Accessibility links

"Путин Назарбаевтан үлгі ала ма?"


Назарбаев пен Тоқаев Наурыз мейрамында. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.
Назарбаев пен Тоқаев Наурыз мейрамында. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.

Осы аптада Батыс басылымдары Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кеткен мәлімдемесі туралы жазды. Халықаралық басылымдар “Путин Назарбаевтың сценариін қайталай ма?” деген сауалға да жауап іздеді.

Америкалық Washington Post газеті Назарбаевтың президенттіктен кеткенін "әлемдегі саяси маңызды аймақта қауіпті өтпелі кезең басталды" деп сипаттайды. Басылымға сұхбат берген сарапшылар “Назарбаев Қазақстандағы ең ықпалды адам ретінде қалатынын, орнына келетін ізбасарын өзі таңдайтынын” айтқан. WP “елде алда болатын президент сайлауы қатаң бақылаумен өтеді” деп болжайды.

Америкалық басылымға сұхбат берген қазақстандық саясаттанушы Талғат Мамыраимов "Қазақстанда маңдайшадағы жазулар ғана ауысты. Назарбаев ел басқара береді" деген. Оның ойынша, Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева – президент сайлауында фаворит.

Washington Post Қазақстанда демография тез өзгеріп, қазақтардың саны артып жатқанын жазған. Басылымның пайымдауынша, "Қазақстанда ұлттық, діни және батысты қолдайтын топтар көбейген және осы топтар Назарбаевтың билікті тапсыру жоспарына қауіп төндіруі мүмкін".

WP басылымында сұхбат берген Мамыраимовтың ойынша, Қазақстан билігі саяси алаңды қарсыластардан тазарту үшін мемлекетте бақылауды күшейтеді.

"ДИНАСТИЯ" ЖӘНЕ "НАЗАРБАЕВ КУЛЬТІ"

Ағылшын тілді Eurasianet.org сайтында Джоана Лиллистің "Президенттің тегі – Тоқаев, аты – Нұрсұлтан" атты блогы жарияланды.

Қазақстан туралы "Dark Shadows" атты кітап жазған Лиллистің пікірінше, Назарбаев "өз мұрагерлігін реттеу үшін" Тоқаевты таңдаған. Жаңа президент бірінші күннен бұл міндетті орындауға кірісті.

"Тоқаев – реформатордан гөрі әкімшіліктің адамы. Ол да Назарбаев сияқты Совет одағының өнімі. Назарбаев батыс тілшілерінің алдына өзі шықпай, Тоқаевты жіберетін" деп жазды сайттың бас редакторы Лиллис.

Лиллис Қазақстанда Өзбекстандағы сценарий қайталануы екіталай деп болжайды.

"Өзбекстанда Шавкат Мирзияев билікке келіп, бұрынғы президент Ислам Каримовтың реформаларын бұзды. Мұндай сценарий Қазақстанда қайталануы қиын. Қазақстандағы Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік төрағасы Назарбаев елдегі саяси шешімдерге әсер ету құқығын сақтап қалды. Саяси ойындарды реттей түсу үшін Тоқаев Назарбаевты өмірлік сенатор етіп тағайындады" дейді Лиллис.

Автор Қазақстанда "династия күшейгенін" жазды.

"Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат спикері болды. Егер Тоқаев орнынан кете қалса, президенттік Назарбаеваға өтеді. Елде Назарбаев культі артып барады. Оны ұлт әкесі етіп көрсету негізгі тақырыпқа айналды. Тоқаев – Елбасы мен Ұлт көшбасшысының ісін жүзеге асырушы" дейді Лиллис.

"ШОУМЕН"

Ұлыбританиялық Economist журналы "отыз жылдай ел басқарған Назарбаев биліктен өз еркімен кете салуы қиын. Ондай адамдар биліктен төңкеріс арқылы немесе табытпен кетеді. Бірақ Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып келе жатқан 78 жастағы Назарбаев үшінші жол тапқысы келеді" деп жазды.

Economist Назарбаевтың эфирде жасаған мәлімдемесін "шоуменнің ісі" деп сипаттайды.

"[Назарбаев] Совет одағы құлаған соң Қазақстанды дамыттым деп ойлайды. Ол эфирде елде демократия құрдым деп сенімді түрде айтты. Бірақ Назарбаев елде отыз жылдай сайлау нәтижелерін бұрмалап, саяси қарсыластарын қудалап, сөз бостандығын шектеп келді. Келесі президент оппозиция қатарынан шықпайтыны анық. Себебі Назарбаев елдегі оппозицияны жойған. Келесі президент сценариі алдын ала жазылған сайлау арқылы келер. Бәлкім ол 98 пайыз дауыс жинар" деп жазды Economist.

Журналдың жазуынша, Назарбаев өзі айтқандай "халықпен бірге болады".

Америкалық Wall Street Journal басылымы Назарбаевтың күтпеген шешімі Ресей мен Қытайдың "оң жамбасына келеді".

Журналға пікір білдірген сарапшылар "Назарбаев Мәскеу мен Пекинді сыйлап келген. 65 жастағы Тоқаев – бұл істі жалғастыруға таптырмас кандидат. Бұрынғы сыртқы істер министрі ретінде ол екі елмен де жұмыс істеген" дейді.

"КРЕМЛЬДІҢ НҰСҚАСЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?"

Америкалық Bloomberg ақпарат агенттігі Қазақстандағы билік ауысу сценариі Ресейде қайталану мүмкіндігін бағалады.

"Путин басқарып отырған Ресейдегі жағдай да Қазақстанға ұқсап барады. Екі елді де бір президент ұзақ басқарып келеді. Екеуі де қолдан жасалған кандидаттармен сайлауға түсті. Екеуінің де партиясы – билікте" деп жазды Bloomberg.

Басылымның пайымдауынша, 2011 жылдың соңы мен 2012 жылдың басындағы наразылық шараларынан кейін Путин елді полиция күзететін мемлекетке айналдырып, наразыларды қуғындауды күшейткен. Bloomberg "Назарбаев та 2011 жылғы желтоқсанда, Жаңаөзен оқиғасынан кейін оппозицияны қуғындап, қысымды күшейтті" деп жазады.

Агенттіктің пайымдауынша, Назарбаев президенттікті тапсырмас бұрын билікте қалу жолын ойластырды.

"Бірақ Назарбаев Ресей сияқты айналасына агрессия танытқан жоқ. Ол көршілерімен тату болып, сауда қарым-қатынасын дамытты" деп жазды басылым.

"Путин тек Конституцияны өзгертіп, Ресей қауіпсіздік кеңесі басшысының өкілетін кеңейтіп, өзін өмір бойы басқарушы етіп тағайындауы керек. Бірақ Путин Назарбаев сияқты билігін ашық күшейтуден тартыншақтанады" деп жазады басылым.

Ресей конституциясына сай, 66 жастағы Путин алты жылдан кейін, 2024 жылы сайлауға түсе алмайды. Қайта президент сайлауына түсу үшін алты жыл үзіліс жасауы тиіс.

"Путин отбасының қауіпсіздігін ойлауы керек. Оның президенттік мерзімі аяқталып келеді. Бірақ ол тізгінді босатуға дайын емес сияқты. Соңғы саяси оқиғаларды ескерсек, ол Беларусьті Ресейге қосып, жаңа мемлекет құрып, соны басқаруы мүмкін. Ол кезде Назарбаевтың сценариі Путинге керексіз болып қалады. Бірақ ол Қазақстандағы билік транзитін бақылап отырады. Егер Назарбаевтың жоспары орындалса, Кремль де осы сценариді көшіруі ғажап емес" деп жазды Bloomberg.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG