АҚШ-та өндірілетін мұнай баррелінің бағасы 13 қараша күні 7 пайызға дейін арзандап, 55 доллар 69 центке түсті. АҚШ-та мұнай бағасы соңғы үш жылда мұншалықты арзандамаған.
Баға 12 күн қатарынан төмендеп жатыр. Алты апта бұрын ғана АҚШ мұнайы баррелінің бағасы 76 доллар болған еді. Мұнай нарығындағы бағаның күрт өзгеруіне әлемде мұнайға деген сұраныс азайып, өндіріс көлемі көбеюі мүмкін деген болжамға құрылған ақпарат әсер етіп отыр.
Бағаның құбылуына сонымен қатар АҚШ-тың Иранға салған санкциясының күшіне енуі де себеп болды. Санкция Иранның мұнай экспортына толық тыйым салады деп көзделіп отыр. Дегенмен, мұнайға сұраныс Сауд Арабиясы, Ресей және АҚШ-та мұнай өндірісінің ұлғаюы есебінен өтелмек. АҚШ-тағы ресми мәлімет бойынша, бұл ел биыл өндіріс көлемін 20 пайызға арттырып, қыркүйекте әлемдегі мұнайдың ең көбін өндірген.
Сауд Арабиясы мұнай бағасының арзандауына байланысты экспорт көлемін күніне 500 мың баррельге дейін азайтатынын хабарлады.
Алайда, АҚШ президенті Дональд Трамп Эр-Рияд пен мұнай өндіруші елдер ұйымын (OPEC) өндірісті қазіргі деңгейінде ұстап тұруға шақырды. Трамптың пікірінше, қазіргі сұраныс пен ұсынысты ескергенде, мұнай бағасы төмендеу болуы керек.
ПІКІРЛЕР