"САЯСИ БОМБА"
Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org жаңалықтар сайты "Қазақстан: сенат спикері 2020 жылғы сайлауға Назарбаевтың түспейтінінен белгі берді" деген мақаласында парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлыбританиялық ВВС медиакорпорациясына 2020 жылғы президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаев кандидат ретінде түспеуі мүмкін деген "жеке пікірін" айтқан әрі жұртты шулатқан сұхбатына қатысты комментарий берген.
Оқи отырыңыз: "Назарбаев 2020 жылы сайлауға түседі деп ойламаймын"
Eurasianet.org жариялаған мақала авторы бұл мәлімдемені "саяси бомба" деп атап, "Қазақстанда жоғары жақтың рұқсатынсыз жоғары лауазымды шенеуніктің мұндай мәлімдеме жасауы екіталай" деп жазған.
"Назарбаевтың Қазақстанның саяси пирамидасының ұшар басынан кететін күн талай жылдардан бері көптеген алып-қашпа сөздерге түрткі болған, сондықтан [Тоқаевтың мәлімдемесі] биліктен кетудің түпкілікті стратегиясы әзір болғанын білдіретін осы күнге дейін жасалған ең айқын белгісі болуы мүмкін" деп жазған Eurasianet.org.
Мақалада қазір Қазақстан парламентінде Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы басымдыққа ие екені, ал "оған тайталаса алатын саяси партиялардың қудалау арқылы сахнадан шеттетілгені я болмаса оларды бұқаралық ақпарат құралдары биліктің қысымымен мүлде елемейтіні немесе мүлде тыйым салынғаны" жайлы жазған.
Қасым-Жомарт Тоқаев ВВС-дегі сұхбатына түсінік берді
Лондонда орналасқан Intellinews.com іскерлік саласындағы жаңалықтар сайты "Сенат спикерінің топшылауынша, қазақстандық Назарбаев 2020 жылы сайлауға түспейді" деген мақаласында "Назарбаевтың мұрагерін [сайлаудың] айқын жоспары жоқтығына байланысты туындайтын саяси қатерлерге бола S&P Global Ratings мен Fitch Ratings агенттіктері Қазақстанның несие рейтингін шектеді. Бұған Назарбаевтың денсаулығы нашарлап барады деген әдетте жыл сайын тарайтын қауесеттер көмектеспей тұр" деп жазған.
Бұған қоса, Intellinews.com "егер Назарбаев кетсе, биліктің барлық тұтқалары бәрібір өз қолында қала беруін қамтамасыз етер еді. Ол қазірдің өзінде бұл бағытта бірнеше қадам жасап қойды" деп топшылайды. Мақалада парламент қабылдаған Қауіпсіздік кеңесі туралы заң жобасын атаған. Қауіпсіздік кеңесі өкілетін біршама кеңейткен құжатта оны Назарбаевтың өмір бойына басқару құқығы қарастырылған. Мамырдың 31-і күні парламент мақұлдаған заң жобасына президент әзірше қол қойған жоқ.
Мақалада Астананы Ташкентпен салыстырып, Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Каримов өлген соң билікке келген Шавкат Мирзияев туралы "[баспасөз] Астананың пікірінше, тым жиі жаза бастаған". Мақалада Қазақстан Өзбекстаннан озуға тырысуы мүмкін деп болжаған. "Аймақтық әріптес ел әрі тұтынушылар нарығы әлдеқайда үлкен (бұл - болашақта өзгермейтін факт, өйткені халқының 34 пайызға жуығы - 14 жасқа толмаған азаматтар) бәсекелес ретінде Өзбекстан Астананы жақсаруға итермелеп, едәуір тақымдап келеді".
Спикердің ВВС-ге сұхбатына сенаторлар пікірі:
Тоқаевтың сұхбаты жарияланған күні британдық ВВС жаңалықтар агенттігі сайтында Қазақстан экономикасы өзгеріп жатқан тұста "саяси еркіндік пен құқығын талап еткен көп адамдарды үндемеуге мәжбүрлеп отыр" деп көрсетілген "Қазақстанда саяси реформалар баяғыдан іркіліп тұр ма?" деген тақырыпта видеоролик те жарияланды.
"Нұрсұлтан Назарбаев 27 жылдан бері президент. Ол – автократ. Ол сайлауда 97 пайыз дауыспен жеңген" дейді ВВС журналисі Стивен Сакур. Журналистің мәлімдемесі Назарбаевтың Жоғары Кеңестің президиумында совет елінің көсемі Владимир Лениннің мүсіні астында отырғаны әрі зайыбы Сара Назарбаевамен бірге барған сайлау учаскесінде сайлау жәшігіне бюллетень салып жатқаны түсірілген архив кадрлармен қоса берілген.
Стивен Сакур Қазақстанды көп жылдар бойы Совет империясының форпосты (алдыңғы шеп – ред.) болған, ал қазір Қытай, Ресей мен Еуропаны жалғайтын тоғыз жолдың торабына айналған мұнайға бай ел деп атайды. Журналистің сөзінше, Назарбаев қомақты инвестиция тарту үшін "жалт-жұлт еткен жаңа астанада" Ұлыбритания заңдары бойынша жұмыс істейтін қаржы орталығын құрып жатыр. Бірақ Стивен Сакур елде тіпті болмашы наразылық нышандарының өзі басып-жанышталады деп мәлімдеп, мамырдың 10-ы күні Алматыдағы рұқсат етілмеген наразылық акциясына қатысқандарды ұстап әкетіп жатқанын түсірген Азаттық видеосын көрсеткен. Сол күні "саяси тұтқындар босатылсын" деген талаппен бірнеше қалада акциялар өтіп, ондаған адам ұсталған, кейбіреуін әкімшілік жауапқа тартқан.
МАЛАЙЗИЯДАҒЫ "КОРРУПЦИЯ" ІСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚЫМБАТ СӨМКЕЛЕР
Ұлыбританиялық Reuters жаңалықтар сайты "Эксклюзив: Малайзиялық Наджиб мұншама қымбат сөмке, қыруар қолма-қол ақша мен зергерлік әшекейлерді қайдан алғанын түсіндіріп жатыр" деген мақаласында елдің бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разак берген сұхбатқа жан-жақты комментарий жазған. Әлгі сұхбатында ол коррупция мен заңсыз алынған, оның ішінде мемлекеттік 1MDB инвестициялық қордан жымқырылған ақшаның ізін жасырды деген айыптарға қатысты жауап берген. Айыптаулар тұсында өткен сайлауда Разактың коалициясы ойсырай жеңіліп, билікке Махатхир Мұхамад келді.
Баспасөздің хабарлауынша, Наджиб Разактың үйін тінту кезінде ішінде әрқайсысы жүздеген мың долларға дейін тұратын Hermes сәнді маркалы бірнеше Birkin сөмкесі де бар дизайнерлік сөмкелер салынған 300-ге жуық қорап табылған. Олардың кейбірі қолма-қол ақша мен зергерлік бұйымдарға толтырылған.
Наджиб Разак сұхбатында әлгі сөмкелер жұбайы Росма Мансорға тарту ретінде жасалған "сыйлықтар" деп мәлімдеген.
"Наджибтің айтуынша, оның күйеубаласы Данияр Назарбаев – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені (өгей немере інісі) әрі әлгі сөмкелердің көбін Росмаға сыйға берген. Ол "Жұртқа түсіну қиын шығар, бірақ, мысалы, күйеубаламның Birkin сөмкелерін алатын жері бар, бір алғанда бес-алтауын алады. Оның отбасының біраз қаржысы бар, сондықтан мұның [малайзиялық 1MDB мемлекеттік қорға] еш қатысы жоқ" деп түсіндірген» деп жазған Reuters.
Наджиб Разактың Қазақстанмен құдандалық жақындығы бар. Қызы Нуриана Наджва Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның ұлы Данияр Кесікбаевқа тұрмысқа шыққан.
РЕСЕЙ ОДАҚТАСТАРЫ СИРИЯҒА БАРҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ
Вашингтонда орналасқан Jamestown зерттеу институтының сайты "Ресейдің одақтастары Сириядағы операцияға қатысқысы келмейді" деген мақаласында Мәскеу ҰҚШҰ-дағы (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы – ред.) әріптес елдердің әскери қолдауына ие болуға тырысып жатқаны туралы комментариінде ТМД (Тәуелсіз мемлекеттер достастығы – ред. ) елдері Сириядағы соғыс қимылдарына мүлде арандағысы келгісі келмейді деп жазған.
ТМД елдері қорғаныс министрлерінің жуырда Сібірдегі Қызыл қаласында өткен жиынында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу достастық елдерін Сириядағы "бейбіт өмірді реттеуге қатысуды" ұсынған. Бірақ Шойгудың әріптестері "оның өтінішін елемей қойды, ешбір елдің үкіметі ресми жауап қатқан жоқ" делінген мақалада.
Былтыр Ресей Астана мен Бішкекпен әскерилерді Сирияға жіберу мүмкіндігі туралы келіссөз жүргізіп жатыр деген хабар тараған болатын. "Қазақстан мен Қырғызстан үзілді-кесілді қарсы екенін білдірген". "Қазақстан Сирияға өз әскерилерін жіберу туралы кіммен болсын келіссөз жүргізіп жатқан жоқ" деген болатын [Қазақстан] сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов. Бұған қоса, ол "Бітімгерлерімізді әлемнің кез-келген нүктесіне жіберу мүмкіндігін талқылауға дейін қолымызда БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің қарары мен БҰҰ-ның тиісті мандаты болғаны біздің ел үшін аса маңызды" деп мәлімдеген. Ал Қырғызстан сыртқы істер министрлігі мен бас штабы өкілдері әскерилерді Сирияға аттандыру мүмкіндігіне қатысты әлдебір келіссөз жайлы "ақпарат жоқ" деп мәлімдеген.
АМЕРИКАЛЫҚ АДВОКАТ ЕРІМБЕТОВТІҢ ІСІ ТУРАЛЫ
Ағылшын тілінде шығатын Diplomat газеті "заңсыз ақшаның ізін жасырды" және "алаяқтық" бабы бойынша айыптармен қамауда отырған бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің қорғаушысы – америкалық адвокат Джаред Генсердің "Алматыдағы бір күн және Қазақстандағы сот төрелігі" деген комментариін жариялаған.
Оқи отырыңыз: Ерімбетовтің соты азаптау жайлы мәлімдемеден басталды
Маусымның 14-і күні Алматыда өткен сот отырысына қатысудан алған әсерлерін баяндаған Джаред Генсер "халықаралық заңдардың алтауы өрескел бұзылғанын көзіммен көрдім" деп жазған. Ол Ерімбетовті ордерсіз тұтқындау мен тінту, отбасы мен адвокатымен хабарласу құқығынсыз қамауда ұстау, ұрып-соғу мен психологиялық азаптау – заң бұзу деп атаған. Бұған қоса, адвокаттың сөзінше, сотта Ерімбетовті "аквариумда" – әйнекпен бөлінген орынға отырғызып қойған, прокурор Джаред Генсердің төлқұжатын фотоға түсіріп алған.
"Заңсыз алынған ақшаның ізін жасырды деген айыппен тұтқындап, кейінірек "алаяқтық" бабы бойынша айыпталған [Ерімбетов] 2017 жылғы қарашадан бері қамауда отыр. Ал мен оны шын мәнінде, қарындасын елге оралуға мәжбүрлеп, қуғындағы оппозиция жетекшісіне қарсы жалған куәлік етуге көндіру үшін ұстап отыр деп санаймын" деп мәлімдейді Джаред Генсер. Қазақстанда ресми тұлғалармен кездескен кезде шенеуніктердің бірі Ерімбетов ісінің саяси астары барын жоққа шығарып, бұл – "алаяқтық туралы қарапайым іс" деп мәлімдеген болатын. "Маған Қазақстанда "нағыз" саяси істің қандай болатынын тіпті елестетудің өзі қиын" деп түйіндейді Генсер.
ПІКІРЛЕР