Accessibility links

Судья жарыссөзде Ескендір Ерімбетовтің сөзін тоқтатты


Ескендір Ерімбетовтің үстінен "алаяқтық" ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде сот залының дәлізінде тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 22 қазан 2018 жыл.
Ескендір Ерімбетовтің үстінен "алаяқтық" ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде сот залының дәлізінде тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 22 қазан 2018 жыл.

Алматыда бизнесмен Ескендір Ерімбетов пен бір топ адамның үстінен "алаяқтық" ісі бойынша өтіп жатқан соттың жарыссөзінде судья Тәкен Шәкіров Ерімбетовтің сөзін үзіп, сотталушыларға соңғы сөз беріп жіберді. Бұдан соң судья кеңесу бөлмесіне кетіп қалды.

Жарыссөзде Ескендір Ерімбетовтің адвокаты Игорь Лифшиц сөйледі. Одан кейін Ерімбетовтің анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Ғайни Ерімбетова, әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Мәдина Ерімбетова сөйледі. Қорғаушыларының барлығы Ерімбетовтің кінәсіз екенін мәлімдеп, соттан оны ақтауды сұрады.

Осыдан кейін судья жарыссөзде Ескендір Ерімбетовтің өзіне сөз берді. Алайда шамамен жарты сағаттан соң судья Шәкіров оның сөзін тоқтатып, ары қарай сөйлеуіне тыйым салды. Судьяның сөзінше, сотталушы "мәнсіз сөйлеп", алдыңғы айтқандарын қайталап кеткен. Судья мұның алдында Ерімбетов 2017 жылы қарашада қамалғаннан кейін өзін азаптағаны туралы және қарындасы Бота Жәрдемәлі мен бұрынғы банкир әрі Астананың саясатын сынайтын Мұхтар Әблязов туралы айта бастағанда оның сөзін бірнеше рет бөлген.

Сотта басқа сотталушылар да соңғы сөздерін айтты. Сотталушы Михаил Зоров кінәсін мойындайтынын және тергеу кезінде берген жауабынан танбайтынын мәлімдеп, соттан өзін ақтауды сұрады. Дмитрий Пестов пен Василина Соколенко өздерінің кінәсіз екендерін айтып, соттан өздерін ақтауды өтінді. Ескендір Ерімбетов өзінің ғана емес, басқа да сотталушылардың, оның ішінде Михаил Зоровтың да кінәсіз екенін айтты.

Сотталушылар сөйлеген соң судья Шәкіров кеңесу бөлмесіне кететінін айтып, сот үкімі 22 қазан күні кешке қарай жарияланатынын хабарлады.

Сот процесіне құқық қорғаушы, америкалық Perseus Strategies заң фирмасының жетекшісі Джаред Генсер бақылау жасап отыр.

19 қазанда басталған жарыссөзде прокурор тергеу мен сот сотталушылардың кінәсін толық дәлелдегенін мәлімдеп, Ескендір Ерімбетовті жеті жылға соттауды, Sky Servise компаниясының бұрынғы президенті Михаил Зоровты бес жыл шартты мерзімге, Sky Servise компаниясы директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Дмитрий Пестовты алты жылға, осы компанияның бұрынғы қызметкері Василина Соколенконы бес жылға соттауды сұраған. Прокурордың сөзінше, 47 жастағы Ескендір Ерімбетов пен Михайл Зоров, 43 жастағы Дмитрий Пестов және 39 жастағы Василина Соколенко "2010-2017 жылдары мемлекеттік кәсіпорын мен квазимемлекеттік мекемеден алдын ала сөз байласып, сеніміне кіру және алдау арқылы аса ірі көлемде қаржы жымқырған".

Ерімбетов 2017 жылдың қараша айынан бері қамауда отыр. "Алаяқтық" бабы бойынша іс 14 маусымда басталған. Ал "ақша жылыстату" туралы екінші айыпқа қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Екінші істе қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов пен Ерімбетовтің қарындасы, Әблязовтің заңгері болған Бота Жәрдемәлінің аттары аталған.

Кейбір құқық қорғау ұйымдары Ескендір Ерімбетовке байланысты істің саяси астары бар деп мәлімдеген. Қазақстан билігі бұл мәлімдемені теріске шығарады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG