Accessibility links

Ресейдің көк түтіні Ақтөбеге де жетті


Тұмылдырық киген қыз. Мәскеу. 4 тамыз 2010 жыл.
Тұмылдырық киген қыз. Мәскеу. 4 тамыз 2010 жыл.

Бірнеше күн Ақтөбе төңірегін қою түтін торлап алды. Жергілікті экологтар мұны Ресейден келген өрттің лебімен байланыстырады. Сонымен қатар зауыт түтіні мен Ақтөбе алқаптарындағы өрт те назардан тыс қалып отырған жоқ.

Ақтөбелік экологтардың айтуынша, бұл - көршілес Ресейдің өртенген орманының түтіні. Ақтөбе Ресейдің бұған дейін 300-дей өрт шығып, аса қауіпті аумақ деп жарияланған Ор және Орынбор облыстарымен шектеседі. Ақтөбе облыстық Тобыл-Торғай экология департаментінің бас кеңесшісі Жаслан Бетмухамбетов Азаттық радиосы тілшісімен сөйлескенде мұндай тосын құбылыстың Ресейдегі өртке байланысты екенін айтты.

- Өткен аптада даланы қою түтін басып кетті. Кейін біртіндеп тарады. Тек өрттен пайда болды деп үзілді-кесілді айтпаймын. Оның бірнеше себебі бар. Әрине, көршілес Ресейдегі сансыз өрттің де әсері бар.

Ақтөбеден Орға дейін - 150 шақырым, ал Орынбор қаласына дейін – 275 шақырым.

- Қазір ол жақ өртеніп жатыр. Оның түтіні біздің жаққа да жетеді, - дейді Жаслан Бетмухамбетов, - Жел соқса, бірден қаптайды. Жұрт айтып жүргендей, бұл зауыттың түтіні емес, Ресейдегі өрттікі. Өзіміз жақтағы өрттің де әсері бар. Бұған зауыттардың қатысы жоқ.

Түтінді қала тұрғындары да байқады. Әсіресе, көлік жүргізушілер алыстағы нәрсе көрінбейтін болды деседі.

- 15 метрден ары көрінбейді, - дейді таксист Мансұр Имжаров, - Мұндай түсініксіз тұман қаланың кез-келген жағында бар. Зауыттың түтіні ме деп ойлап қоямын. Биіктен қарағанда бүкіл қаланы түтін құрсаулап алғанын көрдім. Немене, Ресейдегі өрт бізге де жеткен бе?

- Мұндай ауа райы қажытып жібереді. Жел тұрмай, тұман жапқан соң таныстарымның біразының қысымдары көтеріліп, мең-зең болып жүр, - дейді зейнеткер Любовь Никитина. – Қаланың еңсесін бірдеңе басып тұрған сияқты. Ыс иісі жоқ, бірақ қою түтін қаптайды.

Синоптиктердің айтуынша, бұл түтіндеген құбылыстың Батыс Қазақстанды түгел қамтыған, 3-4 шақырым биіктіктегі жоғары ауа ағысына қатысы бар. Облыстағы ауа температурасы үш айдан бері 35-40 градустан төмендеген емес. Ең жоғарғы шегі Ақтөбе облысының оңтүстігінде тіркелді. Термометр бағаны +42 градусты көрсетті.

– Облыс бойынша ауа қысымы жоғары. Оған қоса желдің жылдамдығы секундына 1 метр деген – тым аз, – дейді Ақтөбек гидромед орталығының аға синоптигі Айгүл Сайымов, – Жел соқпаған соң Ақтөбедегі зауыттардың түтіні қаланы құрсап қалды. Оған қоса дала өрті де көп. Әзірше мұны Ресейдегі өрттің әсері ме, жоқ па дегенді айта алмаймын.

Түтінді алқаптағы өртке тиісті етіп көрсеткісі келгендер де ақтөбеліктердің көңілдерін көншітер дәлел емес. Өйткені ауаның ластануы бойынша Ақтөбе – республика бойынша алдыңғы орындардың бірін иеленеді. Экология департаментінің ресми дерегіне жүгінсек, бұл өңірдегі ауаның ластану индексі 8,5 пайыздан 10 пайызға дейін артқан. Ал қалыпты өлшем 5 пайыздан аспауы керек.
XS
SM
MD
LG