АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп сенатор Марко Рубионы елдің бас дипломаты қызметіне ұсынатынын айтты. Жаңа президент әкімшілігі Еуропа мен Таяу Шығыста соғыс өршіп, Азия-Тынық мұхит өңірінде Қытаймен бәсеке күшейген қауіпті әлемде бағыт-бағдарын анықтап жатыр.
Вашингтондағы демократияны қорғау қорының сарапшысы Бехнам Бен Талеблу Трамп сыртқы саясаттағы көп мәселеге қатысты қатаң позициясымен танылған сенатор Рубионы таңдау арқылы халықаралық тақырыптарда өз көзқарасын қолдайтын адамға басымдық бергенін айтады.
"Рубио — ұлттық қауіпсіздіктің кей маңызды бағыттарында идеология мен саясат тұрғысынан ұлы державалар арасындағы бәсеке, Қытайға мен Иран ислам мемлекетіне қарсы тұру, барынша қысым көрсету науқанын жаңғырту сияқты мәселелерге келгенде Трамптың ойымен келісетін адам", — дейді Талеблу.
Рубио өткен аптада мемлекеттік хатшы қызметіне ұсынылмай тұрып берген көлемді сұхбатында "Совет Одағы тарағаннан кейін АҚШ-тың ондаған жылға жуық әлемде даусыз басымдыққа ие болған кезеңі аяқталды, оның орнына қырғи-қабақ соғысқа ұқсайтын жаңа дәуір келді" деді. Ол АҚШ ғаламдық міндеттемелердің бәрін өз мойнына алмай, прагматик болуы керек деп мәлімдеді.
"Біз ең қуатты [мемлекетпіз], бірақ ресурсымыз шектеулі… Сондықтан уақытымыз бен ақшамызды ұлттық мүддемізге сай дүниелерге салуымыз керек", — деді Рубио 7 қарашада америкалық EWTN кабельдік телеарнасына берген сұхбатында.
Тегі кубалық, бірақ АҚШ-та туып-өскен Рубио 2017-2021 жылдар аралығында президент болған Трамптың Венесуэлаға қатысты саясатын құруда үлкен рөл атқарды. The New York Times сол кезде Рубионы "Трамптың Латын Америка жөніндегі виртуалды мемлекеттік хатшысы" деп сипаттады.
Флорида штатынан үш рет сенатор болып сайланған Рубио 2016 жылы республикашылдар атынан Трамппен президент сайлауына іріктеуге түскен. Ол қазіргі қызметіне сенаттың барлау және халықаралық қатынастар комитеттерінде істеп, саясаттан мол тәжірибе жинап келіп отыр.
Сенат Рубионың кандидатурасын мақұлдаса, 53 жастағы саясаткер мемлекеттік хатшы қызметіндегі бірінші латынамерикалық тұлға болмақ.
Рубио үшін Латын Америкасы маңызды бағыт болғанымен, АҚШ-тың сыртқы саясатындағы Қытайдың ғаламдық өсуі, Иранның Таяу Шығыстағы қаупі, Ресейдің Украинаға басып кіруі сияқты басқа өзекті мәселелермен салыстырғанда, аталған өңір екінші кезекке ығысады.
БІРІНШІ БАСЫМДЫҚ: ҚЫТАЙ
АҚШ-тың әскери, саяси және қаржылық ресурстарына талаптар жайлы сөз болғанда, Рубио басты назарды Қытайға аударғысы келеді.
"21-ғасырдың болашағы Үнді-Тынық мұхит өңірінде болатын оқиғаларға байланысты деп ойлаймын. Қытай біздің Еуропадағы кикілжіңдерден бас көтере алмай, Үнді-Тынық мұхиты өңіріндегі жағдайды назардан тыс қалдырғанымызды қалайды", — деді Рубио 7 қарашада.
Рубио Қытай мәселесі бойынша Конгрестің қос партиялы атқару комиссиясы төрағаларының бірі болды және ол Пекинге қатысты қатаң саясат ұстануды қолдап келді.
Рубио Пекин қол астына алғысы келетін өзін-өзі басқарушы демократия Тайваньді қаруландыруға талпынған топты басқарды. Қытайдың аралға шабуылының алдын-алу үшін АҚШ-тан Тайваньге тікелей қару-жарақ пен заманауи әскери технологиялар жіберуге шақырды.
Рубио Қытайдағы адам құқықтары жайлы ашық пікір білдіріп, Вашингтон Пекинмен бәсекеде басым түсу үшін өндірістік саясат жүргізіп, қытай тауарларына тариф енгізуі керек деді.
Ол Қытайдың батыс бөлігіндегі ұйғыр және басқа да мұсылман халықтардың мәжбүрлі еңбегін пайдаланып, өндірілген қытай тауарларының импортына тыйым салып, Қытайдың өндірісті Мексикаға ауыстыру арқылы тарифтерді айналып өтуіне кедергі жасауға тырысты.
НАТО ЖӘНЕ УКРАИНА
Рубио Киевтің Мәскеудің шабуылынан қорғану соғысында бірнеше рет Украинаның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қолдап, украиндерді "өте батыл әрі мықты" деп сипаттаған.
2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Рубио Сенаттағы NYET заңын дайындауға атсалысты. Бұл заң Украинаның қорғаныс қабілетін күшейтіп, Ресейге қарсы санкция салуға бағытталған.
Рубио Ресейдің Украинаға қарсы соғысы "тығырыққа тірелді" және "аяқталуы керек" деген.
Ол жыл басында шетелдік көмек туралы заң жобасына қарсы шыққан аз сенаторлар қатарында болды. Бұл заң бойынша Украинаға 60 миллиард доллар көмек берілуі тиіс еді. Аталған заң жобасы сәуірде қабылданды. Нәтижесінде 2022 жылы ақпаннан бастап АҚШ Украинаға жалпы көлемі 175 миллиард доллар көмек берді. Бұл – осы мәселеде бүкіл Еуропа үлесімен бірдей көрсеткіш.
Рубио осы теңсіздікке назар аударып, Вашингтон Еуропаны өз қауіпсіздік мәселесін шешуде жауапкершіліктің үлкен бөлігін өзіне алуға итермелеуі керек, сонда АҚШ Үнді-Тынық мұхит өңірінде Қытайға қарсы тұруға басымдық бере алады деді.
EWTN арнасына берген сұхбатында Рубио АҚШ Украинаға әр 10 ай сайын ондаған миллиард доллар береді деп күту қисынға келмейді деді. Оның пікірінше, НАТО-ға мүше Еуропа мемлекеттері одаққа қосатын үлесін арттыруы керек.
"Қорғаныс қажеттіліктеріне қыруар қаржы жұмсасақ та, күн сайын өз елімізде америкалықтарға қалай көмектесеміз деген сұрақ туады. Ал [НАТО-ға мүше Еуропа мемлекеттері] ондай таңдау жасамайды", — деді ол.
Рубио Ресейді АҚШ-қа қауіп көріп, Украинаның тәуелсіздігін қолдаса да, Киевке соғысты тоқтату үшін келіссөз жүргізуге тура келеді деген пікірді ұстанады. Ол үлкен шығынға қарамастан, Ресейдің соғысты жалғастыруға қажетті ресурсы, қару-жарағы мен адамы көп дейді.
ИРАН: "ТЫНЫШТЫҚ ЖОҚ"
Рубио — Таяу Шығыста Иранға қарсы бұрыннан қатаң позицияны қолдайтын саясаткер. Ол Иранды "теократиялық үкімет", АҚШ террористік ұйымдар тізіміне қосқан ХАМАС, Хезболла сияқты топтарды қаржыландыратын "террористік режим" деп атайды.
Рубио сенатор кезінде АҚШ президенті Барак Обаманың 2015 жылы Иранмен ядролық келісімге отырып, Тегеранның ядролық бағдарламасын шектеу туралы уәдесінің орнына Иранға қарсы санкцияларды алып тастау шешімін сынаған.
Бұл келісімді сынаушылар АҚШ осы арқылы Иранның мүмкіндігін кеңейтіп, Тегеран бір күні ядролық бомба жасамайды деген кепілдіксіз санкциялардан босатып жатыр деп қынжылған. 2018 жылы Трамп АҚШ президенті ретінде өз елі ядролық келісімнен шығатынын мәлімдеп, Иранға қарсы санкцияларды қайта енгізді.
Жақында Рубио Иранды жазалайтын үш заң жобасын дайындауға қатысты. Үш заңға да биыл қол қойылды. Бұл заңдар Иранның мұнай экспортына, адам құқықтарын бұзғаны үшін Иран басшыларына және ХАМАС-ты қолдайтын шетелдік ұйымдар мен үкіметтерге қарсы санкция салуға жол ашады. Иран қолдайтын ХАМАС 2023 жылы қазанда Израильге шабуыл жасап, көп мемлекетті қамтуы мүмкін өңірлік соғысқа себеп болды.
Қыркүйекте Рубио Байден әкімшілігін Иран бюджетіне әсер ететін мұнай өндірісіне қарсы санкция салуды созбаққа салып жіберді деп сынады. Ирандағы адам құқықтарының бұзылуына қарсы санкцияларда да алға ілгерілеу байқалмады.
Сарапшы Талеблу Таяу Шығыстағы тұрақсыздықты ескеріп, АҚШ-тың жаңа билігі қызметіне кіріскеннен кейін Иранға қатысты қандай қадамдарға баратынын топшылай келе, Рубио басқаратын мемлекеттік департамент санкция туралы заңды күшіне енгізу үшін барын салады дейді.
Израильді қолдайтын Рубио Тель-Авив өзін Иран қаупінен қорғауға құқылы деп есептейді. 1 қазанда Тегеран Израильді зымыранмен атқылағаннан кейін Рубио Изралильдің Тегеранға қарымта соққы жасауын қолдады.
АУҒАНСТАН
Рубио Талибан үкіметіне де қарсы. Оның пікірінше, Вашингтон әскери исламистік топты "террористік ұйым" деп тануы керек. Наурызда Флорида штатының сенаторы Сенатқа АҚШ-тың Талибан басқаратын Ауғанстанға көмегіне тыйым салатын заң жобасын ұсынған. Рубио Американың ақшалай көмегінің бір бөлігі "террористік топтарға" жұмсалуы мүмкін деп қауіптенеді.
Рубио Сенаттағы сөзінде "Талибан басқаратын Ауғанстан АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен Таяу Шығыстағы және Орталық Азиядағы одақтастарымызға тікелей қауіп төндіреді" деді.
ПІКІРЛЕР