Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Ғасырлар тоғысында" кітабында "1992 жылы Ресейде барлық баға босатылды. Сол кезде іске кірістік. Мен Қазақстан валютасын шығаруды бастау туралы құпия жарлыққа қол қойдым" деп жазды. Азаттық тілшісімен сұхбаттасқан Жоғарғы кеңестің сол кездегі төрағасы Серікболсын Әбділдин теңге шығару ісінде айтарлықтай құпия болмағанын айтады.
Азаттық: - "Теңге өте құпия жағдайда дайындалды" деген сөздер бар. 1993 жылы қыркүйекте ресейлік "Российская газетаға" берген сұхбатыңызды оқыдым. Сұхбатта Қазақстан өз ақшасын шығаруға дайындалып жатқаны жайлы ашық айтыпсыз. Теңге құпия түрде дайындалды ма?
Серікболсын Әбділдин: - Құпия деген мәлімет өтірік. Себебі ол кезде теңгені дайындау Жоғарғы кеңестің құзіретіне кіретін. Өйткені Ұлттық банк төрағасы мен министрлердің бәрін Жоғарғы кеңес бекітетін. Теңгені дайындау жұмысын Жоғарғы кеңес өз бетінше, ешкім айтпай-ақ бастады. Депутат Тимур Сүлейменов дизайнын жасады. Сауық Тәкежановтың (депутат – ред.) Жоғарғы кеңестегі экономикалық реформалармен шұғылданатын комитетіне ақша дайындауды жүктедік. Комитеттің жұмысы өз арамызда ашық жүрді. Төралқада қаралған теңгенің жұмысы жұртқа да тарайды ғой. Ал кейінірек теңге дайындау жұмысы туралы президентке баяндадым. Нұрсұлтан Назарбаевтың сондағы реакциясы осы күнге дейін есімде сақталыпты. "Ойбай, оны Ельцин біліп қойса қайтеміз" деді. Себебі ол Борис Ельцинмен (1991-99 жылғы Ресей президенті - ред.) "рубль аймағында боламыз" деген әңгімені бастап жүрген еді. Ал біз мемлекет болғаннан кейін өз валютасы болуы керектігін ескеріп, ешкімнен жасырмай-ақ [жұмыс] істегенбіз. Ол кезде Ресей Орталық банкінің төрағасы Виктор Геращенконы өте жақсы танитын едім. Ол Қазақстан сұраған ақшаны беріп тұрды. Бір жолы "өз ақшаларыңыз қашан болады?" деп қалжыңдады. Мен "жұмыс істер жатырмыз" дедім. Ал "құпия" деп жүргендерінің де бір себебі бар.
Бір күні Нұрсұлтан Әбішұлы "теңгеге қандай белгі қоямыз?" деп сұрады. "дизайнның бәрін көріңіз" дедім. Ол "президенттің суретін салайық деген де ұсыныс бар екен ғой" деп күлді. "Осы заманда тірі патшаның суретін салатын мемлекет көргенім жоқ" деп мен де күлдім. Арада біраз уақыт өткен соң "теңгенің дизайнын Ерік Асанбаев (Қазақстанның сол кездегі вице-президенті – ред.) қарасын, саған қарағанда бос қой" деген соң келістім. Асанбаев пен Тәкежанов бірігіп, теңгенің суреттерін жасаған бір уақыт болды. Сол уақытты кімнің суретінің шығатыны құпия болды. Жұрт "теңге құпия жасалды" деп соны айтып жүрген болар.
Азаттық: - Теңгеге президенттің суреті басылмай қалды ма?
Серікболсын Әбділдин: - Кейін бір әңгімелескенде "мыналар менің суретімді ұсынып отыр" деп тағы да айтты. "Не дедіңіз?" деп сұрадым. Президент "әлі ерте" деп күліп жауап беріпті.
Азаттық: - Теңге 1993 жылдың көктемінде дайын болған екен. Бірақ соған қарамастан Қазақстан қыркүйекте Ресей рублінің аймағында қалу жөнінде келісім жасасауға ұмтылды. Бірақ көп ұзамай теңге айналымға шықты. Осы аралықта не болды?
Серікболсын Әбділдин: - "Рубль аймағында боламыз" деген – Қазақстан президентінің идеясы. Ал Жоғарғы кеңес "төл ақшамыз болуы керек" деген ұстанымда болды. Аз-маз кешігіп шыққаны да содан болар. Жұрт "валюта жасау үшін Англияға төлейтін ақшамыз болмады" деп те айтып жүр. Ол кезде ақша бар еді. Шетел валютасы аз болды. Бірақ Ресей үкіметі де, Ресей банкі де сұраған ақшамызды беріп отырды. Жалпы, Ресей "тәуелсіздік алсаңдар біржола кетіңдер" деген саясат ұстанды. "Ортақ ақшамен жұмыс істейік" деген, менің ойымша, анығын кесіп айта алмаймын, біздің президенттің идеясы.
Азаттық: - 1993 жылы қыркүйекте Қазақстан Ресеймен ортақ валюта туралы келісім жасасуға ұмтылып жүргенде, Өзбекстан өз валютасын шығарды. Қазақстанның басқа да көршілері өз валютасын айналымға енгізді. Бұл елдерде айналымнан шығып қалған, керексіз "сабан ақшаның" бәрі Қазақстанға келді ғой?
Серікболсын Әбділдин: - Ресей де ақшасын өзгертті. 1993 жылға дейінгі шыққан ақшаны пайдаланудан бас тартып, "ол ақшаны алғысы келгендер ала берсін" деді. Сабан ақшаның көпшілігі Қазақстанға келді. Сондықтан бізге жұмыс істеу өте қиын болды. Ақша бар, құны жоқ. Сол себепті 1993 жылдың аяғында Жоғарғы кеңес заң қабылдап, сол заң бойынша ұлттық теңгемізді жарияладық.
Азаттық: - 1993 жылы қарашаның 15-і күні теңге қолыңызға тигенде қандай әсерде болдыңыз?
Серікболсын Әбділдин: - Теңгені одан бұрын да қолыма ұстадым. Өйткені теңгені жасаған фабрика президентке, Жоғарғы кеңес төрағасына – маған және премьер-министрге деп үш-төрт альбом жасап беріпті. Ол альбом менде осы күнге дейін бар. Жақсы шыққанына қуандық. Теңгенің айналымға шығуы қиын болған жоқ.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!
ПІКІРЛЕР