ҰМЫТ ҚАЛҒАН АШАРШЫЛЫҚ
Америкалық Wall Street Journal журналы “Ұмыт болған советтік ашаршылық: Сталиннің Украинаға істегендері есімізде, бірақ Қазақстанға жасағандарын білмейміз” атты мақалада америкалық зерттеуші, Maryland-College Park университетінің тарих профессорының көмекшісі, “Ашаршылық жайлаған дала: ашаршылық, зорлық-зомбылық және советтік Қазақстанның құрылуы” атты кітаптың авторы Сара Камеронның пікірін жариялаған. Зерттеуші мақалада ашаршылықтың Қазақстанда Украинадағыдай өткір бағаланбауының себептеріне тоқталады.
Сара Камеронның пікірінше, оның бірнеше себебі бар.
“Біріншіден, АҚШ-та шағын ғана қазақ диаспорасы бар. Украиндарға қарағанда, қазақтар ашаршылықты ұлттық жадысының өзегіне айналдыра алмады. Оған қазақ үкіметінің Ресеймен тығыз қарым-қатынасы себеп. Кейбір украин азаматтары аштық Украинада ғана болған оқиға ретінде танығысы келеді. Осылайша, тарихтағы түрлі этникалық топтардың басынан өткен, олардың арасында қазақтар мен орыс шаруалары да бар, сұмдық оқиғалары ұмыт болып барады” деп жазды зерттеуші.
Камеронның ойынша, бұл жерде қазақтардың көшпенді өмір салтын ұстанғаны да маңызды рөл атқарады.
“Өркениеттен” қалған топтарды "өркениетке бейімдеудің" жолы деп біз көшпенді халықтардың тарихында болған зорлық-зомбылықты жиі ұмытамыз. Аман қалған қазақтар қоныстануға мәжбүр болып, өздерінің мәдениеті мен болмысынан тым алшақ дүниені ауыр қабылдады" деп жазды Сара Камерон.
“Белгілі бір тұрғыда украиндардарға қарағанда қазақтарда ашаршылық өте ауыр болды. Бұған қоса, қазақтар күштеп ұжымдастырылды, аш халық қатаң репрессияға ұшырады. Олар қаша алмас үшін шекараны жауып тастады. 1,5 миллионнан астам адам өлді. Қазақтардың үштен бірі қырылды. Бұл - совет одағындағы коллективизация кезінде бұрын-соңғы болмаған ең жоғары өлім көрсеткіші” деп жазылған мақалада.
МҰРАГЕР КІМ БОЛАДЫ?
Вашингтонда шығатын Diplomat газеті “Назарбаевтан кейінгі кезеңде Қазақстанды кім басқарады?” деген мақалада Нұрсұлтан Назарбаев кеткен жағдайда кімнің президент болуы мүмкін екені туралы болжам жасайды.
“Қазақстандағы билік құрылымы басқа постсоветтік елдердегідей пирамида сипатында түзілген. Биліктің жоғары жағынан бастау алған патронаж желісі үкімет мүшелеріне қарай төмен бағытталып, маңызды байланыстарға қарай ақша, артықшылықтар мен билік бөлінеді. Егер Назарбаев кенет биліктен кете қалса, не болатыны, оны кімнің алмастыратыны белгісіз. Қазақстанның жүйесіне ұқсайтын елдерде биліктің ауысуы күрделі. Мұндай ауысулар жетекші саяси ойыншылармен байланысты тұлғаларға қауіп төндіреді және оның қалай болатынын алдын-ала болжау қиын. Бұлыңғыр режимнің ауысуы кезінде билік үшін аяусыз күрес пен адастыруға апаратын түрлі драмалық сценарилерге жол ашады. Бұл, сонымен бірге, пирамида басындағылардың өзін аман алып қалу үшін процесті мұқият басқаруына жағдай жасайды. Бәлкім Назарбаевтың мұрагері қазіргі жоғары билікке жақын, қазіргі билікке таныс ортадан шыққан, радикалды өзгерістерді қаламайтын адам болады және лайықты кандидаттар да көп емес" деп жазды Diplomat.
ТОҚАЕВ, МӘСІМОВ, ТАСМАҒАМБЕТОВ...
Diplomat басылымы ықтимал кандидаттарға Қасым-Жомарт Тоқаев, Кәрім Мәсімов, Иманғали Тасмағамбетов, Дариға Назарбаева және Тимур Құлыбаевты жатқызады.
Басылымның жазуынша, Тоқаевтың президент болу мүмкіндігі көп. Сенат төрағасы ретінде ол билік пирамидасында екінші тұр. Егер бір жағдай бола қалса, конституция бойынша қазіргі президенттің орнын Сенат төрағасы басады. Мақала авторы "Бірақ Тоқаевтың “ішкі саясатта тәжірибесі аз”. Бұған қоса, жасы 65-те" дейді.
Ұзақ уақыт билікте жүрген және “президент отбасына адалдығымен” талай рет көзге түскен Кәрім Мәсімовті де басылым ықтимал кандидаттар қатарына қосады. Diplomat оның артықшылығы ретінде экономиканы сәтті басқару тәжірибесін атайды және Қытай мен Ресейді жақсы білетінін атап өтеді. Алайда Мәсімов - этникалық ұйғыр, сондықтан оған елдегі ең жоғары лауызымды сеніп тапсыратынына басылымның күмәні бар.
Иманғали Тасмағамбетовте “президентке қажет қасиеттердің бәрі бар және сол себепті де оның болуы мүмкін емес шығар” деп жазды басылым. Diplomat-тың жазуынша, үкіметте маңызды рөл атқарып келген Тасмағамбетов 2016 жылы күтпеген жерден Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып тағайындалды. Бұл оның президент болу мүмкіндігіне "балта шапты". Себебі, заң бойынша президент кандидаты Қазақстан территориясында кемінде 15 жыл тұруы керек.
Басылымның пікірінше, Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның президент болуы күмәнді, себебі саяси тәжірибесі аз. Оған қоса, әйел-саясаткер. Мақала авторы "билік ауыса қалған жағдайда Дариға Назарбаеваға премьер-министр немесе министр креслосы бұйыруы мүмкін" деп топшылайды.
“Әйткенмен көрші Қырғызстанда Роза Отунбаева елді сәтті басқарды, әкесі үнсіз қолдағанмен Назарбаев қызының дәл осындай "ерлік жасауы" неғайбыл. Отынбаеваның президент болуы "ұлттық саясатта әйелге орын жоқ" деген пікір басым Орталық Азияда сирек құбылыс болып саналады. Егер Назарбаева президенттікке ұмтылса, оппозицияның үлкен қарсылығына тап болады және оны қолдайтын одақтастар аз болады” деп жазды басылым.
Автордың жазуынша, Назарбаевтың ортаншы қызының күйеуі Тимур Құлыбаев білімі мен тәжірибесінің арқасында “өте жайлы позицияда тұр”. "Оның Назарбаев отбасына қарсы келуі де мүмкін емес" дейді басылым.
"Құлыбаевтың бір кемшілігі - “жеке өмірінің бейберекет” болуы" деп Diplomat оның Гога Ашкеназимен байланысын алға тартады.
“Батыста мұндай нәрсе саяси резонанс тудыруы мүмкін еді, ал Қазақстанда Совет одағы құлаған соң элитаның бір бөлігі екінші әйел алу практикасына қайтып оралды. Сондықтан бұл жағдайды есепке алмаса да болады. Бірақ Құлыбаевтың 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасына қатысы президент болуына кедергі келтіреді" деп жазды газет.
"Қазақстандағы биліктің ауысуы туралы көп жорамал Назарбаевтың кенеттен қайтыс болып немесе ауырып қалып, биліктен кетуі сияқты болжамдарға негізделген. Алайда жоғарыдағылар үшін биліктің басқармалы түрде ауысуы тиімдірек, ал бұл 2020 жылы болуы мүмкін... Егер бұлай бола қалса, онда билікке Құлыбаев келуі мүмкін. Ол - қазіргі билікке бөтен емес, сол саяси құрылымның бөлігі. Байлығы, аймақ пен Батыстағы байланысының арқасында ол қазіргі жүйені бұзбай, Қазақстан мемлекетінің қауіпсіздігіне қауіп төндірмей патронаж жүйесін сақтап қала алатын оңтайлы жағдайда тұр“ деп түйіндейді Diplomat.
ҚЫТАЙДАҒЫ ГАЗ
Жапондық Asia Nikkei басылымы "Қытай АҚШ пен сауда соғысын бәсеңдетуге тырысып жатқан шақта" Қазақстан билігінде Қытайға тасымалдайтын газ көлемін 2019 жылы 10 миллион текше метрге жеткізу жоспары барын айтады. Газ экспорты туралы бес жылдық келісімге 12 қазанда "КазТрансГаз" және PetroChina International компаниялары қол қойған.
“Пекин Вашингтонмене арадағы сауда тартысы барысында балама жолдарды іздейді. Ол сонымен бірге Оңтүстік Шығыс Азия арқылы теңіз маршрутында геосаяси тұрақсыздық туындаған жағдайда қосымша амалдарының болғанын қалайды. Себебі бұл Таяу Шығыстан газ тасымалдауға қауіп төндіруі мүмкін” деп жазды басылым.
Asia Nikkei дерегінше, Қазақстан жоспарын Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры жолындағы үш компрессор станциясы арқылы жүзеге асырады. Бұл құбыр Түркіменстан мен Өзбекстан газын Қытайға жеткізетін Орталық Азия - Қытай газ құбырына апарады.
Дерек бойынша, Қазақстан 2017 жылы газ өндірісін 19 пайызға ұлғайтқан яғни 27,1 миллион текшеметрге дейін жеткізген. Ал елде газ тұтыну көлемі небәрі үш пайызға ғана өскен, яғни 16,3 миллион текше метрге жеткен.
Asia Nikkei жазуынша, Қазақстанның газ тасымалдау мүмкіндігінің артуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келісімнің болашағын бұлыңғыр етіп қойды. Өйткені бұл келісім бойынша, Өзбекстан шамамен 3,5 миллион текшеметр газды Оңтүстік Қазақстанға тасымалдайды. Есесіне дәл сондай көлемдегі газды Қазақстан Өзбекстан атынан Ресейге қарай асырады. Бұл - транспорт шығынын азайту үшін жасалған амал.
“Сарапшылардың пікірінше, көршілер бұл келісімді әрі қарай да жалғастыра алады, себебі бұл Қазақстанға қолайлы. Қазақстан Ресейге газды арзан бағамен сата алмайды немесе Ресей арқылы Еуропаға экспорттай алмайды, себебі Ресейдің Еуропа нарығында өз мүдделері бар” делінген мақалада.
“Қазақстан газын Еуропаға тасымалдау өте қиын, себебі арақашықтық өте алыс, транспорт шығыны да көп болады. Ал Қытай болса жанымызда, оған кез келген өнімді берсең, жұта береді” дейді алматылық сарапшы Сергей Смирнов.
ТАҢБАЛЫ ТАС ПЕТРОГЛИФТЕРІ
Осы аптада BBC сайтында Қазақстанның оңтүстігіндегі петроглифтер жайлы видеосюжет жарияланды. Өткен ғасырда 50-жылдардың аяғында Қазақстанның оңтүстігіндегі Таңбалы тас шатқалынан шамамен бес мың петроглифті қамтитын ежелгі қоныстар мен қорымдар табылған. Бұл петроглифтер 2004 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұрасының қатарына енді.
Таңбалы таста болған BBC тілшісі табиғат аясындағы петроглифтерді тамашалап, "мұндайды музей әйнегінен гөрі осындай жерде тамашалаған жақсы емес пе?" деп таңданған.
ПІКІРЛЕР