Accessibility links

Өскемен тұрғындары экология нашарлай түскеніне наразы


Түтін басқан Өскемен қаласы. 6 қараша 2014 жыл.
Түтін басқан Өскемен қаласы. 6 қараша 2014 жыл.

Өскемен тұрғындары қала ауасының ластанып, тыныс алудың жылдан жылға қиындап бара жатқанына шағымданады. Ал қала басшылығы қолдан келген шараларды атқарып жатқанын айтады.

Өскемен қаласында тұратын 44 жастағы Гүлнар Назарбекова тыныс жолдарының бірнеше ауруына (демікпе, гайморит) шалдыққан. Дәрігерлер оған қаладан ауылға көшуге кеңес берген. Бірақ Гүлнар Назарбекова «ауылда жұмыс жоқ» деп, Өскеменнен көшпейтінін айтады.

- 1998 жылы отбасыммен ауылдан Өскеменге көшіп келдік. Алты жылдан кейін демікпе ауруына шалдықтым. Ауа қатты ластанған кезде тыныс алуым қиындап кетеді. Дәрігерлер «Өскеменнің экологиясы денсаулығыңызға келмейді, ауылға көшіңіз» деді. Бірақ үйдегілердің барлығы қалада жұмыс істейді, ауылға көшпей отырмыз, - дейді ол.

«АУА ГАЗ САСЫП ТҰРАДЫ»

Өскемендік зейнеткер Бәтима Темірханова да Азаттық тілшісіне «зауыттар түнде ауаға қалдық шығарғанда қан қысымы көтеріліп кететінін» айтты. Оның сөзіне қарағанда, «желсіз күндері қала іші тұманданып, түтін басып кетеді». 70 жастағы Өскемен тұрғыны немерелерін «ыс тиіп, аурып қалады» деп аулаға ойнауға көп шығармайды.

Өскемен тұрғыны Бәтима Темірханованың немересімен түскен суреті. Өскемен. 2 қараша 2014 жыл.
Өскемен тұрғыны Бәтима Темірханованың немересімен түскен суреті. Өскемен. 2 қараша 2014 жыл.

- Өскеменде 10 жылдан бері тұрамын. Ауа түтін, газ сасып тұрады. Түтін қоюланған күні қан қысымым көтеріледі. Жел соқса деп тілеп отырамыз. Жел соқпаса, тынысым тарылады. Кейінгі кезде зауыттар қалдықтарды түнде шығарып жүр. Таңертең тұрғанда үйде ыстың исі мүңкіп тұрады. Біз қартайдық қой, мен немерелерімнің денсаулығына алаңдаймын, - дейді Бәтима Темірханова.

Қыркүйек айында Өскемен қаласы прокуратурасының экологиялық қызметі экологиялық ахуалдың нашарлауынан Өскеменде түрлі ауруға шалдыққан тұрғындар санының жылдан жылға көбейіп бара жатқанын мәлімдеді.

Прокуратураның биыл тамыз айында жариялаған есебінде «Өскеменде артроз, тиреотоксикоз, гипертония, жүрек-қан тамыр аурулары, демікпе, холецистит, панкреатит, гайморит сияқты аурулар көп. Онкологиялық ауруға шалдыққан қала тұрғындарының саны азаймай тұр. 2013 жылы Өскеменде 1 мың 100 адам онкологиялық аурудан қайтыс болды. Онкологиялық сырқаттар бойынша Өскемен Қазақстанда 2-орында тұр» деп жазылған.

«БИЫЛ ЛАСТАНУ ИНДЕКСІ ҚАЙТА КӨБЕЙДІ»

Қоғамдық белсенділер, соның ішінде экологиялық ұйым өкілдері бұл мәселені қалалық маслихат, әкімдік алдында талай рет көтеріп, үкіметтен Өскеменге экологиялық апат аймағы дәрежесін сұрағандарын айтады. Жергілікті эколог Елена Малих Азаттық тілшісіне:

Үлбі металлургия комбинаты қызметкері атом электростанциясына арналып жасалған отын таблеткасын көрсетіп тұр. Өскемен, 10 мамыр 2004 жыл. (Көрнекі сурет)
Үлбі металлургия комбинаты қызметкері атом электростанциясына арналып жасалған отын таблеткасын көрсетіп тұр. Өскемен, 10 мамыр 2004 жыл. (Көрнекі сурет)

- Өскемендегі ең ірі төрт зауыт - Үлбі металлургиялық зауыты, Титан-магний комбинаты, «Согра» және «Қазмырыш» зауыттары жылына 60 тонна зиянды қалдық бөледі. Демек, қаланың әр тұрғыны жылына екі центнер у жұтады. Мұндағы ауа құрамында азот диоксиді, күкірт, көміртегі, фенол сияқты зиянды заттар бар. Бұл элементтер тыныс және несеп жолдарының, терінің, басқа да органдардың түрлі ауруларына себеп болады. Қазір жұмыс істейтін тұрғындар 2 мың 500 теңгедей экологиялық жәрдемақы алады (Жұмыс берушіге міндеттелген төлем – ред.). Бұл бір дәрінің құнына да жетпейді, - дейді.

Экология белсенділерінің 2013 жылы Қазақстан қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жазған, экологиялық жәрдемақы мөлшерін көбейту және Өскеменге экологиялық апат аймағы дәрежесін беру туралы ұсыныстарына әлі жауап келмеген. Министрлікке хабарласқан Азаттық тілшісінен ведомство өкілі жазбаша сауалхат жіберуді талап етті.

Қалалық статистика департаменті мен «Қазгидромет» орталығының біріккен зерттеуі бойынша, Өскемен зауыттарынан бөлінген қалдықтар көлемі 2010 жылы - 62,9 тонна, 2011 жылы – 61,47 тонна, 2012 жылы – 61,54 тонна, 2013 жылы – 55,88 тонна болған.

«АУАНЫ ТАЗАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР»

Ал Өскемендегі қоршаған ортаға мониторинг жүргізетін, әкімдікке қарасты «Экологиялық қауіпсіздік орталығының» директоры Геннадий Корешковтың айтуынша, 2014 жылы қаладағы ауаның ластану көрсеткіші қайта көтерілген.

Өскемендегі «Экологиялық қауіпсіздік орталығы» директоры Геннадий Корешков. (Сурет орталықтың ресми сайтынан алынды)
Өскемендегі «Экологиялық қауіпсіздік орталығы» директоры Геннадий Корешков. (Сурет орталықтың ресми сайтынан алынды)

- Өскеменде 2013 жылы ауаның ластану индексі 7,6 болған. Ал 2014 жылы қаңтар мен қыркүйек арасында бұл көрсеткіш 9,6-ға көтерілді. Бірақ зауыттарда ауа ластануын шектейтін аппараттар орнатылып, көгалдандыру шаралары қарқынды жүріп жатыр. Жақында қалалық әкімдік зауыттарға зиянды қалдықты азайтуды тағы ескертті. Зауыттар енді қалдықтарды залалсыздандыратын жаңа технологиялар сатып алмақ, - дейді Корешков.

​Әкімдіктің мәлімдеуінше, «Өскеменде экологиялық жағдайды бақылайтын 13 тұрақты пост бар. Оның тоғызы қала ауасын ластайтын химиялық зиянды заттарды бақыласа, 1 құрылғы радиациялық жағдайды қадағалайды.

Өскемен қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы дерекке қарағанда, өндірістің зиянды қалдықтары ауаны ғана емес, топырақ қабаты мен жерасты суларын да ластайды. Өскемендегі өндірістік қалдықтарды көметін жеті орынды бақылап отырған әкімдік «топырақ пен судың былғану деңгейі залалсыздандыру шараларының арқасында ауаның ластану көрсеткішінен төмен болып отыр» деп жазады.

Қалалық әкімдік мәліметі бойынша, 2014 жылы облыстық бюджет табиғатты қорғау шараларына - 696,8 млн теңге, осындағы табиғатты пайдаланушы ірі зауыттар 872,04 млн теңге бөлген.

Өскемен қаласында 321 мың 514 адам тұрады.

XS
SM
MD
LG