"САЯСИ ТҰТҚЫНДАР БОСАТЫЛСЫН!"
Анна Шүкеева, Салтанат Мәрібекова, Римма Төлебаева, Қалдыхан Қозыбаева, Фариза Беспаева мен Әлия Жакупованың жалғыз адамдық пикеті жарты сағатқа созылды. Мұхтар Жәкішевтің суреті мен "Бостандық!", "Мұхтар Жәкішевке бостандық!" деген жазу жазылған плакат ұстаған белсенділер кезек-кезек шығып, биліктен Жәкішевті дереу босатуды талап етті. Олардың кейбірі "Мұхтар Жәкішевке бостандық" деген орыс тілінде жазылған жазуы бар жейде мен оның суреті басылған футболка киген. Пикетке шыққандар Жәкішевтен өзге құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" деп атаған түрмедегі белсенділерді де босатуға шақырды.
- Назарбаев, дереу Мұхтар Жәкішевті босат! - деп айқайлады зейнеткер Қалдыхан Қозыбаева.
Оның сөзін қоштаған Салтанат Мәрікбекова биліктен барлық саяси тұтқынды босатуды сұрамайтынын, талап ететінін айтты. Акцияға арнайы ақ білезік тағып келген Анна Шүкеева "бұл - пікірін білдіріп жатқан белсенділердің ниетінің ақ екендігін білдіреді" деп түсіндірді. Акцияға қатысушылардың барлығы бірінен соң бірі қолына әлгі ақ білезікті тағып алып пикетке шықты.
Әр адамның ортаға кезек-кезек шығып, талаптарын айтуы Қазақстандағы наразылықтың жаңа формасына айналды.
"КОНСТИТУЦИЯ ШАҢ СҮРТКІШ ШҮБЕРЕК СИЯҚТЫ"
Аздан соң Бәйтерек монументі жанындағы пикетке жолдан өтіп бара жатқан тұрғын келіп қосылды. Өзін Марат Мұсабаев деп таныстырған ол пикетке шыққандар ұстаған плакат пен Жәкішевтің суретін сұрап алып, пікірін айта бастады. Оның сөзінше, Қазақстанда маусымның 9-ы күні өткен кезектен тыс президент сайлауы кезінде ол да көппен бірге Нұр-Сұлтан қаласы орталығындағы "Жастар" сарайы маңындағы әділ сайлауды талап еткен митингіге қатысқан. Өз айтуынша, шеруге шығуына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуі себеп болған. Кейін оны да полиция ұстап әкеткен. Сот Мұсабаевты "заңсыз митингіге қатысқаны үшін" бес тәулікке әкімшілік қамауға алған. Жазасын Аршалы ауылындағы абақтыда өтеген. Ол "маусымның 9-ы өмірімдегі маңызды күн болды" дейді. Мұсабаев бұрын саясатқа мүлде мән бермегенін, елде "саяси тұтқындар" барын мүлде естімегенін, сол үшін түрмеде отырғандардан "кешірім сұрайтынын" айтты.
- Саяси тұтқындардан кешірім сұраймын. Ұзақ уақыт бойы бізде саяси тұтқындар бар екенін білмедім. Саясатқа да, басқаға да мән бермегенмін. Ал Тоқаевқа көп "рақмет". Тоқаев қала атауын Нұр-Сұлтан деп атағаннан бастап саясатқа қызығушылығым оянды. Содан бері өз еліме деген патриоттық сезім оянды. Қазақстанның болашағы өзімізге байланысты. Бұл жігіттер сарғайып [қамауда] отыра бере ме, әлде босап шыға ма - ол біздің азаматтық қоғамға байланысты, - деді ол.
Қостанайдың тумасы 55 жастағы Марат Мұсабаев қазір Нұр-Сұлтанда тұрады. Ол қаладағы машина жөндейтін жеке меншік орталықта механик болып істейді. Мұсабаев ер жеткен балаларын саясатқа араластырғысы келмейді, қоғамдағы өзгерісті әр адам өз санасымен ұғынуы тиіс деп санайды. Ал өзі "елде әділ сайлау мен өзгеріс болғанша наразылық шараларына қатыса беремін" деді.
Оның сөзін естіп сол жердегі демалып отырғандар да пикет өтіп жатқан жерге келе бастады. Солардың бірі – 62 жастағы Байбек Бүркітбаев. "Саяси тұтқындарға бостандық! Шіріген үкімет кетсін! Мұхтар Жәкішевке бостандық" деді ол отырған күйі.
- Бізді барлық жағынан қысып тастады. Біздің мүлде құқымыз жоқ. Конституция бір шаң сүрткіш шүберек тәрізді, бәлен рет ауысты. Ойыңды айтайын десең, мал құсатып автозакқа лақтырады. Жетер енді! Отыз жыл бұрын мен отызда едім. Жарқын болашаққа сендім. Енді 2050 жылға дейін жетпейтінім анық, - деді Бүркітбаев.
"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті 56 жастағы Мұхтар Жәкішевтің жемқорлық айыбы бойынша ұзақ мерзімге сотталып, түрмеде отырғанына 10 жылдан асты. Оған "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айып тағылған еді. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.
24 шілде күні Семей қаласының №2 соты Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқаннан кейін ол апелляциялық шағым берген. Шығыс Қазақстан облыстық соты Жәкішевтің апелляциялық шағымын тамыздың 22-сі қарайды деп хабарланғанымен, сот отырысты әуелі тамыздың 27-сіне, кейін қыркүйектің 10-ына шегерді.
"ҚАЗАҚСТАНДА САЯСАТ ЗАҢНАН ҮСТЕМ"
Жалғыз адамдық пикетке шыққандарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері тиіспеді. Полиция мен прокуратура қызметкері монумент маңын бір шолып өтіп, алыстан бақылап тұрды. Ал тағы бір полиция қызметкері жақын келіп сөйлегендерді видеоға түсіріп алды. Қарапайым киім киген бірнеше адам наразыларды сырттай бақылап жүрді.
Қазақстанда шілде айының соңынан бері бірнеше қалада жергілікті белсенділер "саяси тұтқындарға бостандық берілсін" деген талаппен акция өткізіп жүр. Мұндай шаралар Алматыда, Шымкентте, Нұр-Сұлтанда, Семейде, Қарағанды мен Ақмола облысында болды. Оған қатысушылар Мұхтар Жәкішевті, 2006 жылы жазда Алматы іргесіндегі Шаңырақ оқиғасынан соң ұзақ мерзімге түрме қамалған диссидент ақын Арон Атабекті, 2016 жылы сәуірде Атыраудағы "жер мәселесі" туралы наразылық шеруінен соң сотталып, қазір абақтыда жазасын өтеп жатқан белсенді Макс Боқаевты, "терроризмді насихаттау" және "алауыздық қоздыру" істері бойынша сотталған азаматтық белсенділер Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевті босатуды талап етті.
Бұдан бөлек, Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына "қатысқан" деген күдікке ілініп, қазір тергеу абақтысында отырған Алматы тұрғындары - көп балалы ана Оксана Шевчукті, жалғызбасты аналар Жазира Демеуова мен Гүлзипа Жаукерованы және Нұр-Сұлтан тұрғындары Серік Жахин, Гүлмира Халықова, Ақмарал Керімбаева мен жаңаөзендік жұмыссыздар белсендісі Ержан Елшібаевты және қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" тізіміне енгізген өзге де азаматтарды босатуды сұрады. Әдетте Қазақстанда пикет, акцияларға шығатындарды полиция бөлімшеге әкететін. Бірақ бұл акцияларды полицейлер тек сырттай бақылап тұрды.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис бұл бір адамдық пикеттер мен топталып өтіп жатқан саяси тұтқындарды босату талап еткен акциялар полиция мен билік тарапынан қудаланбауының астарында саясат бар деп санайды.
- Біздің қоғам енді-енді қайнай бастады. Әсіресе президент сайлауынан кейін белсенділік көбейді. Әрине, билік оларды барынша басып жаншыды. Содан соң біраз уақыт ешкімді жазаға тартпай тынышталып қалды. Бұл – президенттің қыркүйектегі жолдауы мен оның ұлттық сенім кеңесімен кездесу алдындағы саябырсу,- дейді Евгений Жовтис.
Дегенмен тамыздың 24-сі күні Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді үш айдан бері полиция тәркілеп әкеткен телефон, ноутбуктерін қайтаруды сұраған талаптарынан ештеңе шықпаған соң полиция департаменті алдында аштық жариялаған. Бірақ полиция оларды автобусқа салып әкетіп, әкімшілік жазаға тартты. Сенбі күндіз басталған сот жексенбінің таңына дейін жалғасты. Евгений Жовтистің пайымдауынша, билік наразыларды таңдап жазалап жатыр.
- Халықтың ортаға шығып өз пікірін айтуы қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Бірақ оған биліктің бірде тиісіп, бірде тиіспеуін Ақордадан шығып жатқан әр түрлі саяси тапсырмалардың салдары деп түсіну керек. Бізде саясат заңнан үстем. "Көшеге шыққандарға тиіспе" десе тиіспейді, "алып кет" десе алып кете береді, - дейді Евгений Жовтис.
Халықаралық ұйымдар мен Еуропарламент Қазақстандағы сөз бостандығы мен адам құқығының жиі бұзылатынын, "саяси астармен" қудаланатындардың барын айтады. Бірақ Қазақстан билігі елде саяси көзқарасы мен азаматтық ұстанымы үшін қудаланғандардың барын жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР