ТЕАТРДЫҢ "КӨШПЕНДІ ӨМІРІ"
Құрылғанына шамамен 38 жыл болған Республикалық неміс драма театры екі қалада тіркеуде болған. 1980 жылдан 1990 жылға дейін Теміртауда өнер көрсетті, кейін Алматыға ауысты. Басында Алматы-1 вокзалы маңындағы теміржолшылардың мәдениет үйінің сахнасында спектакльдер қойып жүрді.
Кейін қала ортасындағы құрылысшылардың бұрынғы мәдениет үйіне көшті. Бірақ 2007 жылы ғимаратта күрделі жөндеу басталды. Қаржы жымқыруға қатысты дау туып, жөндеу жұмысы сол күйінше аяқталмады, осылайша театр ғимаратсыз қалды (бірақ ол жерде дайындық жасау мен реквизитке арналған қосымша орын әлі де бар).
Содан бастап 11 жылдан астам уақыт бойы театр қаладағы түрлі сахналарда өнер көрсетіп жүрді. Бұрынғы жөндеу бірлестігінің мәдениет үйін сегіз жыл сағалады. Бірақ ғимараттың жылу жүйесі дұрыс істемей, оны да жөндеу керек болғандықтан театр жаңа орын іздеуге мәжбүр болды.
Театр ұйғыр музыкалық-драма театры ғимаратында, Қазақстанның жазушылар одағы басқармасы залында, "Тәңірі Ұмай" көркемөнер галереясында көріністер қойды.
Алматыдағы неміс театрының қойылымы (мұрағат видеосы)
Жақында неміс театры жаңа ғимарат тапты. Корей театрын Алматының орталығына көшірген соң оның ғимаратын неміс театрына берді. Бұл ғимарат та жаңа емес (советтік кезеңде салынған), солай болса да театр ұжымы өте қуанышты, осы жерде ұзақ қалармыз деп үміттенеді.
Тамыздың соңынан бері театр ұжымы сол жерге қоныстанған. Мұнда актерлерге бәрі ұнайды. Әсіресе, сахнасы "не деген керемет" деп тамсанады. Дегенмен әлі де толықтырып, өзгертетін тұстары бар дейді.
– Техникалық тұрғыда заманауи болғымыз келеді, соның амалдарын қарастырып жатырмыз, - деді театрдың бас режиссері әрі директоры Наталья Дубс.
Наталья Дубс пен актер Александр Дардың айтуынша, жаңа ғимараттың жалғыз кемшілігі бар – қала орталығынан алыс орналасқан. Расымен де жаңа ғимарат қала орталығынан қашық жерде – Рысқұлов даңғылынан төмен, Сүйінбай даңғылының шығысына қарай орналасқан. Автобуспен жетуге болады (мүмкін бірнешеуіне отырып), бірақ қайтарда, қоғамдық көлік тоқтап қалған кезде үйге жету қиындық тудырады.
Ал такси жалдау театр сыншығы әрі драматург Ольга Малышеваның пікірінше, "өте қымбатқа түседі". Онда не істеу керек? Наталья Дубстың айтуынша, ғимараттың қала орталығынан қашықта тұрғанын ескеріп, көрерменді ынталандыратын қосымша шаралар ойлап табу керек.
"ОТЫРЫҚШЫЛЫҚТАН КӨШПЕНДІ ӨМІР САЛТЫНА ӨТУ" ЖӘНЕ КЕРІСІНШЕ
Азаттық тілшісі театрға барып, ұжымның жаңа орынға қалай қоныстанғанын көріп, басшылықпен, актерлермен сұхбаттасып қайтты. Театр режиссері әрі директоры Наталья Дубспен әңгімелесе отырып, мәжбүрлі көшпенділіктің оң тұстары да бар болғанын білдік.
- Егер театрға организм ретінде қарасақ, студенттік рухтың немесе отырықшы болмаудың жақсы жағы да болды. Әлемге сырттай болсын, іштей болсын, басқа критериймен қарай бастайсың. Өзімдікі ғой деп қолайлы, жайлы, тұрақты мекеннің тұтқынына айналмайсың. Жаңа нәрсеге ену, ол жерде өзіңді таныту туралы ойланып жүресің. Біз болған архитектуралық кеңістіктерге келсек, ол да бір ойын сияқты, - дейді Наталья Дубс.
Жөндеу бірлестігінің мәдениет үйінен кеткенде театрдан бірнеше актер жұмыстан кеткен. Олардың театрмен қоштасуына түрлі себептер ықпал еткен, соның ішінде ғимараттың тұрақсыздығына бола шешім қабылдағандар бар.
- Кез-келген адамның кетуі елеулі із қалдырады. Біз біртұтас мозаикамыз, сырттай қарағанда тұтас көрінеміз, бірақ түрлі-түсті, әрқилы бөлшектерден құраламыз. Бәріміз бірге жүргенде тұтас затқа айналамыз. Сондықтан "көздің", "қолдың" не "жүректің" бір бөлшегі кеткенде оны қатты сезінеміз. Театр тірі құбылыс. Бірақ ол өз жарасын өзі емдеп жазады. Шығынның орнын толтыру үшін уақыт керек, - дейді Наталья Дубс.
Театр құрамының жаңаруының да жақсы жағы бар. Наталья Дубс ресейлік театр қайраткері Константин Райкиннің "театр әркез жаңарып отыруы керек" деген сөзін мысалға келтіреді. Актерлер құрамын жаңарту кезінде Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы (ҚҰӨА) көмекке келеді, ол жерде неміс актерлер тобы бар, Наталья Дубс сонда актерлік шеберлік бойынша сабақ береді және топқа жетекшілік етеді.
Топ төрт рет түлектерді дайындап шығарды. Бұған дейін Мәскеудегі неміс театрына актерлер дайындау мен Алматыдағы Неміс театр академиясына актер дайындаудың төрт курсы өтті. ҚҰӨА неміс тобына түсу үшін неміс болу немесе неміс тілін білу міндетті емес.
Алматыдағы Германия бас консулдығы мен Гете институтының көмегі арқасында студенттер мен актерлер неміс тілін үйрене алады. Сондықтан актерлер ұжымы – көпұлтты. Бұнда қазақтар да, орыстар да, неміс пен украиндер де бар.
Пьесалар үш тілде – қазақ, орыс және неміс тілдерінде қойылады. Театр репертуарындағы спектакльдердің 40 пайызы неміс тілінде өтеді. Наталья Дубстың пікірінше, бұл өте жақсы көрсеткіш. Синхронды аударма жасаудың техникалық қиындықтары бар, сондықтан театр көрерменнің көріністі жақсы қабылдауына қажетті жолдарды іздестіріп жатыр.
ҰҚСАСТАР БІР-БІРІН ТАРТАДЫ
Бұрыннан неміс театрының спектакльдеріне барып тұратын мақала авторы көрермендер арасында жастардың көбейгенін және тұрақты көрермендердің бар екенін байқады. Наталья Дубс та театрға жастардың көп келетінін растады.
- Бізде жастар көп, актерлердің 70 пайызы – жастар, сондықтан жастар жастарды тартады. Бұл өте тамаша, бірақ қиын нәрсе. Жасы қырықтан асқан көрерменнің тілін табу оңайырақ. Қазір жасы отызға толмағандардың әлемді қабылдауы басқадай, олар өзге санатқа жатады.
Жалпы алғанда, Наталья Дубстың пікірінше, неміс театрына заманауи еуропалық драматургияға көңіл бөлетін, шартты тіл формасын түсінуге тырысатын адамдар келеді.
ТЕАТР МАУСЫМЫНДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
Күздің басында театр гастрольде болды. Қазақстанды аралап, Орал, Жезқазған, Сәтпаев, Қарағанды қалаларында болды. Ресейдің Оренбург қаласына барып келді. Жезқазғанда неміс театры республикалық театр фестиваліне қатысты, актриса Александра Биглер "Три сестры" көрінісіндегі Машаның рөлі үшін "үздік әйел рөлін орындаушы" деп танылды.
Жаңа маусымды театр Керстин Шпехтің "Бреющие полеты" қойылымымен ашты. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Наталья Дубстың айтуынша, қойылымда тек өнер академиясы студенттері ойнайды. Бұл олардың дипломдық жұмыстары.
Бұл маусымда неміс театры Мартин Мак Донахтың "Человек-подушка" көрінісін қоюға әзір. Оған да студенттер қатысады. Бұл актер Тимур Бонданканың режиссерлік дебюті.
Режиссураға тартылатын актерлер жетерлік. Актер Әлібек Өмірбекұлы (ол әлі студент) те қойылым қоюға тырысады, оның "Дважды два" спектаклі неміс театрында қойылып жатыр. Александра Биглер де режиссураға ұмтылады, бірақ ол би театрына қызығады.
Жаңа жылдан соң Германиядан режиссер келмек, қазір оған қандай қойылымды ұсыну керектігі талқыланып жатыр. Түрлі шығармашылық ұжыммен бірге гастрольге шығып, жобалар жасау да жоспарда бар.
Сондай жобаның бірі желтоқсанның 2-сі күні жүзеге аспақ. Бұл күні кешке Ташкенттегі "НеоЛит" әдеби бірлестігінің ақындарының қатысуымен, алматылық ашық әдеби мектеп ақындары мен Empire of Choir музыкалық ұжымы және неміс театры актерлері мен режиссерлерінің қатысуымен перформанс өтеді.
ПІКІРЛЕР