Accessibility links

 
Әйгерім Жәкішева: «Қазақстанға тамсанғандар әкем жайлы сұрасын»

Әйгерім Жәкішева: «Қазақстанға тамсанғандар әкем жайлы сұрасын»


Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішева. Алматы, 12 маусым 2009 жыл.
Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішева. Алматы, 12 маусым 2009 жыл.

New York Times газеті түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішеваның хатын басты. Ал Eurasianet.org сайты Қазақстанда салынуы мүмкін ядролық отын банкі жөнінде мақала жариялады.

New York Times газеті 10 сәуірде «Қазақстандағы репрессия» деген тақырыппен Қазақстанда ұзақ жылға сотталып түрмеде отырған «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішеваның хатын жариялады. Ол әкесінің халі туралы, елдегі жағдай жайлы айтады.

«ЖӘКІШЕВ ТУРАЛЫ СҰРАСЫН»

Әйгерім Жәкішева басылым бетінде бұған дейін жарияланған мақаланы сөзіне ілік етіпті. «Мүмкін, Иран мен келіссөзге келген алты ел үшін Қазақстан керемет жер шығар, бірақ ел азаматтарына олай емес» дейді автор.

Ол Қазақстанда билікке қарсы шыққандардың түрмеге қамалып, жазаланатынын, журналистерді қорқытып-үркітетінін, сын айтатын газеттердің жабылғанын жазған. Әйгерім Жәкішева 2011 жылдың желтоқсанында мұнайшылардың бас көтергенін, ал полиция қызметкерлерінің оларды атып, кемінде 15 адамның мерт болғанын да баяндаған.
«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев. 2 сәуір 2009 жыл.
«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев. 2 сәуір 2009 жыл.

«Әкем Мұхтар Жәкішев «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясын адал басқарды. Бірақ президент Назарбаевтың режимі оның іс-әрекетінен келіспеушілік тауып, 2009 жылдың мамырында түрмеге қамады» деп жазады Әйгерім Жәкішева. Ол содан бері әкесіне медициналық көмек көрсетілмегенін, Мұхтар Жәкішевтің тағылған айыппен екі рет сотталғанын айтады.

«Келесі жолы қазақтың қонақжайлығына сүйсінген әлемдік көшбасшылар әкемнің неге әлі күнге дейін түрмеде отырғаны туралы сауал қоятын болар деп үміттенемін» деп аяқтайды хатын Қазақстанның уран өнеркәсібін басқарған Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішева.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ САЛМАҒЫ МЕН АБЫРОЙЫ

Қазақстанның ураны Eurasianet.org сайтында 11 сәуірде жарияланған мақалада да сөз болды.

«Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзді өткізген соң Қазақстан төмен байытылған уранмен қамтамасыз ететін ядролық отын банкін құру туралы идеясын өткізуге тырысып жатыр» деп жазады мақала авторы Джоанна Лиллис.
Иран өкілі Саид Джалили (сол жақта) мен Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. Алматы, 5 сәуір 2013 жыл.
Иран өкілі Саид Джалили (сол жақта) мен Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. Алматы, 5 сәуір 2013 жыл.

Автор Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың 4 сәуірде «Экспресс К» газетіне берген сұқбатында халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) мәмілеге келуден үмітті екенін мәлімдегенін айтады.

«Иранға қатысты келіссөз нәтиже бермесе де, келген қонақтар Қазақстанды қонақжайлығы үшін әбден мақтады. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту туралы шешімі мен советтік қаруға мұрагер болып қалған тарихы бар Астана ядролық қаруды таратпау жағынан өзгелерге үлгі болғысы келеді» дейді мақала авторы.

Журналист Қазақстан үкіметінің 2011 жылы ядролық банк салу туралы ұсыныс жасағанын еске түсіре отырып, министр Ыдырысовтың «банк сақталатын Үлбі металлургиялық зауыты советтік кезеңнен бері 40 жыл бойы ядролық отынды кеміткен емес» деген сөзін мысалға келтіреді.

Қазақстан таңдауға лайықты жер екенін айтқан Ерлан Ыдырысов елде «тұрақты әлеуметтік саяси жағдай», «байсалды сыртқы саяси бағыт» және «ядролық қаруды таратпаудың жағымды үлгісі бар» екенін еске салады.
Европа Одағының сыртқы істер саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон (сол жақта) Иранға байланысты кездесуде отыр. Алматы, 5 сәуір 2013 жыл.
Европа Одағының сыртқы істер саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон (сол жақта) Иранға байланысты кездесуде отыр. Алматы, 5 сәуір 2013 жыл.

Автордың пайымдауынша, МАГАТЭ Қазақстанды жоғарыда аталған себептен бөлек «төмен байытылған уранды бейбіт мақсатқа пайдаланайық» деген ұсынысы үшін таңдауы мүмкін. «Астананың ұсынысына Семей полигонынан зардап шеккен, соның азабын әлі ұмытпаған тұрғындар қуанып отырған жоқ» деп жазады басылым.

Журналист «Қазақстанға бұл не үшін керек?» деген сауалға министр Ыдырысовтың «Елдің саяси салмағының артуына және халықаралық аренадағы беделінің күшеюіне ықпал етеді» деген сөзімен жауап береді.
XS
SM
MD
LG