Accessibility links

Дерті асқынған Мұхтар Жәкішевті қамаудан босатпады


Мұхтар Жәкішев
Мұхтар Жәкішев

Шілденің 24-і күні Семей қалалық №2 соты "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Сот процесінің соңы наразылыққа ұласты.

"МАСҚАРА! МАСҚАРА!"

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров қарады. Кешкі 17.00 шамасында сот шешімін оқыған судья Жәкішевтің мемлекет алдында 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар екенін, сол себепті ерте босату туралы өтінішін соттың қанағаттандыра алмайтынын жеткізді.

Судья бұған қоса, Жәкішевтің ынталандыру шарасына жеті рет іліккенін, бірақ бұл жағдайда бірізділік жетіспейтінін айтты. Ол сонымен бірге сотталушының денсаулығы қатты нашарлап, мүгедектік алғанға дейін мемлекетке қарызын өтеуге тырыспағанын атап өтті.

Сот отырысына Мұхтар Жәкішевті қолдап барған ондаған азаматтың бірнеше сағат бұрын Жәкішевті босататынына сәл де болса үміті бар болатын. Олар таңертеңгі процеске мемлекеттік арналардың келуін де жақсылыққа жорыған еді.

Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров. Семей, 24 шілде 2019 жыл.
Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров. Семей, 24 шілде 2019 жыл.

Кешке сот шешімін естігеннен кейін бәрі түңіліп, "Масқара!" деп айғайлады. Сот шешімін әділетсіз деп бағалап, судья Шымыровқа сұрақтарын жаудырды. Сот шешімін түсіндіруге тырысқан судья жоғарыда айтылған жайттарды қайталап шықты. Оның жауабына қанағаттанбаған топ судьяны "Масқара!" деген сөзбен шығарып салды.

Сот ғимаратынан шыққан соң бір топ азамат сот шешіміне байланысты пікірлерін айтты.

"Жәкішевті босатпағаны - халықпен санаспағаны. Жәкішев жеке мүддесі үшін емес, бүкіл қазақтың болашағы үшін жұмыс істеген азамат. Денсаулығына қарамай, мақтау-марапаттарына қарамастан оны түрмеде қалдырды, бұл қазаққа қарсы жасалған қастандық" деді азаматтардың бірі. Наразылар Жәкішевті босатуды талап ететінін айтып, билік "барлық саяси тұтқындарды босатуы тиіс" деді.

Ұлттық қоғамдық сенімі кеңесінің мүшесі, экономист Мұхтар Тайжан "Өкінішке қарай, сот шешімі көңілден шықпады. Мұхтар Жәкішевті босатуы керек еді. Орынсыз сот шешімін шығарды. Қорғау тарабы қаншама дәлел-факті келтірді. Олардың ешқайсысын қаперге алған жоқ. Міндетті түрде апелляцияға береміз. Мұндай азамат түрмеде отырмауы тиіс. Жақында Алматыда адам өлтіріп, бір жарым жылға сотталған сотталушыны мерзімінен ерте босатты. Ал түрмеде 10 жыл отырған Жәкішевті босатпау бұл - қиянат" деді.

Жәкішев сотына республиканың түкпір-түкпірінен азаматтар келіп қатысты. Кейбір белсенділер сот залынан тікелей эфирде хабар таратты.

"КҮН САЙЫН 47 ТАБЛЕТКА ҚАБЫЛДАЙДЫ"

Жәкішевті мерзімінен бұрын босату туралы сот отырысының негізгі бөлігі таңертең 10-да басталған еді. Сот отырысына Мұхтар Жәкішев онлайн түрде қосылды. Оның жанында түрме әкімшілігінің өкілдері, дәрігерлер болды.

Басында судья Шымыров Жәкішевтен өтінішінің мәнін түсіндіруді сұрады. Бірақ ол алдымен адвокаттар сөйлесін деді.

Шамамен бір жарым сағаттан астам сөйлеген Бейсекеев Жәкішевтің жазасының үштен екісін өтеп болғанын, бұған дейін мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қаралған кезде соттың бірқатар жайттарды ескермегенін алға тартты.

Адвокат Нұрлан Бейсекеев сотта сөйлеп тұр. Семей, 24 шілде 2019 жыл. Скриншот.
Адвокат Нұрлан Бейсекеев сотта сөйлеп тұр. Семей, 24 шілде 2019 жыл. Скриншот.

Жәкішевтің мерзімінен бұрын босату туралы алғашқы өтініші 2018 жылы қараша айында қаралып, қанағаттандырылмаған еді. Ол кезде сот оның мемлекетке "99,6 миллиард теңге көлемінде шығын келтіргенін", "осы күнге дейін бір теңге де төлемегенін" айтқан еді. Ал Бейсекеев түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішевтің жұмыс істеуге жартылай жарамсыз екенін, жоғарғы сот қаулысына сәйкес, оның мерзімінен бұрын босап шығуға құқығы бар екенін айтқан еді.

Сәрсенбілік сот отырысында Нұрлан Бейсекеев Жәкішевтің үстінен екі қылмыстық іс қозғалғанын, алғашқысы - 2009 жылы, екіншісі 2012 жылы қаралып, үкім шыққанын атап өтті. Оның айтуынша, осы екі іс бойынша Жәкішевтен 1 миллион 800 мың теңге көлемінде қаражат өндірілуі тиіс. Соңғы азаматтық іс бойынша жәбірленуші тарап ретінде танылған "Қазатомөнеркәсіп" және оның үш бөлімшесі сотқа ешқандай талап-шағым айтпаған.

Адвокаттың айтуынша, бұған дейін туыстары 1 миллион 800 мың теңгені өтеген. Қорғау тарабы сонымен бірге бүгінгі сот отырысына шағым берушілердің бірі "Қазатомөнеркәсіп" кәсіпорын өкілдері келмегенін айтып "демек, олардың Жәкішевке қоятын талаптары жоқ" деп тұжырым жасады.

Қорғау тарабы таңертеңгі отырыста Мұхтар Жәкішевтің денсаулығының қатты нашарлағанын айтып, соттың назарын осы жайтқа назар аудартты. "Қазатомөнеркәсіп" компаниясын басқарып жүрген кезде уран кеніштерінде болған Жәкішевтің түрлі сырқатқа шалдыққанын айтқан адвокат Бейсекеев қамау орындарында оның ауруы тіпті асқынып кеткенін жеткізді. 2009 жылы Нұр-Сұлтандағы ҰҚК-інің тергеу изяоляторында болған кезде Жәкішев 24 рет гипертониялық кризді басынан кешірген.

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев сот залында. Семей, 24 шілде 2019 жыл.
"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев сот залында. Семей, 24 шілде 2019 жыл.

Түрлі колонияларда жазасын өтеген Жәкішевтің денсаулығы уақыт өткен сайын нашарлап барады. Соңғы рет 2018 жылы жазда Семей түрмесіне ауыстырылған кезде алғашқы күндері қан қысымы қатты көтеріліп, бірден ауруханаға түскен. Жағдайы ауыр болғандықтан тұрақты түрде медициналық бөлімнен шықпайды.

Адвокаттың айтуынша, қазіргі кезде Жәкішевтің қан қысымы аптасына үш рет көтеріледі. Қан қысымын 160-та ұстап тұру үшін кемінде 47 таблетка қабылдайды. Жәкішевтің денсаулығы жайлы көп дерек келтірген Бейсекеев медициналық көмекке зәру екенін, кемінде екі ай медициналық тексеруден өтуі қажет екенін айтты. Оның айтуынша, түрмеде сапалы ем қабылдауға жағдай жоқ.

"Егер Мұхтар Еркінұлы түрмеде қала берсе, одан айрылып қалуымыз мүмкін" деді адвокат Нұрлан Бейсекеев.

Адвокат бұған дейін БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитетінің де Жәкішевті босатуды талап еткенін айтып өтті. Ол Жәкішевтің 90-шы жылдардың соңында дағдарыс жағдайында тұрған "Қазатомөнеркәсіп" сияқты ірі компанияны аяғынан тұрғызғанын, мемлекет мүддесі үшін күрескенін жеткізді.

Адвокаттан кейін сөйлеген түрме қызметкерлері, дәрігерлер Жәкішевтің түзету мекемелерінде ешқашан сөгіс алмағанын айтып, сотталушының денсаулығы нашар екенін растады. Олар оны мерзімінен бұрын босатуды қолдады.

Ал Жәкішев өтінішін қабылдамауды сұраған прокурор қорғау тарабының бұл тұста қажетті дәлелдер келтірмегенін айтты. Оның айтуынша, азаматтық шағымда көрсетілген соманы Жәкішев өтемеген. Прокурордың сөзінен кейін отырысқа келген азаматтар наразылық білдіріп, шулап кетті. Судья оларға ескерту жасады.

Сот соңында сөйлеген Мұхтар Жәкішев сот процестерінің қалай өткеніне тоқталып, олардың бәріне "әділетсіздік тән" болғанын айтты.

- "Қазатомөнеркәсіп" зауыттар салмады, өндіріске қажет жарақтарды тым қымбатқа сатып алды деп мені айыптады. Ол үшін "Қазатомөнеркәсіптің" өзінде зауыттары болуы керек еді, сол кезде құбырлар мен барлық қызмет көрсетуді өз бағасымен алатын еді. Сатушының қойған бағасы мен тауардың өз бағасы арасындағы айырмашылықты сот мемлекетке келген шығын деп есептеді...Мені осындай зауыттарды салмады, өнімді нарықтан сатып алды деп айыптау - түсініксіз, - деді Мұхтар Жәкішев сотта.

Бұл сот болмай тұрып әлеуметтік желіде Жәкішевті босатуды талап еткен көп жазба тараған еді. "Жәкішев босатылсын" деген жазуы бар плакат ұстап суретке түскен кейбір қолданушылар оның "ісінің саяси астары бар екенін, жазықтан-жазықсыз түрмеде отырғанын" жазған. Бұған дейін жергілікті ақпарат агенттіктері кейбір ұлттық сенім кеңес мүшелерінің де Жәкішевті босатуды қолдағанын жазған.

САЯСИ ТҰТҚЫНДАР ТІЗІМІНДЕ

55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.

Бұған дейін Мұхтар Жәкішев хәл үстінде жатқан анасы Раиса Жәкішевамен кездесуге, кейін анасы қайтыс болғанда оны жерлеуге баруға рұқсат сұрап өтініш берген. Бірақ билік оның өтініштерін қанағаттандырудан бас тартқан.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті тұтқынның өтініштерін қанағаттандырмауының себебін Қылмыстық-атқару кодексінің "Мекеменің шегінен тыс жерге шығу" туралы 113-бабының 5-тармағымен түсіндірген. Онда "қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстармен сотталғандарға сыртқа шығуға рұқсат етілмейді" деп жазылған.

Мұхтар Жәкішев саясатпен айналыспағанымен, қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған. Кейбір құқық қорғаушылар билік оны қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовпен дос болғаны үшін қудалады деп есептейді.

Жәкішевтің туыстары мен жақтастары және бірқатар халықаралық ұйымдар Астананы Жәкішевті босатуға талай рет шақырған. 2018 жылы наурыз айында Хельсинки комитеті және "Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, "науқас саяси тұтқын" Мұхтар Жәкішевке "адамшылық танытып" түрмеден босатуын сұраған.

Үш жыл бұрын БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитеті биліктен Жәкішевтің "әділетсіз сотталғанын мойындап", оған шығарылған үкімнің күшін жойып, өзін қамаудан босатуды талап еткен. Бірақ бұл өтініштердің ешбіріне Қазақстанның жоғары билігі реакция білдірген емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG