Accessibility links

Әлемде сегіз адамның бірі лас ауа кесірінен көз жұмады


Алматының түтіні. (Көрнекі сурет)
Алматының түтіні. (Көрнекі сурет)

Қазақстандықтар арасында тыныс алу органдары аурулары көбейіп келеді. Дәрігерлер мұны жайсыз экологиялық ахуалмен байланыстырады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) жуырда жариялаған дерегіне қарағанда, әлемде сегіз адамның бірі лас ауаның кесірінен қайтыс болады. 2012 жылы лас ауаның әсерінен жер жүзінде 7 миллионға жуық адам қайтыс болған.

41 ПАЙЫЗ

Өскемен қаласының тұрғыны Тамара Воронина (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) желсіз тымық күндері далаға шықпауға тырысатындарын айтады.

- Өйткені ауада улы заттар көп болады. Тыныс алуың қиындап кетеді. Біз мына ғимараттың жетінші қабатында жұмыс істейміз. Қашан қарасаң да қала үсті қара түтінге бөгіп тұрғанын көресің. Таза ауа мүлде жоқ, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Қазақстан статистика агенттігі дерегінше, 2012 жылы азаматтарға қойылған алғашқы диагноздың 41 пайыздан көбі тыныс жолдары ауруларына байланысты болған. Туберкулезбен ауыратын науқастардың 49 пайызы – 18-34 жас аралығындағы жастар.
Ақтөбе қаласындағы түтін. (Көрнекі сурет)
Ақтөбе қаласындағы түтін. (Көрнекі сурет)
ДДСҰ мәліметтерінше, ауа ластануына байланысты жүректің ишемиялық ауруы мен инсультке (40 пайыз), өкпенің созылмалы обструктивтік сырқатына (11 пайыз), өкпе рагына (6 пайыз), балалардың төменгі тыныс алу жолдарының жедел инфекциясына (3 пайыз) шалдығып, қайтыс болғандар саны көбейген.

«Қазгидромет» агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан қалаларының ауа бассейнінің ластану деңгейін бақылау нәтижелеріне сәйкес, қаңтар айында ауаның ең жоғарғы ластану көрсеткіші Алматы қаласында тіркелген. Ауаның ластану деңгейі жоғары қалалардың ішінде Қызылорда, Шымкент, Теміртау, Өскемен, Қарағанды, Тараз бар.

«БАЛАЛАРДЫ ДАЛАҒА ШЫҒАРМАЙМЫЗ»

Бұл қалалардың ауасын не ластайды? Алматы қаласында – энергетика және автотранспорт; Шымкентте – түсті металлургия, химиялық және мұнай өңдеу өнеркәсібі; Теміртауда – қара металлургия мен химия өнеркәсібі; Өскеменде – түсті металлургия және энергетика. Алматы қаласында формальдегид, көміртегі тотығы, азот диоксиді сияқты ауада жиналатын улы заттар қоспасы шекті шамадан жиі асып кетеді.

- Сыртқа шығып қарасаң, қаланы қара түтін тұмшалап тұрғанын көресің. Ажалы жетіп қайтыс болған кәрі әйелдің өкпесінің Facebook-та жарияланған суретін көрдім. Әйелдің өкпесі қарайып кеткен. Бала кезімнен аллергиямен ауырамын, жаз кезімнен лас ауадан, әсіресе улы газдардан қатты тұншығамын. Далаға шықсам бітті - қиналамын, - дейді Алматы қаласының тұрғыны Қазбек Қаушыбаев.

Өскеменде тұратын Тамара Воронинаның айтуынша, желсіз, тымық күндері билік «метеорологиялық жағдай жайсыз» деген ақпарат береді. Мұндай хабар алған күндері Өскеменнің бала бақшалары балаларды серуенге шығармайды.

Алматының үстіндегі түтін. (Көрнекі сурет)
Алматының үстіндегі түтін. (Көрнекі сурет)
Оралдық дәрігер Хамит Ералин: «Қазір жүкті әйелдердің көбі мерзімінен ерте босанып қалатынын байқап жүрмін. Тыныс алу жолдарының гайморит, синусит, аллергия және тыныс органдарының қабынуы сияқты аурулары көп. Мұның бәрін нашар экология мен лас ауа қоздырады. Жүрек-қан тамырлары, инсульт, жүректің ишемиялық ауруы сияқты дерттердің себебі де лас ауа» дейді.

Қазір ДДСҰ ауаны тазарту арқылы ауа мен денсаулық сапасын жақсартудың жаһандық платформасын дайындап жатыр. ДДСҰ-ның бас директорының отбасы, әйелдер мен балалар денсаулығы мәселелері жөніндегі көмекшісі, доктор Флавиа Бустрео «ауаны тазарту жұқпалы емес аурулардың алдын алады, әйелдер, балалар мен қарт адамдар сияқты әлсіз топтардың ауруға шалдығу қаупін азайтады» дейді.

ДДСҰ көп ұзамай бөлме іші мен үй шаруашылығындағы ауа сапасына қатысты басшылыққа алынуы тиіс нұсқауларды жариялауды жоспарлап отыр. Ұйым әлем елдері бойынша лас ауаның әсері мен оның өлімге ұшырату қарқынын және әлемнің 1 мың 600 қаласындағы ауа сапасына қатысты жаңартылған ақпаратты да жарияламақ.

(Мақаланы әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты)
XS
SM
MD
LG