДАРДЫҢ АХУАЛЫ ҚИЫН»
Диспансер психологы Қымбат Аршабекова диагнозын естігенде есеңгіреп қалатын науқастарды көп көреді.
- Жылайды, «онкология» деген атынан қорқатындар бар. Кейбір науқастар бәрін түсініп, қабылдайды. Бұл жерде есеңгіреп қалатын науқастардың психологиялық ахуалы қиын болады. Олардың ойында «Өлеміз бе?» деген сұрақ тұрады. Алғашқы сөзі: «Бітті, өміріміз осымен тоқтады» дейтіндер де бар. Қатты қайғырып, жылап келетін науқастар да бар. Шындығында көп науқас диагнозын дұрыс қабылдамайды, - дейді маман.
Психолог әуелгі қиындықтан өткен науқастардың емделуге бейім екенін айтады.
Скринингтен өту жүйеленген соң онкологиялық аурулардың саны да артқан. Әсіресе, бірінші және екінші сатыдағы аурулар көп.
Қымбат Аршабекованың сөзінше, қатерлі ісік ауруына шалдыққандардың ішінде жастар да бар.
- Мысалы, тұрмыс құрмаған 25 жастағы қыз жатыр мойны ісігі диагнозымен келді. Ол әлі қандай ауруға шалдыққанын түсінбей тұр. Хабары жоқ, - дейді ол.
Диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Дәулетбек Жұмағали Азаттыққа соңғы жылдары онкологиялық ауруға шалдыққан тұрғындардың саны артқанын, әрі жасарғанын растады. Оның сөзінше, гигиенаны сақтамау мен жүкті болмаудың күмәнді амалдарын қолдану қатерлі ісік ауруына соқтыратын басты себептерге жатады.
- Қазіргі таңда 13 мыңнан аса тұрғын диспансерде тұрақты тіркеуде тұр. Оның ішінде мыңнан аса адам жатыр мойны ісігіне шалдыққан. 2017 жылдың өзінде жатыр мойны ісігімен 234 адам жаңадан тіркелді. Олардың жас шамасы 29-54 жас аралығында, - дейді бас дәрігердің орынбасары.
Дәулетбек Жұмағалидің сөзінше, емханаларда скринингтен өту жүйеленген соң онкологиялық аурулардың саны да артқан. Әсіресе, бірінші және екінші сатыдағы аурулар көп. Бұрын жылына орташа есеппен 100 адамның қатерлі ісік ауруына шалдыққаны анықталса, қазір бұл көрсеткіш 200-ден асқан.
- Ісік бірінші және екінші сатысында табылса, оны емдеуге 80 пайыз кепілдік бар. Бұл сатыдағы әрбір науқасқа мемлекет 5 миллион теңге бөледі. Ал үшінші және төртінші сатыдағы әр науқасқа 25 миллион теңгеден аса қаражат бөлінеді. Жылына біз 9 мың адам емдейміз. Олардың тең жартысы үшінші және төртінші сатыдағы ісік ауруына шалдыққандар, - деді ол.
Бір ескеретін жайт – қатерлі ісік ауруына шалдығып, аурудың белгілері нақты көрініп тұрса ғана науқас тегін емделеді. Егер бұл ауруға шалдыққаны күдік тудырса, пациенттер диагноз қойылғанша ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр.
- Анализ қатерлі ісік ауруына шалдыққанын дәлелдегенше ақылы екені рас, - деді Дәулетбек Жұмағали.
Облыстық денсаулық сақтау мамандарының мәліметінше, 2000 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында қатерлі ісікке шалдыққан төрт адамның бірі ғана 5 жыл өмір сүріп, қайтыс болатын, қазір мұндай екі адамның бірі 5 жыл өмір сүреді. Облыста жылына қатерлі ісік ауруына шалдыққан шамамен үш мың адам жаңадан тіркеледі, 1400-ден аса науқас қайтыс болады. Жатыр мойны эрозиясынан бөлек асқазан, бауыр, ұйқы безі, өкпе, өңеш қатерлі ісігінен қайтыс болатындардың да саны өсіп келеді.