Accessibility links

Грузияның тұңғыш президентінің ұлдары аштық жариялады


Грузияның тұңғыш президенті Звиад Гамсахурдияның ұлдары Константин және Цотне Гамсахурдиялар. Тбилиси, 15 желтоқсан 2018 жыл.
Грузияның тұңғыш президенті Звиад Гамсахурдияның ұлдары Константин және Цотне Гамсахурдиялар. Тбилиси, 15 желтоқсан 2018 жыл.

Грузияның тұңғыш президенті Звиад Гамсахурдияның ұлдары Константин мен Цотне Гамсахурдиялар Тбилисидегі бас прокуратура ғимаратының фойесінде аштық акциясын бастаған. Олар 1993 жылы желтоқсанда қаза тапқан президент Звиад Гамсахурдияны өлтіру оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалуын талап етіп отыр. Наразылық акциясы Звиад Гамсахурдияның қаза тапқанына 25 жыл толуына орайластырылған.

Ресми дерек бойынша, 1991 жылы мамырдың 26-сы күні Грузия президенті болып сайланған Звиад Гамсахурдия 1993 жылы желтоқсанның 30-ында, азамат соғысы аяқталғаннан кейін, оның басшылығындағы жасақ Грузияның екінші президенті Эдуард Шеварднадзенің қарулы топтарынан жеңілген соң өз-өзіне қол салған.

Кей деректерде жеке күзетімен бірге елдің батысындағы Хибула ауылына жасырынған Звиад Гамсахурдияның ауылды грузин арнайы қызметі өкілдері қоршауға алғаннан кейін өзін өзі өлтіру туралы шешімге келгені айтылады.

Бірақ, тұңғыш президенттің ұлдары әкелері "өз-өзіне қол салған" дегенге сенбейді және қылмыстық істі "айыпты ауырлататын жағдайда мемлекеттік қайраткерді өлтіру" бабы бойынша қайта өзгертуді бірнеше жылдан бері талап етіп келеді.

Константин және Цотне Гамсахурдиялар елдің тұңғыш президенті болған әкелерін оның жеке күзетінде болған біреудің қатысуымен грузин арнайы қызметі өлтірген, ал президентті өлтіру туралы бұйрықты Грузияның сол кездегі басшысы, бұрынғы СССР сыртқы істер министрі, қазірде марқұм болған Эдуард Шеварнадзе берген деп санайды.


Көзі тірісінде Шеварднадзенің өзі және оның төңірегінде болғандар Звиад Гамсахурдияны өлтіру қылмысына қатысты айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарған. Грузияның бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы, қазір Мәскеуде тұратын Игорь Гиоргадзе 1993 жылдың соңында Звиад Гамсахурдиа жасырынған ауылды арнайы қызметтің қоршауға алғанын жасырмайды. Бірақ, оның сөзінше, Гамсахурдияны ешкім өлтірмеген, ол 1992 жылы қаңтарда мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде биліктен тайдырылғаннан кейін үнемі өзімен бірге алып жүрген тапаншадан өз самайына атып, өмірмен қоштасқан.

Төңкерістен кейін Звиад Гамсахурдия отбасымен бірге Шешенстанның тұңғыш президенті Джохар Дудаевтың қамқорлығымен Грозный қаласында тұрған. Бірақ Грузиядағы азамат соғысымен бір мезгілде жүрген грузин-абхаз соғысы аяқталардан бірнеше күн бұрын Отанына оралған.

Грузия бас прокуратурасы аштық акциясына қатысты әзірше еш комментарий берген жоқ. Тергеу органының ресми өкілі "тұңғыш президенттің қазасы бойынша тергеу жалғасып жатқанын" ғана айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG