Азаттықтың Армян редакциясы жүргізетін "Азатутюн ТВ" интернет телеарнасы 9 желтоқсанда мерзімінен бұрын өтетін парламент сайлауына кандидаттар арасында тікелей эфирде дебат өткізді.
27 қараша күні өткен дебатқа іс басындағы "Менің қадамым" альянсының атынан вице-премьер міндетін атқарушы Тигран Авинян, бұған дейін билікте болған Армения республикалық партиясы атынан Арташес Гегамян, "Біз" альянсы, Көркейген Армения партиясы, Армения революциялық федерациясының және панармяндық "Сасна-Црер" партиясының өкілдері қатысты қатысты. Арташес Гегамян қарашада тарап кеткен парламенттегі Армения республикалық партиясы фракциясының мүшесі болған әрі отставкаға кеткен үкімет саясатын белсенді қолдайды. 90 минутқа созылған дебатты Армян қызметінің директоры Гарри Тамразян мен журналист Карлен Асланян жүргізді.
Дебатқа қатысқандар өздерінің сайлауалды платформаларын таныстырып, экономикалық және саяси мәселелер және оларды шешу жолдары туралы ой-пікірлерін білдірді.
Кандидаттар Арменияда жаңа жұмыс орнын ашу, инвестиция тарту, салық, экономиканы көтеру, сыбайлас жемқорлықпен күрес, өмір сүру стандарттарын жақсарту жайында пікірталас жүргізді. Іс басындағы үкімет пен бұрынғы үкімет арасындағы айырмашылық та сөз болды.
Тигран Авинян "биыл сәуір-мамыр айларында елдің саяси өмірінде болған өзгерістер экономикада да жасалауы тиіс" екенін, армениялықтар экономикада өзгерістер жасауда да белсенді болуы керегін айтты.
Арташес Гегамян бұған дейінгі үкіметтің экономикалық саясатын қорғап, қазіргі билік бет алған бағытты сынады.
"Сасна-Црер" партиясының өкілі Гарегин Чукашян Арменияның Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) қосылғаны дұрыс болмағанын, Ресей бастаған бұл ұйымнан шығуда дербес саясат жүргізуі тиіс екенін айтты.
"Біз" альянсының өкілі Хачатур Кокобелян ЕАЭО-ға қосылу Армения сыртқы саясатындағы "ең үлкен қателік" болғанын мәлімдеді.
Тигран Авинян Арменияның экономикада дербес саясат ұстануы керегін, сонымен қатар ЕАЭО құрамында қала беріп, 200 миллион тұтынушысы бар нарықтан пайда көруі қажетін айтты.
16 қазанда Армения премьер-министі Никол Пашинян мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу мақсатында премьер-министр қызметінен өз еркімен кеткен. Ол ерте парламент сайлауы "тұтас билікті халық қолына тапсыру үшін керек екенін" айтқан.
Армения парламенті Никол Пашинянді екі рет премьер-министр қылып сайламай қойған соң, конституцияға сай парламент тарап, 9 желтоқсанға мерзімінен бұрын сайлау белгіленген. Арменияда сайлауалды үгіт-насихат науқаны 26 қарашада басталды.
ПІКІРЛЕР