Ұлыбритания үкіметі Еуропа одағы құрамынан шығудан (Брекзит) бас тартуға шақырған онлайн петицияға қол қойған алты миллионға жуық азаматының талабын қолдамады.
Парламент сайтында шыққан петицияның астында жарияланған ресми жауабында үкімет 2016 жылы өткен референдум қорытындысын қуаттайтынын және елдің Еуроодақ құрамынан шығуын қамтамасыз ету үшін жұмысты жалғастыратынын мәлімдеген. Үкімет Лиссабон келісімінің 50-бабынан (Еуропа одағы құрамынан шығу құқығы туралы) бас тарту "демократия мен миллиондаған сайлаушының үкіметке артқан сеніміне" қайшы деп санайды.
Үкімет Ұлыбританияның Еуроодақ құрамында қалуын жақтап петицияға қол қойған миллиондаған азаматтың қалауын құрметтейтінін айтқан. Алайда бұл барша британ сайлаушыларының төрттен үш бөлігі қатысқан 2016 жылғы референдум қорытындысынан бас тартуға негіз бола алмайды деп біледі.
1 сәуірде парламентте петицияны талқылау жоспарланған. 27 наурызда қауымдар палатасы Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуының балама жолдары туралы ұсыныстар бойынша дауыс бермекші. Тереза Мэй үкіметі парламенттің бұл шешімін сынап, оны "демократиялық институттар арасындағы теңгерімге қатер төндіретін прецедент" деп атаған.
Бұған дейін қауымдар палатасы Еуропа одағымен келісім жобасын қолдаудан екі рет бас тартқаннан кейін Брюссель егер британ парламенті келісімді мақұлдайтын болса, Брекзит уақытын 29 наурыздан 22 мамырға ауыстыруға келіскен.
Егер парламент келісім жобасын қолдаудан тағы да бас тартса, Лондон 12 сәуірге дейін Брюссельге Брекзит бойынша тың ұсыныс жасауы керек. Олай болмаған жағдайда Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан ешқандай келісімсіз шығады.
ПІКІРЛЕР