Accessibility links

Қырғызстан СІМ: Ирак пен Сириядағы азаматтарымызды қайтарамыз


Сирияның Ракка қаласынан қашқан әйелдер. Көрнекі сурет
Сирияның Ракка қаласынан қашқан әйелдер. Көрнекі сурет

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, билік Сирия мен Ирактағы қырғыз азаматтарын елге қайтаруға күш салып жатыр. Азаттықтың Қырғыз қызметіне жіберген ресми жауабында министрлік қазіргі кезде аталған екі елдегі қырғыз азаматтарының санын, аты-жөнін анықтау бойынша жұмыстар жүріп жатқанын жазған.

Бұл бағыт бойынша жұмыстар Қырғызстанның Түркия, Кувейт елшіліктері арқылы жүріп жатыр. Бұған қоса, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзге елдермен ынтымақтастық байланысы арқылы да жүзеге асып жатыр.

Бұған дейін Сириядағы қырғыз әйелдер ел билігінен Қырғызстанға оралуына көмектесуін сұраған. Журналистерге берген сұхбатында олар өздерінің этникалық күрдтердің қолына түскенін, бірақ олардың елдеріне кетуге рұқсат бергенін айтқан.

Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми өкілі Рахат Сулайманов та қырғыз әйелдерінің көмек сұрағанын растаған. Оның айтуынша, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті сыртқы істер министрлігімен бірлесе жұмыс істеп, мәселенің шешімін табуға тырысып жатыр.

2018 жылы шілде айында Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Сириядағы қақтығыс ошақтарына шамамен 850 қырғыз азаматының кеткенін, олардың 150-і мерт болғанын хабарлаған. Комитет дерегінше, шамамен 140 әйел "Ислам мемлекеті" террористік тобына қосылған. Олардың көбі Сирияға балаларымен барған немесе сол жерде босанған.

Оқи отырыңыз: Иракта тәжік әйелдер өмірлік түрме жазасына кесілді

9 қаңтарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Жусан" арнайы операциясы барысында Сирия аумағынан 47 қазақ азаматының елге эвакуацияланғанын мәлімдеген. Олардың 30-ы - бала, 11-і - әйел, алтауы - ер адам.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG