Қазанның 16-сы күні Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасы "Темірқазық-ой" қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Анаркүл Сүлееваға қатысты Әл-Фараби аудандық соты шығарған үкімін жеңілдетті. Бұл туралы Азаттыққа Анаркүл Сүлееваның өзі хабарлады.
Апелляциялық сот Қылмыстық кодекстің "Жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу", "Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату" бабы бойынша айыптауды толық жойып, бас бостандығын екі жарым жылға шектеу және үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салу жазасын жойды.
Шымкент қалалық сотының судьясы, апелляциялық алқа мүшесі Наурызбай Әуезовтың Азаттыққа айтуынша, Анаркүл Сүлееваға "бұзақылық" бабы бойынша кесілген екі жарым жыл бас еркіндігін шектеу жазасы рақымшылық актісіне сай жойылғанын айтты. Журналист "Жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу" бабы бойынша кінәсіз деп танылған.
Журналист апелляциялық сот шешімімен келіспейтінін, кассациялық шағым түсіретінін айтады.
- Сот "бұзақылық" бабы бойынша айыпты деп тапты. Бұл айыппен келіспеймін. Кассациялық шағым түсіремін. Сонымен бірге, бірнеше бап бойынша үстімнен іс қозғатып, алты айдан аса қамауға отыруға мәжбүр еткен тергеуші мен прокурордың үстінен бас прокуратураға шағымданамын, - деді ол.
Биыл шілденің 11-і күні Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты Анаркүл Сүлееваға үкім шығарған. Анаркүл Сүлееваны" көрінеу жалған ақпарат таратты", "өзге адамның жеке өміріне қол сұқты" және "порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз таратты" деп айыптап, бас бостандығын екі жарым жылға шектеу туралы үкім шығарған. Сот сонымен қатар оған үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салған. Журналист "адам ұрлау" бабы бойынша ақталған.
Бұл іс бойынша тағы бірнеше журналист сотталған.
Сотталушыларға әуелде Қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі ("Жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу") , 125-бабының 2-бөлігі ("Адам ұрлау"), 274-бабының 3-бөлігі (Көрінеу жалған ақпарат тарату"), 293-бабының 2-бөлігі ("Бұзақылық"), 311-бабымен ("Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату") айып тағылған. Жәбірленуші ретінде ауыл имамы танылған. Имам аты-жөнін жариялауға тыйым салған. Тергеу дерегінше, сотталушылар "ауыл имамын шешіндіріп видео түсіріп, таратқан".
ПІКІРЛЕР