Accessibility links

Батыс елдері Қытайды "саяси үйрену орталықтарын" жабуға шақырды


Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Қашғар қаласында көшеде қарауылдап жүрген полиция қызметкерлері. Қытай, наурыз 2017 жыл.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Қашғар қаласында көшеде қарауылдап жүрген полиция қызметкерлері. Қытай, наурыз 2017 жыл.

Батыс елдері, оның ішінде Канада, Франция мен Германия 6 қараша күні Қытайды "саяси лагерьлерді" жабуға шақырды. Батыс елдері бұл жайында Женевада БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде өтіп жатқан ұйымға мүше елдердегі адам құқықтарының жай-күйі туралы талқылауда айтты. Бұл жолғы жиында Қытайдағы адам құқықтарының жайы талқыланып жатыр. Құқық қорғаушылар Қытайдағы "саяси үйрену орталықтарында" бір миллионға дейін этникалық ұйғырлар мен басқа да азшылықты құрайтын мұсылман ұлт өкілдері күшпен қамауда отыр деп есептейді. Жиында Қытай өкілдері елде "этникалық азшылық өкілдерінің құқықтарын сақтап отырғанын" айтты.

Бірақ талқылауда сөйлеген Батыс елдерінің өкілдері соңғы талқылау өткен бес жылдан бері Қытайда, әсіресе Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында (бұдан ары Шыңжаң) адам құқықтарының ахуалы "қатты нашарлағанын" мәлімдеді.

Францияның БҰҰ-дағы елшісі Франсуа Ривассо Пекин "азаматтарды жаппай қамауды тоқтатып, Тибет пен Шыңжаңда дін мен сенім еркіндігіне кепілдік беруі тиіс" екенін мәлімдеді. Германия Қытайды "заңсыз ұстауды, оның ішінде этникалық ұйғырлар мен Шыңжаңдағы басқа да мұсылмандарды конституцияны бұза отырып жаппай тұтқындауды тоқтатуға" шақырды.

Канада елшісі Розмари Маккарни Оттава "Шыңжаңда ұйғырлар мен басқа да мұсылмандарды жаппай қамап, қудалап жатқаны және оларды қатаң бақылауға алғаны туралы сенімді ақпараттарға қатты алаңдайтынын" айтты.

"Канада Қытайды ұлты мен діні үшін сотсыз ұсталған ұйғырлар мен басқа да мұсылман ұлт өкілдерін босатуға шақырады" деді Маккарни. Австралия мен Жапония өкілдері де осыған ұқсас мәлімдемелер жасады.

Сессияда Қытай сыртқы істер вице-министрі Ле Ючэн жаппай тұтқындауға қатысты мәлімдемелерге қатысты ешнәрсе айтпады.

"Біз этникалық азшылық өкілдерінің құқықтарын заңда көрсетілгендей қорғап жатырмыз. Ұлттық конгресс пен Қытай коммунистік партиясы қатарында 55 этникалық топтың барлығының өкілдері бар" деді Ле Ючэн.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті тамыз айында Қытайда "бір миллион этникалық ұйғырдың құпия лагерьлерде күшпен қамауда отырғаны" туралы сенімді ақпарат алғанын мәлімдеген.

Қытай бұған дейін "Шыңжаңда исламшыл содырлар мен сепаратистерден қауіп-қатер төніп отырғанын" айтқан. Пекин "ұсақ қылмыс жасаған кейбір азаматтардың демалыс орталықтарына жұмысқа жіберілгенін" айтқанымен, Шыңжаңда ұйғырлар мен мұсылмандардың жаппай ұсталып, құқықтары тапталып жатқанын жоққа шығарған.

БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтері алдында талқылау кезінде жүздеген тибеттіктер мен ұйғырлар және Қазақстанға Қытайдан оралған қазақтар Пекиннің Шыңжаңдағы азшылықты құрайтын ұлт өкілдеріне қатысты саясатына қарсылық танытқан акциялар өткізіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG