Қазақстан Ішкі істер министрлігі (ІІМ) "Қарағандыдағы жаппай төбелеске қатысты" деген күдікті Нарек Гуруряннің видеоүндеуіне түсінік берді. Министрліктің ресми өкілі Алмас Садубаевтың хабарлауынша, қазірге дейін Қарағандыда "бұзақылық жасап, 23 жастағы жігітті өлтірді" деген күдікпен сегіз адам қамауға алынған, Нарек Гурурян есімді азаматқа іздеу жарияланған.
Бұған дейін интернетте өзін "Нарек Гурурян" деп таныстырған ер адамның видеоүндеуі жарияланған. Видеодағы ер адам "төбелеске қатысқанын, бірақ ешкімді өлтірмегенін" мәлімдейді. Ол "егер қауіпсіздік пен ашық тергеуге кепілдік берілсе, Қазақстан билігіне берілуге дайын" екенін айтады
"Істеген ісіме жауап беруге дайынмын. Бірақ біреудің ісін мойныма алмаймын. Ешкімді өлтірген жоқпын" дейді видеодағы адам.
Алмас Садубаевтың айтуынша, Қазақстан ІІМ қылмыстық істі шынайы, жан-жақты тергеуге кепілдік береді және күдікті Гурурянға "жағдайы қиындап кетпеуі үшін" полицияға өз еркімен берілуін ұсынады. "Интернетте күдіктінің өз еркімен берілуге дайын екенін мәлімдеуіне байланысты екі күн бұрын оның туыстарына қызметкерлеріміздің байланыс нөмірлері берілді. Алайда, бүгінге дейін ешкім байланысқа шықпады" деді Садубаев.
Ол тергеу амалдары ішкі істер министрлігінің бақылауына алынғанын айтады.
Бұған дейін Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті 22 жастағы Гурурянның және ұсталған үш адамның фотосын жариялаған.
Қарағанды облыстық әкімдігінің хабарлауынша, Жаңа жыл түні Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінде төбелес болып, бір адам қаза тауып, төрт адам жарақаттанған. Барлығы жеті адам ұсталған. Тағы бір адам Нарек Гурурянға халықаралық іздеу жарияланған.
6 қаңтарда Қарағандыда жүздеген адам "қылмыскерді" табуды талап еткен. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов іздеу жұмыстары жүріп жатқанын айтқан.
Қарағандыдағы оқиғаға қатысты Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян мен осы елдің сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасаған.
ПІКІРЛЕР