БҰҰ әлемнің кем дегенде жиырма елінде кең тараған тәжірибе – әйелдердің пәктігін тексеруге тыйым салуға шақырды.
"Настоящее Время" сайты қайғылы оқиғамен аяқталған бірнеше некелесу оқиғасын мысалға келтіреді.
Әлеуметтік ғылымдар саласындағы философия докторы Анна Темкина "Некеге дейінгі пәктік: қазіргі Армениядағы гендерлік тәртіптің мәдени коды" атты кітабында барлық патриархалды қоғамға тән ортақ сипаттар туралы айтады.
"[Патриархалды қоғамда] әйелдің рөлі отбасы мен қоғамның қатаң бақылауындағы сексуалды мінез-құлық ережелерін орындаумен тығыз байланысты. "Классикалық патриархат" кезінде әдетте, жұбын ата-анасы таңдап береді. Жас буын ересек буынның айтқанына бағынады, әйелдер ерінің айтқанынан шықпайды. Әйелдердің қарым-қатынас жасау, қалаған жағына бару, білім алу, үйден тыс жұмыс істеу мүмкіндігі шектеледі. Олардың сексуалды өмірі репродуктивтілік қызметімен теңестіріледі және өмір бойы бақылауда болады" деп жазады Темкина.
АҚ МАТАДАҒЫ ҚЫЗЫЛ ҚАН
Орталық Азияда, Солтүстік және Оңтүстік Кавказда неке түнінен кейін төсекті тексеру дәстүрлер әлі сақталып қалған. Бәріне ортақ басты белгі – әйелдің абыройы сақталған күйінде тұрмысқа шыққанын көпшілікке көрсету.
Бұл дәстүрді әр аймақта әртүрлі атайды – "қызыл алма", "жапон туы" немесе "ақжайма" деседі. Үйлену тойынан соң жастарды жыныстық қатынас жасау үшін бір бөлмеге жібереді. Есіктің сыртында туыстары тұрады (кейбір жақта - жігіттің туыстары, ал енді бір жақта - қалыңдықтың жақындары). Олар қалыңдықтың қыз күйінде келгенін куәландыруы тиіс – жайманы немесе алдын-ала дайындалған қаны бар шүберекті алып, басқа туыстарға көрсетеді.
Кейбір жерлерде қаны бар іш киімді бәріне көрсетіп іліп қояды. Дәрігерлердің айтуынша, алғашқы жыныстық қатынас кезінде үнемі қан шыға бермейді, ол әйел организмінің жеке ерекшелігіне байланысты. Бірақ дәстүр қанның болуын талап етеді.
РАДЖАББИ ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАДЫ
Былтыр Тәжікстанда 18 жастағы Раджабби Хуршед ерінің жазғыруына шыдамай, өзіне қол салды. Болашақ жарын Раджабби үйлену тойы күні көреді. Бірінші түнде 24 жастағы Зафар Пиров әйелінің қыз екеніне күмәнданады.
Ол әйелді сараптама жасау үшін екі рет дәрігерлерге апарады. Екінші сараптама Раджаббидің үйлену тойына дейін ешкіммен сексуалды қатынас жасамағанын көрсетсе де, Зафар кінәлауын қоймайды. Қырық күннен соң әйел сірке суын ішіп өлді. Пиров әйелін өзіне қол жұмсауға жеткізгені үшін жеті жылға сотталды.
"МАЗАҚ ПЕН АЗАПҚА ШЫДАМАДЫМ"
Тәжікстандық 21 жастағы Мастона Асоның ажырасқанына бір жыл болды. Ол екі күн ғана бірге тұрған ерінің мазағын әлі ұмытпағанын айтады. Султон Ходжаевқа қалыңдықты ата-анасы таңдап берді. Мастонаның айтуынша, тойдан кейін екінші түнді күйеуі оны қатты ұрып, "қыздық абыройың жоқ" деп айыптайды.
"Ол маған әлдебір жігіттің атын күштеп айтқызды, оны сүйдім, некеге дейін қатынаста болдым" деп айтуға мәжбүрледі. Оның бәрін қайталай алмадым, бірақ мені қатты соқты, ұрғанынан мұрнымнан қан кетіп, құлақ жарғағым жарылды. Ол маған шашыңды тақырлап алдырып, тыржалаңаш қуып шығам деп қорқытты. Осындай мазақ пен азапқа шыдамай телефонға қыз болмай тұрмысқа шықтым деп мойындадым" дейді Мастона.
Дәрігер Мастонаның пәк күйінде тұрмыс құрғанын дәлелдегенімен, таныстары әлі күнге дейін бұрынғы ерінің айыптауына сенеді.
"ТІЗЕРЛЕП ОТЫРЫП, АНТ ІШТІМ"
Тәжікстанның Вахш алқабында тұратын 28 жастағы Майсараның некесі тек бір күнге созылды. Ері әйелінің абыроймен келгеніне күмәнданып, оны екі рет медициналық тексеруден өткізді. Екі сараптама да Майсараның қыз күйінде тұрмысқа шыққанын растады. Күйеуі тынышталды, бірақ әйел ары қарай онымен бірге тұрғысы келмеді. "Күйеуім мені анасы мен әпкелерінің алдында қорлап, тазалығыма күмәнданды. Мен оның өтірік екенін айтып, тізерлеп отырып, ант іштім" дейді ол.
"ҚАН ШЫҒАРМАЙТЫН ЖЫНЫСТЫҚ ҚАТЫНАС"
Алматыдағы ON CLINIC медициналық орталығының гинекологы Гүлжан Салықбаеваның айтуынша, алғашқы жыныстық қатынастың 30% жуығында қан бөлінбеуі мүмкін. "Бұл қыздық перденің ерекшелігіне байланысты. Ол тым созылмалы болуы мүмкін, формасы да әртүрлі болып келеді. Егер ол жарты ай тәрізді болса немесе толық жыртылмаса, қан шықпайды. Бірақ оған қарап қыз бұрын сексуалды қатынаста болған деген қорытынды жасамау керек" дейді Салықбаева.
"ҚАЛТЫРАП ЖЫЛАДЫМ"
Пәктікті жоғалтуды бастан өткерген әйелдердің көбі оны үреймен еске алады.
"Бірінші неке түнінде жыныстық қатынас жасауды жоспарламадық. 23 жасымда өзім ұнатқан адамға тұрмысқа шықтым, бірақ бәрібір қорықтым. Дереу қосыламыз деген ой болмады. Оған бой үйретермін деп ойладым. Бірақ есіктің сыртында үлкен әйелдер тұрды. Олар біздің жақындасуымызды күтті, қыздық абыройымды дәлелдегілері келді. Маған ақ шүберек берді, соған сүртінуім керек болды", - деп еске алады 2003 жылы тұрмысқа шыққан, қазір 39 жастағы дағыстандық Гүлнара.
"Ештеңені қаламадым, қатты қорықтым. Қатты ауырды, көп қан кетті. Бәрі біткен кезде күйеуім барып оларға хабарлады. Үш әпкесі мен немерелес әпкелері кіріп, мені құттықтады. Мен қалтырап жылап тұрдым. Әйелдер менің жуынуыма көмектесті, жайманы ауыстырып, орамалды алып кетті", - дейді Гүлнара.
"ОЛ САУСАҒЫН КЕСТІ"
Қырғызстандық Мээргүл де қанға боялған жайманы көрсетуді талап ететін дәстүрді бастан өткерді. Бірақ ол ерімен қосылғанда дейін сексуалды қатынаста болған еді. "Туыстары үшін ол (күйеуі) саусағын кесіп, жайманы қанға бояды" дейді әйел.
"Туыстарының жатын бөлмеге кіргенін, достарының көшеге жиналғанын ұмытуға тырыстым. Оның да бәрін ұмытқанын қаладым. Оның айтқанынан шықпадым. Бәріне шыдадым. Жұмысты тастадым, екі жылдан соң баламыз өмірге келді. Бірақ күйеуім ұрыс-керіс кезінде болған жайтты еске ала берді, кейін басқа қыздармен жүре бастады. Соңында біз ажырасып кеттік. Ол баланы өзіне алды, маған оны көрсетпейді", - дейді Мээргүл.
"ПӘКТІКТІ САҚТАЙТЫН СЕКС"
Кейбір жағдайда патриархалды қоғамда өмір сүретін қыздар пәктігін сақтау үшін басқа қатынас түрлеріне келіседі. "19 жасымда анальды секспен айналыстым. Неліктен кәдімгідей секс болмағанын нақты айта алмаймын. Мүмкін пәктігімді жоғалтудан қорықтым немесе дәл сол адамның абыройдан айырғанын қаламадым" дейді 35 жастағы Махачкала тұрғыны Захрат.
"ТҮНДЕ ҰЯТҚА ҚАЛДЫРМАССЫҢ"
Тұрмысқа шыққанға дейін сексуалды тәжірибесі болған кейбір қыздар пәктікті хирургиялық жолмен қалпына келтіретін гименопластика жасатуға тырысады. "33 жасымда тұрмыс құрдым. Ересек адамнан пәктік күту ақымақтық деп санаймын, бірақ гименопластика жасатқаныма өкінбеймін" дейді Махачкала тұрғыны Камила.
"Басында болашақ ерімнің алдында өзімді айыпты сезіндім. Бірақ үйлену тойы күні анам маған: "Түнде бізді ұятқа қалдырмассың деп ойлаймын" деді. Сол кезде дұрыс істегенімді түсіндім, анам солай айтып тұрса, басқа туыстарымның да әңгіме өрбітуіне жол бермеуім керек", - дейді Камила.
"ЕРІМ ЕШТЕҢЕ БАЙҚАМАДЫ"
Періште есімді қыз Мәскеуге Қырғызстаннан келді. Камила сияқты ол да тұрмысқа шыққанға дейін сексуалды қатынаста болған, сондықтан операция жасатуды жоспарлаған. "Бір жігітпен жүрдім, ол мені тастап кетті. Басқамен таныстым. Оған әлі қызбын дедім. Үйленуге ұсыныс жасағанда құрбыларыммен кеңесіп, тойға үш күн қалғанда гименопластика жасаттым. Қазір екінші балама жүктімін. Ерім ештеңе байқамады" - дейді Періште.
"ДӘРІГЕР РЕТІНДЕ ҚАРСЫМЫН"
Гинеколог Гүлжан Салықбаеваның айтуынша, гименопластиканы 20-25 жастағы әйелдер жасатады. "Олар күйеуі үшін қыздың абыройы өте маңызды екенін білетін әйелдер. Орталық Азияда еркектер қалыңдықтың тазалағын жоғары бағалайды. Операцияның ешқандай физикалық зияны жоқ. Бірақ дәрігер ретінде сәл қарсымын. Әдетте қыздарға жігітпен сөйлесіп көруді ұсынамын. Егер олай ету мүмкін болмаса, операция жасаймыз" - дейді дәрігер.
"ГЕН ТАЗАЛЫҒЫ ҮШІН ПӘКТІК МАҢЫЗДЫ"
"Үйленіп жатқан қызың таза болмай шықса, саған дейін басқа жігітпен жақындасқан болса, біреуден қалған тамақты жегендей болатын едім. Ол жағына баса мән беремін", - дейді Ташкентте тұратын физика ғылымдары кандидаты, 60 жастағы Анвар.
Душанбелік Жалолиддин Ахмадов та оның пікірін құптайды, "үйленген жарыңның пәк болуы – имандылықтың белгісі" дейді ол. XXI ғасырда мұндай дәстүрдің не қажеттігі бар екенін түсіндіру үшін оны қолдаушылар конспирологиялық және ғылымға қарсы телегония теориясына сүйенеді. Ол бойынша әйелдің қынабы барлық жыныстық серіктестерін "есте сақтайды", сосын олардың гені басқа балаларына беріледі.
"Пәктіктің болуы ген тазалығы мен болашақ балаларымның адамгершілігі үшін қажет", - дейді 56 жастағы Ташкент тұрғыны Наманган. Заманауи ғылым тұрғысынан алғанда, телегония – наным-сенімге жатады, бірақ діни және қоғамдық қайраткерлер, оқытушылар мен саясаткерлер соған сілтеме жасайды.
Мысалы, ресейлік балалар омбудсмені Анна Кузнецова телегонияны қолдап сөйледі, әйел адамда жыныстық серіктестер көп болса баласы ауытқумен туады деді. Бірақ кейін ондай пікір айтқанын мойындамады. Ал Чувашияның денсаулық сақтау министрі Владимир Викторов әйел жеті еркекпен сексуалды қатынаста болса, "бедеу қалатыны анық" деп мәлімдеді. Неліктен жетеу екенін түсіндірмеген. (Азаттықтың "Настоящее время" сайтының мақаласы. Мақаладағы кейбір есімдер сұхбат берушілердің өтінішімен өзгертілді)
ПІКІРЛЕР