Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын арнайы жасақ күштері жүргізіп жатқанын хабарлады.
Комитет арнайы жасақ тек резеңке оқтармен қаруланғанын, операция жалғасып жатқанын мәлімдеді.
7 тамыз Бішкек уақыты бойынша кешкі сегіз шамасында Кой-Таштағы Атамбаев үйіне арнайы жасақ келгені белгілі болды. Атамбаевтың жақтасы Мирбек Айтикеев әлеуметтік желіде тікелей трансляция таратты. Видеода Атамбаев үйінің маңында маска және арнайы жасақтың формасын киген қарулы адамдар көрінді. Видеодан мылтықтың дауысы да естілді.
Азаттықтың Қырғыз қызметі кем дегенде 15 адамның жараланғанын, біразын ауруханаға алып кеткенін хабарлады. Жараланғандардың арасында 24.kg сайтының тілшісі Аида Жумашева да бар. Оның аяғына резеңке оқ тиген. Елдің денсаулық министрлігі Кой-Ташқа 8 жедел жәрдем бригадасы жіберілгенін мәлімдеді.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшілері Кой-Таш аймағында ұялы байланыс нашарлағанын, ауылға кіреберісте полицейлер тұрғанын хабарлады. Атамбаевтың жақтастары Кой-Ташқа кірер жолдағы ағаштарды құлата бастағаны да айтылды
27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.
Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.
Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтады.
Атамбаевтың ондаған жақтасы 22 маусымнан бері оның Кой-Таштағы үйінің маңынан лагерь құрып, штаб ашқан. 3 шілдеде Бішкекте Алмазбек Атамбаевтың жақтастары наразылық шарасын өткізіп, қазіргі биліктің отставкаға кетуін талап етті. Бұл шараға Атамбаевтың өзі де қатысқан.
Шілденің соңында Атамбаев Ресейге барып келген. Онда Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Атамбаевтың сөзінше, ол Путинмен Қырғызстандағы ахуал, саяси тұрақтылық қажеттігі жайлы сөйлескен.
Кремльдің хабарлауынша, Путин Атамбаевпен "аймақ пен Қырғызстандағы ахуалды" талқылаған. Хабарламада Путиннің қырғыздарды қазіргі президент төңірегінде топтасып, мемлекет дамуына көмектесуге шақырғаны да айтылған.
ПІКІРЛЕР