Accessibility links

Көп балалы аналар наразылығы. Себебі тереңде ме?


Астана әкімдігіне талаптарын айтуға келген аналар. 15 ақпан 2019 жыл.
Астана әкімдігіне талаптарын айтуға келген аналар. 15 ақпан 2019 жыл.

Астанада өртенген үйде қалып қойған бес қыз баланың қазасынан кейін көп балалы аналардың билікке талап қоюы әлеуметтік жағдайы нашар топтардың жеткілікті қолдау алмай отырғанын көрсетті. Және мемлекет саясатындағы жұрт көңілінен шықпайтын басқа да көптеген мәселелердің бетін ашты.

"Екі балам бар. Тағы үш сәби сүйгім келеді. Бірақ көп балалы болсам, жеңілдік алатыныма кім кепіл?" деп сұрады Астанада шенеуніктермен кездесуге келген әйелдердің бірі көкейіндегісін сыртқа шығарып.

Ақпанның 6-сы күні Астанада жүздеген ана көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғауды күшейту туралы талаптарын билікке жеткізді. Олар босанғанда және баланы бағып-күту кезінде төленетін жәрдемақы көлемін көбейтуді, қосымша төлемдер мен жеңілдіктер қарастыруды, баспана мәселесін шешуді талап етті.

Астанадағы жиын ата-анасы түнгі жұмысқа кеткенде өртенген үйде қалып қойып мерт болған бір отбасындағы кәмелетке толмаған бес қыз жерленген күннің ертесінде аяқастынан басталған еді.

"Регламентті қайтарыңдар! Төрт баласы барларға қатысты регламентті қайтарыңдар! Соны талап етеміз!" деді бірнеше телекамераның алдында сөйлеген әйел. Оның қасындағы оншақты ана бұл талапты қолдады.

"10 мың теңге жәрдемақыны қайда жеткіземін?" (6 ақпан 2019 жыл)

"10 мың теңге жәрдемақыны қайда жеткіземін?"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Ол айтқан "регламент" - 2018 жылға дейін қолданыста болған заң нормасы. Көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері сол бойынша анықталатын. Төрт және одан көп баланы тәрбиелеп отырған анаға мемлекет (үлкен баласы 18 жасқа толғанша) 4,16 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде ақша төлейтін.

Биыл АЕК 2 525 теңгеге тең, қазір 4,16 АЕК – айына 10 мың 504 теңге немесе 28 долларға жуық. 2018 жылдың қаңтарына дейін есепке тұрып үлгергендер осындай азғантай жәрдемақы мөлшерін сақтап қалған. Бұл ақшаға бір реттік жөргектің екі қорабын немесе бес-алты килограмм сиыр етін сатып алуға болады. Ал былтырғы қаңтарға дейін құжаттарын рәсімдеп, жергілікті билік органдарына тапсырып үлгермегендерге жәрдемақы басқаша төленеді.

Әуелі Астанада, кейін басқа аймақтарда да өткен көп балалы аналар жиынында әйелдер жәрдемақының мардымсыз екенін және оны алудың машақатын (көп анықтама жинау керек) айтып шағынды. Олар өз пікірлерімен санаспай қабылдаған заң өзгерісі жұртқа төбеден жай түскендей әсер еткенін жеткізді.

Наразы аналардың билікке талабы:

Билікке наразы көп балалы аналар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ МӘСЕЛЕ

Астанада ақпанның 4-іне қараған түні өртенген үйде қалып қойған бес баланың қазасы және оған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың "көп балалы аналар өмір бойы мемлекеттен "миллион" алады" деген сөзі наразылықтың басталуына түрткі болды деп санайды сарапшылар.

Олардың сөзінше, мәселенің тамыры тереңде жатыр: шенеуніктер тұрғындармен кеңеспей, өз қалауынша шешім қабылдайды, құр даңғаза мақтанға қомақты қаржы шашып, халықтың әлеуметтік қажеттілігіне келгенде ақша үнемдей қалады. Сондықтан мұндай саясатқа наразылар көбейіп келеді.

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбеталиеваның пікірінше, Қазақстанда "мемлекеттің қоғаммен кез келген әлеуметтік ұсынысты және бастаманы талқылау тетіктері жоқ".

- Мысалы, көп балалы аналарға жәрдемақы төлеу шартының өзгергені туралы жақында ғана естідім. Білуімше, көпшілік талқысынан өткізбеген. Мемлекет мұның бәрін тұрғындардың құқықтық сауаттылығы төмен, енжар деп түсіндіреді. Бірақ оған тиісті жағдай жасалуы керек қой. Ал оның орнына билік ақпараттық вакуум жасап қойған. Әлеуметтік желіде мемлекет бастамасын сынаушыларға полиция қызметкерлері келіп, "профилактикалық әңгіме" өткізеді. Ондай шаралардан соң қоғам белсенділік танытпай отыр деуге бола ма? - дейді Толғанай Үмбеталиева.

Оның сөзінше, енгізілгелі жатқан өзгерісті талқылау мерзімін депутаттар да, үкімет те есепке алмайды. "Ресми баспасөзде кезекті заңнама өзгерісі сондай сұрықсыз түрде ұсынылады, оны тіпті маманның өзі ұқпайды. Сондықтан жұрттың көбі өмірлерінде болатын маңызды өзгерістен хабарсыз қалады" дейді сарапшы.

Екінші жағынан, Үмбеталиеваның айтуынша, тұрғындар да талқылауға қатысуға дағдыланбаған, бұрынғы әдеті бойынша мемлекетке сеніп жүре береді.

Орталық Азиядағы экономикасы әлсіздеу өзге көршілеріне қарағанда Қазақстан көптеген жылдар бойы әйелдерді көбірек бала тууға үндейтін саясат жүргізді. Еңбек мигранттарының сырттан аударатын ақшасына тәуелді Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның көп балалы болуды ынталандыруға экономикалық ресурсы жетпейді. Өзбекстанда халықтың тығыз орналасуы – өз алдына жеке проблема.

Азаттықтың Өзбек қызметінің директоры Әлішер Сыдық. Прага, 15 ақпан 2019 жыл.
Азаттықтың Өзбек қызметінің директоры Әлішер Сыдық. Прага, 15 ақпан 2019 жыл.

- Үкімет мұны тежеп ұстауға тырысады. Бірнеше жыл бұрын әйелдерге мәжбүрлеп стерилизация жасатқызбақ болғанда дау шықты. Ол жәрдемақы мөлшеріне де әсер етеді. Оны алу үшін көп құжат жинау керек. Мысалы, тіпті жұмыссыз ретінде ресми тіркеуде тұрған адам Ресейде жұмыс істеп жүрсе, онда отбасының жалпы табысы есепке алынады, - деді Азаттықтың Өзбек қызметінің (Озодлик радиосы) директоры Әлішер Сыдық.

Қазақстан билігі елдегі демографиялық жағдайды жақсарту керектігі туралы ұзақ уақыт бойы айтып келді. Тәуелсіздік жариялаған тұста республика халқының саны 16 миллионнан асты. 2012 жылы көрсеткіш сол 16 миллион төңірегінде болған кезде президент Назарбаев алдағы жылдарда халық санын 20 миллион адамға жеткізуді мақсат етіп қойғанын және оған қол жеткізуге болатынын мәлімдеді (2019 жылы ел тұрғындарының саны 18 миллионнан асады). Бірақ билік көп бала тууға шақырғанымен, көп балалы отбасыларды тиімді әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі ойластырылмаған сыңайлы.

"ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ" КӨМЕК

Аналардың жаппай наразылық білдіріп, талаптарын айта бастаған соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті билік органдары сайттарына аналар үшін өзекті ақпараттарды жариялауға кірісті. Қазір аймақтарда министрліктің бөлімше қызметкерлері тұрғындарға жәрдемақы алу шарты туралы кеңес беріп жатыр.

Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы Раушан Саттықованың айтуынша, әлеуметтік көмектің үш түрі (18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы, атаулы әлеуметтік көмек және көп балалы отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы) 2018 жылдың қаңтарынан бастап жаңа форматтағы бірыңғай әлеуметтік көмекке біріктірілді.

Бұрын атаулы әлеуметтік көмек көп балалы аналар мен бір адамға шаққандағы табысы күнкөріс минимумынан 40 пайызға төмен отбасына берілсе, енді шекті деңгейді күнкөріс минимумының 50 пайызына дейін көтерді (14 850 теңге).

Яғни, алты адамнан тұратын отбасының (ата-анасы мен төрт баласы) айлық табысы 89 мың 100 теңгеден аз болса, ол атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.

Мұндайда тұрғын үйде бірге тұратын және осында тіркелген отбасы мүшелерінің барлығының ортақ табысы есепке алынады. Мысалы, егер көп балалы ата-анамен бірге зейнеткерлер, мүгедектер немесе студенттер тұрса, олардың зейнетақысы, жәрдемақысы мен стипендиясы да отбасына кіретін табыс ретінде есепке алынады. Алимент де есептеледі. Шенеуніктермен кездесулер кезінде көп балалы аналар мүгедек адамға берілетін жәрдемақыны отбасының табысына қосу - шектен шыққандық деп мәлімдеп, оны отбасының ортақ табысына қоспауға шақырды.

Көп балалы отбасы бір мекенжайға ғана тіркелуі керек, жәрдемақыны тек тіркелген орны бойынша ала алады. Тағы бір талап – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамту орталығына есепке тұруы керек, сол жерде оларды қызметке орналастырады немесе мамандыққа даярлау орталықтарына жібереді. Ал еңбекпен қамтудан бас тартқан адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды.

Аналардың жаппай бас көтеріп, билікке талап қойып, мәлімдеме жасауы арқасында бұрын көп баласы бар отбасыларға қандай көлемде жәрдемақы төленетіндігінен хабарсыз болып келген қазақстандықтардың көбі енді мұнайға бай елде төрт баласы бар отбасының мемлекеттен өте аз мөлшерде жәрдем алатынын білді.

КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАРДЫҢ СӨЗІНЕН КЕЙІН БЕРІЛГЕН УӘДЕ

Көп балалы отбасылар мәселесін байланысты билікке талап қойғандарға аймақтағы аналар да үн қосып, бұл мәселе жергілікті БАҚ беттерінде басты тақырыпқа айналған соң билік өкілдері арыз-өтініштердің жерде қалмайтынын мәлімдеді. Енді әкімдіктер көп балалы отбасыларға жалға пәтер беру жолдарын, тұрғын үйге субсидия беру тетіктерін ойластырамыз дейді.

Жергілікті шенеуніктер қосымша көмек көрсету мүмкіндігін қарастырып, оған жергілікті бизнесті тартып жатқандарын айтады. Үкімет жанынан "ел азаматтарының өмір сапасын жақсарту және табысты арттыру, соның ішінде көп балалыларға қолдау көрсету шарасын жақсарту" жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Қаржы министрі Әлихан Смайылов ақпанның 11-і күні "бюджет параметрін есепке алғанда көп балалы аналарға арналған жәрдемақыны көтеруге болатынын" айтты.

"Халыққа жағдай жасаса, әкімдікті жағаламас едік"

"Халыққа жағдай жасаса, әкімдікті жағаламас едік"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:19 0:00

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова ақпанның 19-ы күні көмекке зәру көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға "жеткілікті табыс деңгейімен қамтамасыз ету үшін жақсы қаржылық қолдау көрсетілетінін" хабарлады. Бірақ нақты сомасын атамады.

"Отбасының жеке қажеттілігін есепке алу керек – денсаулық жағдайы, тұрғын үй - тұрмыстық жағдайы және білім алу қажеттілігі, ақшалай көмекке мұқтаждығы және басқа да әлеуметтік қызметтерді ескеру керек" деді Әбілқасымова.

Ақпанның 21-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметті таратты. Ол Бақытжан Сағынтаев басқарған министрлер кабинетін "экономиканың сапалы өсіміне қажетті ынталандыру жасамады және халықпен жұмыс істей алмады" деп сөкті. Сарапшылардың пікірінше, үкіметтің кетуіне көп балалы аналар наразылығы мен биліктің оған реакциясы да әсер еткен.


  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG