Accessibility links

Тоқаев Сириядан 231 қазақстандық елге жеткізілгенін мәлімдеді


Сирияның Ракка қаласынан қашқан тұрғындар. Көрнекі сурет
Сирияның Ракка қаласынан қашқан тұрғындар. Көрнекі сурет

7 және 9 мамыр күндері Сириядан Қазақстанның 231 азаматы елге жеткізілді. Бұл туралы 10 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Тоқаевтың мәлімдемесін Ақорданың баспасөз қызметшісі Берік Уәли Facebook парақшасында жариялады.

"Елге жеткізілгендердің - 156-сы бала, олардың көбі мектеп жасында. Тағы 18-і бала - жетім" деп жазылған мәлімдемеде. Қазақстан билігі бұл гуманитарлық шара "Жусан" операциясының жалғасы екенін айтады.

Тоқаевтың мәлімдеуінше, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар елге қайтарылған азаматтарға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Президент мәлімдемесінде гуманитарлық шара жалғасатыны айтылған.

Бұған дейін 9 қаңтарда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев "Жусан" арнайы операциясы нәтижесінде Қазақстанның 47 азаматы Сириядан оралғанын мәлімдеген.

2018 жылы шілде айында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Азаттыққа Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткенін хабарлаған. Комитет Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдарда Қазақстаннан кеткен 120 ер адам, 250-ден астам әйел және 500 бала барын айтқан.

Осыған дейін Азаттықта жарияланған мақалаларда баласы Сирияда қаза болғанын, сонда қалған келіні мен немерелерін Қазақстанға қалай қайтарудыбілмей жүргенін айтып бірнеше ата-ана шағымданған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG