Accessibility links

Қамаулар мен ұстаулар талқыланған ЕҚЫҰ жиынына Қазақстан билігі қатыспады


ЕҚЫҰ жиыны өтіп жатқан ғимарат алдында қарсылық білдіріп тұрған белсенділер. Варшава, 2007 жыл.
ЕҚЫҰ жиыны өтіп жатқан ғимарат алдында қарсылық білдіріп тұрған белсенділер. Варшава, 2007 жыл.

Шілденің 15-16 күндері Австрия астанасы Венада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адамзат өлшемдері бойынша қосымша жиынына Қазақстанның ресми орындары қатыспады. Құқық қорғаушылар жиында президент сайлауы қарсаңында және одан кейінгі күндердегі қамаулар мен ұстаулар талқыланғанын айтады.

"ФОРМАТЫ ӨЗГЕШЕ ЖИЫН"

Польшада орналасқан "Ашық диалог" қорының өкілі Максим Сытников шілденің 16-сы күні Facebook-тағы парақшасында Венада адамзат өлшемдері бойынша ЕҚЫҰ жиыны өтіп жатқанын, "сұрақ көп, бірақ оларды кімге қоярын" білмей отырғанын жазды. Ол екі күндік жиынға қазақстандық ресми орындардан ешкім келмегенін айтты.

"Есесіне қалған делегация мүшелері Қазақстанда азаматтық белсенділердің қудалануы, бейбіт шерулер кезінде мыңдаған адамның ұсталуы, көп балалы, жалғызбасты аналар Оксана Шевчук, Гүлзипа Жаукерова, Жазира Демеуованың қамалуы, кәмелетке толмаған және мүгедектігі бар адамдардың ұсталуы, қоқан-лоқы мен қорқыту, азаптау, елден шығуға тыйым салу жайлы білді" деп жазды Сытников.

Ол жиында сөйлеген сөзінің мәтінін де әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап қойған. Онда Қазақстанда ұлттық адам құқығы институтының тиімсіз жұмыс істейтіні, елде адам құқығы өрескел бұзылатыны, түрмеде саяси тұтқындар отырғаны, азаматтардың саяси және азаматтық құқықтары сақталмайтыны, сөз бостандығы тұншықтырылатыны, бейбіт жиын өткізу құқығы тапталатыны, түрмелерде азаптау оқиғалары кездесетіні және өзге мәселелер айтылған.

Қарай отырыңыз: Сот билікті сынаған үш белсендіні қамауға алды (4 шілде 2019 жыл).

Сот билікті сынаған үш белсендіні қамауға алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:07 0:00

Бұл жиынға қазақстандық "Ар.Рух.Хақ" қоры атынан қатысқан құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Венадағы бұл жолғы жиынның алдыңғыларына қарағанда өзгеше форматта өткенін, жиында пікірталас, ашық талқылауға көп уақыт берілгенін айтты.

- Бұл жолы қатысушылардың әңгімеге араласып, пікірталасқа қатысуына, кез келген қатысушының мінберге шығып, сөз сөйлеуіне мүмкіндігі болды. Бұл жолғы жиынға үкіметтік емес ұйымдардан да өте аз адам келді. Бәлкім, мұндай форматта өтетінін білмеген болар. Бұл форматы жағынан шағындау болғанмен маңыздылығы жағынан Варшавадағысынан (адамзат өлшемдері бойынша негізгі жиын - ред.) кем түскен жоқ, - дейді Бақытжан Төреғожина Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, адамзат өлшемдері бойынша ЕҚЫҰ жиынында ұлттық превентивті механизмдерді жүзеге асыру жолдары, адам құқығы ахуалын жақсарту, ішкі механизм рөлін жетілдіру және омбудсмен институтының жұмысы талқыланған. Жиынның Қазақстанға байланысты өткен бөлігінде президент сайлауына дейінгі және одан кейінгі күндері болған митингілер кезіндегі қамаулар, бейбіт жиын өткізу құқығының сақталмауы, көп балалы аналардың қамалуы және өзге мәселелер айтылған.

Жиынға тек 4-5 елден басқасының барлығы дерлік өкілі (57 ел) келіп қатысқан. ЕҚЫҰ міндеттемелерін өз еркімен орындауға келіскен Қазақстаннан ресми делегацияның болмауы көп үшін түсініксіз болып қалды дейді ол.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

- Қазақстан өзін үнемі озық ел ретінде көрсетуге тырысады. Қазақстан азаматтары келіп, елде шынайы болған жағдайды айтқан кезде адамдар таңғалады. Ел өзін зайырлы, демократиялық ел ретінде көрсетуге көп күш салды, ал шын мәнінде мыңдаған адамды ұстап, көп балалы аналарды түрмеге қамайды. Бұл қалайша деп? Көбісіне бұл жайт түсініксіз көрінеді, - дейді ол.

"ШАҚЫРТУ КЕШ ЖЕТТІ"

Азаттық тілшісі бұл мәселеге байланысты сыртқы істер министрлігіне хабарласып көрді. Министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров қазақстандық ресми органдардың жиынға қатыспағанын растады. Оның айтуынша, ресми органдарға шақырту кеш келген. "Қаншалықты кеш?" деген сұраққа баспасөз хатшысы "нақтысын білмеймін" деп жауап берді. Азаттық тілшісі Адам құқықтары жөніндегі уәкілден жауап ала алмады.

Осы аптада Бішкекте өткен ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығына арналған жиынына да Қазақстаннан ресми делегация бармаған. Бұл ақпаратты форумға қонақ ретінде қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады. Әзірге бұл ақпаратқа байланысты ресми орындардан жауап алмадық.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, кез келген министрлік, ресми орындарының қандай жиынға баратыны алдын ала жоспарға сәйкес белгіленеді және сол бойынша жұмыс істейді. Әдетте халықаралық ұйымдардан шақыртулар бірнеше ай бұрын ресми орындарға жетуі тиіс.

Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломат.
Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломат.

- Жылдың басында жоспар бекітіледі. Бәрі белгіленеді. Ана айда мына отырыс болады, мына айда мына отырыс болады дегендей. Мұның бәрі күнделікті жұмыс. Біз енді ЕҚЫҰ-ға мүше болғаннан кейін оларға қатысуымыз керек. Қауіпсіздік жағынан, басқа салалар бойынша ЕҚЫҰ-мен әріптестікті жалғастыру маңызды. Енді бізде жақында митингілер болды. Қаншама адамдарды ұстады. Соған байланысты жиында түрлі сұрақ туындауы мүмкін ғой. Бәлкім, [делегацияның бармауы] сонымен де байланысты шығар. Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағасы болды. Сол үшін қанша күш жұмсағаны естеріңізде болар? Соның бәрі босқа кетті ме? - дейді Қазбек Бейсебаев.

Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Төрағалық алдында Нұр-Сұлтан елдегі ұлттық заңнамаларды халықаралық нормаға сәйкестендіріп, азаматтардың негізгі конституциялық құқықтарын сақтауға уәде берген. Бірақ құқық қорғаушылар елдің ұйымға төрағалық етуі елдегі адам құқығы ахуалын жақсартпады деп есептейді.

Ал билік мемлекеттің ұйым алдында міндеттемелерін кезең-кезең бойынша орындап келе жатқанын айтып келеді. 2018 жылы қыркүйек айында Варшавада өткен адамзат өлшемдері бойынша жиынында Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің өкілі Жалғас Әділбаев Қазақстанның адам құқығы саласында 60 шақты халықаралық түрлі келісімдерді қабылдағанын, мемлекеттің ұлттық және халықаралық деңгейде адам құқығының сақталуына қатты көңіл бөлетінін айтқан.

Бұған дейін ЕҚЫҰ, PEN International, БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңсесі, Human Rights Watch соңғы бейбіт шерулер кезінде полицияның адамдарды күштеп ұстауын сынаған. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін азаматтардың ойын еркін айтуға рұқсат беріп, қысым жасамауға шақырған.

Елде соңғы рет ірі наразылық шарасы шілденің 6-сында - елде астана күні және елді шамамен 30 жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні аталып жатқан шақта өтті. Бұл күні полиция митингіге шықпақ болған жүздеген адамды ұстады.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 1992 жылы мүше болған. Ұйымның адамзат өлшемдері бойынша міндеттемелерін орындау міндетін алған Қазақстан жыл сайын Варшавада өтетін адамзат өлшемдері бойынша жиында елдегі адам құқығы ахуалына байланысты есеп беріп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG