4 қаңтарда Ақтауда Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары арқылы "билікті күштеп басып алуға шақырды" деп айыпталған Айгүл Ақбердиеваның соты жалғасты.
Отырыс кезінде судья Гүлнар Байтұрова сот құрамын жариялады. Айыпталушы Айгүл Ақбердиева сот құрамына бірден қарсылық білдіріп, іске қатысушы прокурор Ермек Нұрбергеновке сенімсіздік танытты.
- Прокурор Нұрбергенов алғашқы сот процесінде судья Мәлік Кенжалиевтің Telegram чаттағы жазбаларыма қатысты кешенді психологиялық-филологиялық сараптама жасау туралы қаулысына қарсы апелляциялық шағым түсірген. Оны Маңғыстау облыстық апелляциялық сот алқасы қанағаттандырды. Сол себепті бұл іске қатысты прокурор Нұрбергеновтің маған деген пікірі мен ойы теріс деп санаймын,- деді Айгүл Ақбердиева.
Судья Гүлнар Байтұрова Айгүл Ақбердиеваның қарсылығын қабылдап, түстен кейін жалғасқан сот процесіне басқа мемлекеттік айыптаушы Аманжол Айтуғанов қатысты.
Айгүл Ақбердиева прокурор Аманжол Айтуғановтың бұрын дәл осындай айыппен сотталған күйеуі Абловас Жұмаевтың ісіне қатысып, айыптау актісін оқығанын және сол сотта өзінен және басқа куәлерден жауап алғанын айтып, оғанда сенімсіздік білдірді. Оны Айгүл Ақбердиеваның адвокаты Жанар Сүндетқалиева да қолдады.
Судья қарсылықты қабылдап, сот басқа прокурордың қатысуымен 11 қаңтарда өтетінін жариялады.
Сотқа куәгер ретінде шақырылған полицейлер Қасымбек Арыстанов, Олжас Укібаев, Ыбырай Жолай мен "өзін белгісіз біреулердің ҚДТ чатына тіркегенін, онда адамдардың билікті күштеп құлатуға шақырып жатқанын оқығаны" туралы шағым түсірген Ақтау тұрғыны Әлия Ембергенова келмеді.
39 жастағы Ақбердиеваға қатысты қылмыстық іс 2018 жылдың 24 қыркүйегінен бері жалғасып келеді. Сол жылы 20 қыркүйекте сот оның күйеуі 45 жастағы Абловас Жұмаевты да ҚДТ чатындағы жазбалары үшін "әлеуметтік алауыздық тудырды", "билікті күштеп құлатпақ болды" деп айыптап, үш жылға бас бостандығынан айырған еді.
Жұмаев айыбын мойындамай, апелляциялық шағым түсірген, бірақ 2018 жылы 5 желтоқсанда Маңғыстау облыстық апелляциялық соты алдыңғы үкімді өзгеріссіз қалдырған. Ерлі-зайыпты Жұмаев пен Ақбердиева өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Жұмаевтың есімін былтыр саяси тұтқындар тізіміне енгізген. Бірақ билік елде саяси себеппен сотталған тұтқындар барын терістейді.
2018 жылғы 13 наурызда Астана соты бас прокуратураның арызымен шетелде тұратын бұрынғы банкир әрі биліктің сыншысы Мұхтар Әбілязов басқаратын ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, Қазақстан аумағында тыйым салған. Содан бері осы қозғалыстың жақтастарына қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған еді.
ПІКІРЛЕР