Accessibility links

Еуропа соты MH17 апатында мерт болғандардың туыстарының арызын Мәскеуге хабарлады


Әуеден құлаған малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағының бөлшектерін суретке түсіріп тұрған журналист. Грабово селосы, Донецк облысы, 18 шілде 2014 жыл.
Әуеден құлаған малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағының бөлшектерін суретке түсіріп тұрған журналист. Грабово селосы, Донецк облысы, 18 шілде 2014 жыл.

Еуропа адам құқықтары жөніндегі сот 2014 жылы Донбасста МН17 рейсі апатқа ұшырағанда қаза тапқандардың 380 туысының Ресей үстінен шағымданғаны туралы Мәскеуге хабарлады. Бұл туралы сот сайтында жарияланды.

Арыз жазғандар арасында Австралия, Германия, Нидерланд, Малайзия мен Израиль сияқты оннан аса елдің азаматтары бар. Еуропа сотының жазуынша, арызданғандар Ресейді ұшақ апатына тікелей не жанама кінәлі деп санайды. Құжатта "Мәскеу өзі тергеу жүргізбеген, тергеу жүргізген елдермен серіктестікке бармаған" деп жазылған.

2014 жылы 17 шілдеде Malaysian Airlines әуе компаниясының MH17 рейсімен Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшып бара жатқанда Украинаның Донецк облысы аумағына құлаған Boeing 777 жолаушылар ұшағындағы 298 адам түгел қаза тапқан.

Апат себептерін тексерген халықаралық тергеу тобы ұшақты "Бук" зениттік зымыран кешенімен әуеден атып түсірген деген тұжырым жасаған. Тергеу болжамы бойынша, қаруды Ресейден жеткізген және зымыранды Украинаның шығысындағы сепаратистер бақылайтын аймақтан атқан.

2015 жылы Нидерланд Boeing 777 жолаушылар ұшағының апаты туралы іс бойынша халықаралық трибунал құруды ұсынған. Ресей бұл бастамаға қарсы болып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында оны өткізбей тастаған.

Мәскеу малайзиялық ұшақ апатына қатысы бары туралы айыптауларды жоққа шығарады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG