Accessibility links

"Ресей құрамында Қырым татарларының болашағы жоқ"


Мустафа Джемилев
Мустафа Джемилев

Қырым татарларының жетекшісі Мустафа Джемилев Азаттықтың "Idel.Реалии" сайтына берген сұхбатында Украина мен Ресейдің тіл саясатын салыстырып, Владимир Путиннің қателігі мен Қырымдағы татарлардың қуғынға ұшырауы туралы айтты.

Джемилев сұхбатта сонымен бірге Ресейдегі ұлттардың болашағы туралы ой толғады. Қарашаның 13-і күні украиналық саясаткер 75 жасқа толды.

Мустафа Джемилев

Советтік құқық қорғаушы әрі диссидент, украиналық саяси қайраткер, Қырым татарлары ұлттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, Қырым татарлары халқы меджилисінің 1991-2013 жылдардағы төрағасы.

1943 жылы қарашаның 13-і күні Қырым АССР-і Судак ауданының Ай-Серез (Междуречье) ауылында дүниеге келген. 1944 жылы Джемилевтер отбасы Өзбекстанның Әндіжан облысына жер аударылған. Сталиннің қазасынан соң жер аударылғандарға қойылған шектеу алынады. Сол кезде Джемилевтер отбасы Ангренге, кейін Мырзашөлге көшіп келген, Мустафа Джемилев сол жерде орта мектепті бітірген.

1961 жылдың соңында "Қырым татарлары жастарының одағы" атты жастардың жасырын ұйымына мүше болды, ол жерде "тарихи бөлімді" басқарды. Ұйымды талқандап, жетекшілерін тұтқындаған соң жұмыстан қуылды.

1966 жылы мамырда Ташкенттің Ленин ауданының халық соты армияға барудан бас тартқаны үшін бір жарым жылға бас бостандығынан айырады. Джемилев адам құқығын қорғағаны үшін СССР түрмелері мен лагерлерінде көп жыл қамауда отырды. 1991 жылы Қырым татарлары халқының екінші құрылтайы аталған Ұлттық съезде Джемилев Қырым татарлары халқы меджилисінің төрағасы болып сайланды.

"РЕСЕЙДЕ АШЫҚ ОРЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ЖҮРІП ЖАТЫР"

Азаттық: - Киевте Қырым татарларының құрылтайы өтіп жатыр. Оның жұмысына қысқаша қорытынды жасай аласыз ба?

Мустафа Джемилев: - Біз оны құрылтай сессия емес, құрылтай делегаттарының конференциясы деп атадық, себебі бес жыл бұрын сайланған құрылтай делегаттарының үштен екісі келмеді. Олар құрылтайға келе алмады. Делегаттардың басым бөлігі басып алынған аумақта қалып қойды. Олардың бұл жаққа келуі қиын, елге оралған соң да қиындықтар туындайды. Қазір Қырымнан келген 80 делегат жиналды.

Шешім қабылдау формасы бар. Қырымнан келе алмаған делегаттар негізгі мәселелерге қатысты өз пікірлерін білдірді. Олар "қатысушылар шешімге қатысты дауыс берсін, бірақ ол жоба күйінде қалсын, кейін мәселелерді қарап, келіссек қол қоямыз" деді. Егер көп дауыс жинасақ, құрылтай шешімі деп қабылдауға болады. Бірақ кейбір әріптестеріміз бұған қарсы. Олар бұл жақсы үлгі емес деп санайды. Регламент бар, соған сәйкес барлық делегаттар көзбе-көз қатысып, дауыс беруі керек дейді.

Құрылтай регламентін қабылдаған кезде біз соғыс, оккупация сияқты төтенше жағдайларды қарастырмаппыз, сондықтан мәселе туындады. Бірақ басты міндет – құрылтай депутаттарының өкілеттігін құрылтайдың жаңа делегаттарын демократиялық жолмен сайлауға мүмкіндік туғанша соза тұру. [Cайлауды] Қырымды оккупациядан құтқарып, Ресей әскерін шығарған соң ғана жүзеге асыруға болады.

Азаттық: - Қырым татарларына да қатысы бар Ресейдегі негізгі проблемаларға келсек. Былтыр Ресейде республикалардың мемлекеттік тілін міндетті түрде оқытуды алып тастады, енді ана тілдерін тек өтініш жазу арқылы оқи алады. Украинадағы тіл мәселесіне қатысты өзгерістер де Ресейге ұқсай ма? Ресей мен Украинада азшылықты дискриминация жасау жағы ұқсас па?

Мустафа Джемилев: - Мүлдем ұқсамайды. Ресей мен Украина – екі бөлек әлем. Бізде, мысалы, "ұлттық азшылық" деген түсінік бар. Олар ана тілдерін бесінші сыныпқа дейін оқуға міндетті, бұрын 10-11 сыныпқа дейін болатын. Украинада оқуға тыйым салмайды, онда "байырғы халық" деген түсінік бар. Қырым татарлары сол санатқа жатады. Сондықтан 10-11 сыныптарға дейін, ары қарай жоғарғы оқу орнында шектеу жоқ. Кадрлар болса, мемлекеттің мүмкіндігі болса шектеу қоймайды. Ресейде жағдай мүлдем басқаша. Ресейде ашықтан-ашық орыстандыру саясаты жүріп жатыр. Құдай сақтасын, бірақ егер оккупациядан құтыла алмаса, Қырымдағы отандастарымызды да сондай тағдыр күтіп тұр.

Азаттық: - Жақында Владимир Путин өзін "Ресейдегі ең үлгілі ұлтшылмын" деп атады. Бұл Ресейдің ұлттық мемлекет бола бастағанын білдіре ме? Әлде Мәскеу империялық амбициясын тірілтуге күш салып жатыр ма?

Мустафа Джемилев: - Қалай атасаңыз да өзіңіз біліңіз, ал мына жақта оны "негізгі фашист" деп атайды. Халықаралық құқықпен санаспайтын, бөтен елге басып кіріп, өз тәртібін орнатып, адамдарды өлтірген мемлекет басшысы... Иә, бұл да орыс ұлтшылдығының бір көрінісі болар. Дегенмен ұлтшылдық басқа ұлттардың құқығын көзге ілмеу дегенді білдірмейді. Өз ұлтыңның мәселелерін айтсаң болады. Бірақ тек этникалық орыстар ғана емес, басқа көп ұлт тұратын елде "мен – орыс ұлтшылымын" деп айту парасаттың белгісі емес. Ресей сияқты мемлекеттің басшысы ондай сөз айтпауға тиіс.

Азаттық: - Бір сөзіңізде Мәскеу Қырым татарларының Қазан татарларына "теріс" ықпал етуінен қорқып, Қырым татарларымен келіссөз жүргізуде Қазан татарларын бітімгер ретінде пайдаланбайтын болды деген едіңіз. Мәскеудің бірқатар шараларынан соң (сарапшылар оны "антифедералдық" деп атайды) соңғы уақытта Мәскеуді сынайтын Волга татарларының саны артып келеді. Волга татарлары біртұтас Ресей құруда орталық билікке зор кедергі жасай ала ма? Қалай ойлайсыз?

Мустафа Джемилев: - Негізі башқұрттар мен татарларды бір халық деп санаймын. Волга татарлары сіз айтқан башқұрттар мен татарлар және Кавказ халықтары өз бетімен өмір сүруге дайындалуы керек. Ресейдің қазіргі саясаты жалғаса берсе, мемлекет күйрейді, ыдырап кетеді деп ойлаймын.

Қырым

2014 жылдың наурыз айынан бастап Қырым түбегін Ресей басқарып келеді. Украина заңына қайшы Ресейге қосылу туралы референдум 2014 жылы 16-наурызда өтті. Бұған дейін Ресей әскерилері түбектің негізгі нысандарын бақылауға алған болатын. Украина мен халықаралық қауымдастық референдум мен оның нәтижесін мойындамады. БҰҰ мүше көптеген мемлекеттер Қырымды Украинаның бір бөлігі деп санайды.

Азаттық: - Қырым татарларының қысымға ұшырағаны туралы жиі айтылады. Қазір түбектегі Қырым татарларының жағдайы қалай?

Мустафа Джемилев: - Оны қысым емес, нағыз террор деп атау керек. Ол жақта сондай режим орнаған, қазір бәрі жақсы сияқты, бір сағаттан соң бәрі өзгеріп кетеді. Олар ойларына не келсе соны істеп жатыр. Үнемі тінту, қамау, ешқандай демократиялық еркіндік жоқ. Бәрін билік бақылап отыр, аңдып отыр. Өмір емес, тозақ.

Солай бола тұра Қырымнан жаппай кетіп жатқандар жоқ, себебі біз үнемі отандастарымызды отанынан кетпеуге үгіттейміз, ол отанға ХХ ғасырдың ең қатыгез режимі кезінде жарты ғасыр күресіп жүріп әзер оралдық. Басқыншылар Қырымнан Қырым татарларының кеткенін қалайды. Қырымның байырғы тұрғындарын шығаруды көздей отырып, Ресей Федерациясының құрлық бөлігінен орыстарды жаппай әкеп қоныстандырып жатыр.

Азаттық: - "Къырым бирлиги" мен "Инкишаф" сияқты ұйымдардың жұмысы туралы не айтар едіңіз?

Мустафа Джемилев: - Олар жеке, тәуелсіз ұйым емес, жағымпаз, бағынышты ұйымдар. Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) не айтса, соны істейді, сондықтан оларды қырым татарлары ұйымы деп санамаймын. Қырымның қазіргі мүфтияты да толықтай ФСБ-ға қарайды. Имамдардың бәрі жалақысын басқыншылардан алады. Сондықтан есі дұрыс мұсылмандар мешітке бармауы керек, ол жерде сатқын, күнәһар адамдар имам болып отыр.

Азаттық: — Қырымның тағдыры не болмақ? Болашақта республиканы не күтіп тұр?

Мустафа Джемилев: - Қырымның байырғы халқы Қырым татарларының аннексияланған Қырымда болашағы жоқ. Ресей 1783 жылы бастаған басқыншылық саясатын әлі жалғастырып келеді. Олар қырым татарларын Қырымнан кетуге мәжбүрлеп, орыстарды жаппай көшіріп әкелді.

Қазір де көретініңіз сол – орыстың шектен шыққан шовинистік насихаты, адамдарды зомби жасау. Ресей құрамында Қырым татарларының болашағы жоқ. Халқымыз бар үмітін оккупациядан құтылатын заманмен байланыстырып отыр. Бірақ оның қай кезде орнайтынын нақты айту қиын. Мұндай тоталитарлық, бұзақы режим кейде аяқ астынан, күтпеген жерден ыдырап кетеді.

Ресейдің ары қарай Қырымда қандай саясат жүргізетінін нақты болжау қиын. Басшылықтың іс-әрекетін болжаған кезде сол мемлекеттің ұлттық мүддесіне қараймыз. Ойлап қарасаңыз, бөтен аумақты басып алу, жақын көршісімен соғысу сияқты Путин режимінен келген залал Ресей мемлекетінің мүддесіне жұмыс істеп жатқан жоқ. Ресейдің ешбір жауы Ресей Федерациясына Путиннің саясаты сияқты зиян келтіре алмайды. Бірақ Путин айыбын мойындап, әскерилерін Қырымнан шығармайды, ол үшін үлкен батылдық, халық алдында жауапкершілік керек. Оның бойында ондай қасиет жоқ.

2014 жылы Ресей билігі Мустафа Джемилев пен меджилис төрағасы Рефат Чубаровтың Қырымға келуіне тыйым салды. 2016 жылы сәуірдің 26-сы күні Кремльге қарайтын Қырым жоғарғы сотының шешімімен Меджилисті экстремистік ұйым деп танып, Ресей аумағында тыйым салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG