Бүгін Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы Әбіш қожа мешітінде осыдан жеті жыл бұрын қаланың орталық алаңында мұнайшылар ереуілі кезінде полиция оғынан қаза тапқандарды еске алды. Жиналған жұрт арнайы мал сойып, құран бағыштады.
Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алуға марқұмдардың туған-туыстары мен "Өзенмұнайгаз" компаниясының мұнайшылары жиналды. Еске алу шарасына билік өкілдері биыл да келмеді.
Мешітте өткен еске алу шарасында туыстарынан айырылған отбасылар бірі баласын, бірі жұбайын еске алып, көздеріндегі жастарын үнсіз сүртіп отырды. Шараны ұйымдастырушылардың бірі, 2011 жылғы мұнайшылар ереуілінен соң құрылған "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" мекемесінің кәсіподағы жетекшісі Марат Жүсіпбаевтың Азаттыққа айтуынша, биыл құран бағыштайтындары туралы әкімдікке хат жазбаған.
- Арамыздағы ақсақалдарымыз Әбіш қожа мешітіне барып, имаммен келісті. Құрбандарды еске алу - жыл сайын өтетін дәстүріміз. Аруақтарға құран бағыштау - міндетіміз, біз қанша жыл өтсе де ұмытпаймыз, -деді Марат Жүсіпбаев.
Оның сөзінше, жылдағыдай биыл да бұл шараны "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" мекемесінің мұнайшылары өз күшімен өткізген. Кәсіподақ жетекшісі екі қой сойылып, құран бағыштаудан өзге, жиналған қаражат туыстарынан айырылған отбасыларына материалдық көмек ретінде таратылып берілгенін айтты.
- Өкінішке қарай, біз жыл сайын еске алатын марқұмдардың қатарына биыл Мақсат Досмағамбетов те қосылды, құрбандар қатары тағы бір адамға толықты, - дейді ол.
Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанда полиция шеруге оқ атқанда қаза тапқандарды еске алу жыл сайын қаладан 12 шақырым жердегі "Теңге әулие" қорымында аталып өтілетін. Былтыр Жаңаөзен қаласының орталығында жаңадан тұрғызылған "Әбіш қожа" мешітінде еске алу шарасын өткізуге мешіт басшылары рұқсат бермеген.
Оқи отырыңыз: Жаңаөзен құрбандарын мешітте еске алуға рұқсат етпеді
2011 жылы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартып, әлеуметтік жеңілдіктер жасалуын талап еткен мұнайшылардың жеті айға созылған наразылық шеруіне желтоқсанның 16-ы күні полиция қарудан оқ атқан. Ресми дерек бойынша, сол күні Жаңаөзендегі қырғында кемінде 16 адам қаза тапқан, жүзден астам адам жараланған. Ертесінде жаңаөзендіктерді қолдап, темір жолды жауып, наразылық білдірген Шетпе ауылындағы толқу кезінде тағы бір адам оққа ұшқан.
2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі оқиғаны түсірген әуесқой видеосы:
Халықаралық демократиялық қауымдастық Қазақстан үкіметінің қарусыз халыққа оқ атқан іс-әрекетін айыптап, қантөгістің мән-жайын анықтау үшін толық және әділетті тергеу жүргізуге шақырған.
2012 жылы "Жаңаөзен ісі" бойынша "өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен жергілікті абақты басшысы мен бірнеше полиция қызметкері, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен қаласы әкімі, мұнай компаниясы менеджерлері сотталған. "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ұрлау" және "тонау" баптары бойынша айыпталған 37 мұнайшының үшеуі толық ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушыға шартты жаза кесілді. Үштен жеті жылға дейін түрме жазасы кесілген 13 адам өздеріне тағылған айыптарды мойындаған жоқ.
Оқи отырыңыз: "Жаңаөзен ісі" бойынша барлық мақалалар
Сонымен бірге Жаңаөзен оқиғасына байланысты оппозициялық саясаткер "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айыппен жеті жарым жылға сотталды. Жаңаөзен ісі бойынша өткен сот процесінде бірнеше адам "тергеу абақтысындағы азаптау" туралы мәлімдегенімен прокурорлар "дәлел таба алмай", қылмыстық іс қозғалмаған. Солардың бірі Мақсат Досмағамбетов, өзінің айтуынша, түрмедегі азаптаудан соң душар болған бет сүйегі рагынан биыл қыркүйектің 29-ында қайтыс болған.
"Жаңаөзен оқиғасына" байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты. Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.
ПІКІРЛЕР