Accessibility links

Түркіменстан президенті ұлын уәлаят басшысы етіп тағайындады


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың ұлы Сердар Бердімұхамедов.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың ұлы Сердар Бердімұхамедов.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов ұлы Сердар Бердімұхамедовті Ахал уәлаятының (облысы) әкімі етіп тағайындады. Бұл ақпаратты Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады. Қаңтар айында уәлаят әкімінің орынбасары болып тағайындалған президент ұлы бұл қызметте толық алты ай жұмыс істеп те үлгермеді.

Маусымның 17-сі күні Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдары 36 жастағы Сердар Бердімұхамедовтің Ахал уәлаятының әкімі болып тағайындалғанын хабарлады.

Бірнеше ай бұрын құпия ақпарат көздері Азаттықтың Түркімен қызметіне президент Бердімұхамедовтің ұлын Лебап уәлаятының әкімі ретінде тағайындамақ болып отырғанын хабарлаған. Бірақ белгісіз себептермен бұл жоспарынан бас тартқан.

Сердар Бердімұхамедов бұған дейін Ахал уәлаяты әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Бұл қызметке келгеніне де толық алты ай болмаған.

Түркіменстан президентінің жалғыз ұлының саяси карьерасы 2016 жылдың соңында басталды. Ол осы жылы қараша айында өткен қосымша парламент сайлауынан кейін түркімен парламентінің мүшесі атанды. 2018 жылы наурыз айында елдің сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалғанға дейін бірнеше министрлікте және агенттікте жұмыс істеді. Кіші Бердімұхамедов сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалған соң тәуелсіз бақылаушылар оны биліктегі әкесінің ықтимал мұрагері деп атай бастады.

Түркіменстан президенті қызметіндегі әкесінің қолынан атасының атындағы медаль алған майор Сердар Бердімұхамедов.
Түркіменстан президенті қызметіндегі әкесінің қолынан атасының атындағы медаль алған майор Сердар Бердімұхамедов.

Ресми баспасөзде оны "халық ұлы" деп жиі атайды. Әкесі мен ұлы қатысқан шаралардан хабар тарататын мемлекеттік БАҚ "ұрпақтар сабақтастығының үлгісі" тіркесін көп пайдаланады.

Кіші Бердімұхамедов бұған дейін түрлі халықаралық кездесулерге Түркіменстан атынан қатысқан. Әдетте президент баратын жиындарда кейде әкесін алмастырады.

2018 жылы Орталық Азия елдерінің басшылары саммитіне, ТМД елдері министрлер кеңесіне қатысты.

2017 жылы көктемде және жазда шетелге шығып, бірқатар жоғары лауазымды саясаткерлермен кездесу өткізген. Отан алдында қызметі үшін марапатталған. Түрлі қоғамдық шаралардан да жиі байқалған.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) осы елдің президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың ұлы Сердар Бердімұхамедовпен кездесіп отыр. Нұр-Сұлтан, 15 наурыз 2018 жыл.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) осы елдің президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың ұлы Сердар Бердімұхамедовпен кездесіп отыр. Нұр-Сұлтан, 15 наурыз 2018 жыл.

2019 жылы наурыз айында ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедов "Мемлекеттік билік пен басқару органдарында туыстардың бірігіп қызмет етуін шектеу" туралы заңның күшін жойды. Бұл заң кіші Бердімұхамедовтің жоғары лауазымды қызметтерге тағайындалуына кедергі келтіріп келген.

Мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Ахал уәлаятының бұрынғы әкімі Назармырат Назармырадов Дашогуз уәлаятың әкімі болған. Ал Дашогуздың бұрынғы әкімі басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылған.

61 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедов Орталық Азиядағы табиғи газға бай Түркіменстанды өзіне дейінгі президент Сапармұрат Ниязов қайтыс болған 2006 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келеді.

Түркіменстан билігін сынайтындар мен құқық қорғаушылар Бердімұхамедовтің билікке келгелі өзгеше ойлайтындарды қудалағанын және айтарлықтай өзгеріс жасамағанын айтады. Президент Бердімұхамедовтің жалғыз ұлынан басқа үш қызы бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG