Қарағанды облысындағы Жәйрем тау-кен комбинатында, биліктің хабарлауынша, 12 тамызда жанжал болып, бірнеше шетелдік қызметкер "жеңіл жарақаттанған". Билік жанжал себебін айтқан жоқ.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ондаған адамның өндіріс орны аумағында жиналып тұрғаны көрінеді. Сол маңдағы шағын вагонның терезесі шағылған. Екінші бір видеода ондаған көліктен шығып, өндіріс аумағына қарай жылдам жүріп бара жатқан ер адамдар байқалады. Видеодан "Жәйремнің жастары комбинатқа басып кірді" деген дауыс естіледі. Бұл видеоның расымен Жәйремде түсірілгенін анықтау мүмкін болмай тұр.
Жәйрем тұрғындарының сөзінше, кеше кешке және бүгін кенттен 360 шақырымдай жердегі Қарағандыдан келген шенеуніктердің қатысуымен "жиналыс" өтіп, билік өкілдері жұртты сабырға шақырған.
Қала билігі Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың Жәйрем тұрғындарымен кездескенін растады.
"Өңір басшысы Жәйрем кенті мен тау-кен комбинатының жұмысшыларымен кездесті. Кездесуден соң жағдай реттелді. Шағын кенттегі жағдай бір қалыпты. Ахуал облыс әкімінің бақылауында" деді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі. Әкімдік дерегінше, зардап шеккен жұмысшыларға медициналық көмек көрсетілген. Олардың қандай жарақат алғаны, шетелдіктердің қай елдің азаматтары екенін әкімдік айтқан жоқ.
Азаттық комбинат әкімшілігіне хабарласқанымен, басшылықпен байланысу мүмкін болмады. Телефонға жауап берген қызметкер "бүгін басшылықтан ешкім жоқ" деп жауап берді.
Аттарын атамауды сұраған жергілікті тұрғындар сөзінше, жанжал жергілікті жұмысшылардың намысына тиген жалаңаш қыздың суретінен туған. Басқалары "комбинат басшылығының жергілікті азаматтардан гөрі шетелдіктерді жұмысқа алуға бейіл екені жанжалға себеп болды" дейді.
Бұған дейін 1200 адам тұратын Ескі Жәйрем кентінің тұрғындары өздерін кеніш маңынан басқа жаққа көшіруді я денсаулықтарына залал келтіргені үшін өтемақы төлеуді талап еткен еді.
Оқи отырыңыз: Теңіз кенішіндегі оқиғаның ықтимал себебі қандай?
Бұл — Қазақстанда шетелдік жұмысшылар мен жергілікті тұрғындар арасында туған биылғы екінші жанжал. 29 маусымда Атырау облысындағы Теңіз кенті жұмысшылары арасында жанжал шығып, кем дегенде 40 адам зардап шеккен. Ливан мен Иордания басылымдары қақтығыстан соң жүздеген азаматының Қазақстаннан қайтқанын жазған. Қазақстан билігі мұны "тұрмыстық дау" деп атаған.
ПІКІРЛЕР