Accessibility links

Ливияда мигранттар лагеріне шабуылдан кемінде 40 адам өлген


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

3 шілдеде Ливия астанасы Триполидегі босқындар лагеріне әуе шабуылынан кемінде 40 адам қаза тауып, 80 адам жараланған. Бұл туралы елдің халықаралық қауымдастық мойындаған үкіметінің өкілдері хабарлады. Ливия билігі әуе соққысына Триполиге сәуір айының ортасында шабуыл жасаған генерал Халиф Хафтардың "Ливия ұлттық әскері" күштерін айыптап отыр.

Қаза болғандардың көбі Еуропаға өтпек болған Африка елдерінен келген мигранттар. Соңғы жылдары Еуропаға жеткісі келетін мигранттар негізінен Ливия арқылы барғанды жөн көреді.

Жедел қызмет өкілінің AFP агенттігіне хабарлауынша, бомбаның бірі шамамен 120 адам отырған жерге түскен.

"Ливия ұлттық әскері" күштері босқындар лагеріне шабуылға қатысы барын терістеген.

2011 жылы Ливияда Муаммар Каддафи режимі құлағалы бірнеше ұйым ел аумағына бақылау орнату үшін соғысып келеді. Ірі күштің көбі Біріккен ұлттар ұйымының қолдауымен құрылған, Ливияның батыс бөлігін бақылайтын Ұлттық келісім үкіметі мен өздерін "Тобруктегі үкімет" атайтын Халифа Хафтар басқаратын әскерилер маңына шоғырланған.

Кезінде Мәскеуде оқыған Халифа Хафтар соңғы жылдары бірнеше рет Ресейге барып қайтқан. Болжам бойынша, Ресей билігі Хафтар әскерін қолдайды. Олардың арасында "Вагнердің жекеменшік әскери компаниясы" ("ЧВК Вагнера") деген атауымен белгілі ресейлік қарулы топ та болуы мүмкін.

Триполи үшін қақтығыстарда биыл сәуірден бері 500-ден аса адам қаза тауып, 75 мыңнан аса жергілікті тұрғын үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG