Accessibility links

"Көкжайлау" жобасын кейінге қалдыруды Тоқаев "ұсынған"


Көкжайлау. 30 қыркүйек 2018 жыл.
Көкжайлау. 30 қыркүйек 2018 жыл.

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында "Көкжайлау" курортының жобасын кейінге қалдыру шешімін қолдайтынын мәлімдеді.

"Алматы қаласының əкімі Бауыржан Байбек сарапшылардың бағалауы мен қала тұрғындарының пікірін зерттеп, зерделеу үшін "Көкжайлау" тау-шаңғы курортының жобасын кейінге шегеруді ұсынды. Менің ұсынысым бойынша қабылданған бұл шешімді қолдаймын. Мұндай маңызды мәселеде асығыстық танытуға болмайды" деп жазды Тоқаев Twitter парақшасында.

8 сәуірде өткен қоғамдық кеңес отырысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек "сарапшылар пікірін қарап, жаңа орын іздеп, жобаны дамыта түсу үшін" "Көкжайлау" курортының құрылысын кейінге шегеруді ұсынған.

Алматыға жақын "Медеу" мұз айдынынан төрт километр қашықтықта орналасқан шатқалға курорт салу жобасы 2002 жылы көтерілген. Алматы билігі оның тау экожүйесіне зиян келтірмейтінін айтады. Қалалық әкімдіктің пікірінше, жоба туризмді дамыту үшін өте маңызды.

Көкжайлауға курорт салуға қарсы қоғамдық экологтардың шағымы бойынша сотта бес іс қаралды. Прокуратураға жиырмадан астам арыз түсті.

2017 жылы Орхус конвенциясын сақтау мәселелері жөніндегі комитет "Қазақстанның жобаны талқылауға қоғам өкілдерін қатыстыру ісінде Конвенция талаптары мен жергілікті заңнаманы сақтамаған" деп мәлімдеген.

2018 жылы күзде Алматы қаласы әкімдігі бастапқы жобаны қайта қарап, ықтимал құрылыс аумағын 14 есе қысқартқан. Бірақ қоғам өкілдері билік жоспарымен әлі де келіспейді. Олардың айтуынша, қонақүй, кафе, инфрақұрылым нысандарын салу таудың экологиялық жүйесіне үлкен зиян келтірмек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG