Маусымның 9-ы күні кешкісін жедел жәрдем қызметінің фельдшері Андрей Пахотнов түнгі жұмысқа шығып, таңертең үйіне қайтпақшы болған. Бірақ Андрей үйіне бірнеше күннен соң бір-ақ оралды.
"ЖЕКЕ ШАРУАСЫМЕН" ЖҮРГЕНДЕ ПОЛИЦИЯ ӘКЕТКЕН
Алматының іргесінде тұратын 33 жастағы азамат жексенбі күні қала орталығына "жеке шаруасымен" барғанын айтады. Түске таман Астана алаңына жақын маңдағы аялдамада автобустан түскен кезде әлдебір себеппен жиналған жұртты көрген. Не болып жатқанын білмек болып сол жерге тақағанда, "Бойкот!", "Бостандық!" деген ұрандарды естіген. Андрей Пахотнов форма киген полиция қызметкерлері мен үстіне қара киім киіп, бетіне маска таққан арнаулы жасақтың алаңнан адамдарды күштеп әкетіп жатқанына куә болған. Оның сөзінше, полиция азаматтарды жас-кәрісіне қарамай көлікке сүйрей бастаған. Олар әкетіп жатқан адамдардың арасында қарттар мен әйелдер де болған. Андрей Пахотновтың айтуынша, ол өзін ұстайды деп қауіптеніп, жиналған топтан алшаққа кетпекші болған.
- Соңымнан полиция формасын киген екі адам келді. Лейтенант пен қатардағы қызметкер сияқты. Олардан өздерін таныстыруды, не болғанын түсіндіруді сұрадым. Бірден қолымды қайыра бастады. Мені не үшін ұстағандарын сұрап, жеке куәлігім қалтамда екенін, жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейтінімді, кешкісін түнгі жұмысқа шығатынымды айтып бақтым. Олар сөзіме құлақ аспай, қолымды қайыра берді. Күші жетпеген соң, қара киінген тағы екі адам келіп қосылды. Екеуі қолымнан ұстап, қалған екеуі аяғымнан тарта бастады. Мен отырып алып, жүрмей қойдым. Тағы екі қызметкер жүгіріп келіп, біреуі қолымнан, біреуі белдігімнен, екі қара киінген адам аяғымнан ұстап ала жөнелді. Заңға қарсы келмей, ешқандай тәртіп бұзбасам да мені өздерін таныстырмаған алты адам осылайша күштеп көлікке апарып салды. Мені ұстаған кезде телефонымды сындырды. Барып тұрған бассыздық, - дейді Пахотнов сол күнді еске алып.
"Аяғынан ұста!". Полиция жүздеген адамды бөлімшеге әкетті. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Іші толған автозак (полицияның адам таситын көлігі - ред.) есігі тарс жабылған соң, көлік жақын маңдағы полиция бөлімшесін бетке алған. Андрей жолда полиция қызметкерлеріне рациямен "Алмалы аудандық полиция бөлімшесінде орын жоқ" деп хабарлағанын естіген. Бұдан соң ұсталғандарды Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген. Көліктегілердің бірі "алаңдағы дұрт "Бостандық!" деп айғайлаған соң, оларды Бостандық бөлімшесіне әкелген ғой" деп әзілдеген. Бөлімшеге жеткен соң ондаған адам телефонын өткізуге мәжбүр болған. Андрей оған дейін өзін полиция ұстап әкеткенін үй-ішіне айтып үлгерген. Пахотновтың сөзінше, оны полиция бөлімшесіне сағат 13.00 шамасында жеткізген, ал тергеуді сағат 16-ға таман бастаған.
- Бес сұрақтың бәрі "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ - Қазақстан соты экстремистік ұйым деп таныған қозғалыс – ред.) туралы болды. "ҚДТ туралы білесіз бе?", "ҚДТ-белсенді тобында барсыз ба?" деп сұрады. Бұл қозғалысқа қатысым жоғын, алаң маңынан кездейсоқ өтіп бара жатқан жай жүргінші екенімді айттым. Видеолар көрсетті. Бір видеода мен артқы қатарда тұрмын. Жанымнан түсіріпті. Ешқандай ұран айтып тұрған жоқпын. Сол жерде болғанымды жоққа шығармайтынымды, әйелдер мен қарттарды ұстағандарына сыпайы түрде қарсы болғанымды айттым. Наразылық кезінде әуелі прокурор түсініктеме беріп, содан соң ғана ұстау шарасы басталуы керек. Мен [хаттамаға] өзіме тағылған айыппен келіспейтінімді, наразылыққа қатыспағанымды және өзімді заңсыз ұстағанын жаздым. Хаттаманы сол жерде қолдан-қолға өтіп жүрген үлгіге қарап толтырдық, - дейді Пахотнов.
Оның айтуынша, кешқұрым полицияға бірнеше судья келген. Андрей бөлімшеде 80-ге жуық адам болды деп топшылайды. Оларға мемлекеттік қорғаушы қызметін ұсынған. Ұсталған азаматтар бөлімше сыртында тұрған құқық қорғаушылар мен адвокаттарды ішке кіргізуді талап еткенімен полиция оған құлақ аспаған. Андрей мемлекеттік қорғаушы қызметінен бас тартқан. Оның айтуынша, сот отырысы полиция бөлімшесіндегі кабинетте өткен. Оған судья, хатшы, прокурор, хаттама жазатын кезекші полиция қызметкері мен қара киімдегі арнаулы жасақтың екі қызметкері қатысқан.
- Сот үш минутта бітті. Прокурор сөйледі. Судья үстімнен іс қозғаған учаскелік полиция қызметкерінен: "Сіз не айтасыз?" деп сұрады. Ол ойын дұрыс жеткізе алмаған соң судья көмектесті. "Наразылыққа қатысқан болсам, мені жауапқа тартыңдар. Ал мен бұған қарсымын. Жай жүргіншімін. Ешқандай куәгер жоқ" дедім. Маған көрсеткен видеоны қайта қарап шығуын сұрадым. Судья видеоны көргенін, менің сол жерде болғанымды анық білетінін айтты. Наразылық өткен алаңда тұрғанымды мен де жоққа шығармаймын. Дәлел көрсетіңдер деймін. Судья "сот сізге сұрақ қоя алады, ал сіздің сотқа сұрақ қоюға құқығыңыз жоқ" деді. Түнгі сағат 23.55 кезінде мені он тәулікке бас бостандығымнан айыру туралы шешім шығарды, - деген Пахотнов Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткен бірінші президент сайлауы осындай жайттармен жадында қалғанын айтады.
Андрей Пахотновты Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша ("Бейбіт жиындар, митингілер мен шерулер өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзу") жазалаған. Ол өмірінде бірінші рет жауапқа тартылғанын айтады.
ТАР БӨЛМЕДЕГІ ТҰТҚЫН
Соттан кейін Пахотнов басқа сотталғандармен бірге төрт сағат бойы полиция бөлімшесінде отырған. Кейіннен оларды автобуспен (Андрейдің есебі бойынша, автобуста 18 адам болған) Алматы облысы Іле ауданының Өтеген батыр ауылындағы уақытша ұстау мекемесіне жеткізген.
Бізді орындықтар арасындағы жерге жүрелетіп отырғызды. Кейбіреудің қолына кісен салды.
- Сол жерде (полиция бөлімшесі сыртында) түнімен тұрған тұтқындардың туыстары бізді көрмесін деп, [полиция] қызметкерлеріне автобустың терезе жағына отыруды бұйырды. Бізді орындықтар арасындағы жерге жүрелетіп отырғызды. Кейбіреудің қолына кісен салды. Бөлімшеден шығарда алған телефондарымызды полиция қайтадан тартып алды. Сот қаулысын ешкім қолымызға берген жоқ, - дейді Пахотнов.
Маусымның 10-ы күні тұтқындарды уақытша ұстау мекемесіне әкелген. Бұл мекеме Пахотнов әйелі және екі баласымен тұратын ауылда орналасқандықтан, ол "жолым болды" деп есептейді. Андрейді қайда отырғызғанын білген туыстары оған күнде керек-жарағын жеткізіп отырған.
- Туыстарым жіберген сәлем-сауқат болмаса, жүдеп кетер едік. Ол жердегі тамақты жеу мүмкін емес. Терезеде үш қабат темір. Екі терезенің әрқайсысы жарты метрден ғана. Тоғыз шаршы метр жерде қос қабатты үш темір төсек бар. Әбден тозған матрас. Ыңғайсыз жастық. Бұрышта беті жабылмаған дәрет сындыратын орын жасалған. Оның айналасын төсек жаймасымен жауып қойған. Жуынатын жер өте тар. Алты адамға бір тартпа ғана берілген, - дейді Пахотнов.
Андреймен бір камерада 488-бап бойынша жазаланған азаматтар отырған. Пахотнов өзімен бірге жасы қырыққа толмаған, Алматы мен оның маңындағы ауылдарда тұратын қарапайым ер азаматтар қамауда болғанын айтады. Олардың арасында ағылшын тілі мұғалімі де, автобус жүргізушісі де болған. "Уақытша ұстау мекемесінде қысым көрсетпеді, серуенге шығарып, жақсы қарады" дейді Пахотнов.
Андрей тұтқындалғанына алтыншы тәулік болғанда уақытша ұстау мекемесіне адвокат келген. Ол Пахотновпен сөйлесіп, аппеляциялық шағым жазған. Қалалық сот шағымды жартылай қанағаттандырып, жаза мерзімін 10 тәуліктен 8 тәулікке қысқартқан. Маусымның 17-сі күні құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова уақытша ұстау мекемесіне аппеляциялық шешімді әкеліп, Андрейді тұтқыннан босатып алған.
БОСТАНДЫҚТАҒЫ ӘУРЕ-САРСАҢ
- "Заттарыңды алып, сыртқа шық" деді. Әлгі жерде 10 тәулік отырамын дегенге көндігіп қалған мен кетуге асықтым. Сегіз күнде көп нәрсеге көзім ашылды. Дүниетанымым оппозициялық бағытқа өзгере бастады. Бұған дейін саясаттан аулақ адам едім. Енді қалай боларын ойлану керек. Мәселелер туындай бастады. Бәрі тезірек шешілсе екен, - дейді Андрей Пахотнов.
Андрей Пахотнов "мәселе" деп жұмыстағы жағдайын меңзеп тұр. Жедел жәрдем қызметінде 15 жыл еңбек еткен Пахотнов "Мен үшін медицина – мамандық емес, өмір салты" дейді. Осы қызметке медициналық колледжді бітірген жылы келген ол содан бері жұмыс орнын ауыстырмаған. Қамауда болған кезде ол бірнеше ауысымнан қалып қойған. Андрейдің айтуынша, жұмыс беруші жұмысқа келмеу себептері туралы анықтама сұрап, бірнеше күн ауысымға келмеудің салдары болуы мүмкін екенін ескерткен.
Маусымның 19-ы күні Пахотновтың ісін қараған қалалық жедел жәрдем қызметінің әдеп комиссиясы оған сөгіс жариялады. Комиссия сөгістің себебін "Әкімшілік қамауда болу жұмыстан қалуға себеп емес" деп түсіндірген.
Қалалық жедел жәрдем қызметінің заңгері Рүстем Мұхамедиев Азаттыққа Пахотнов жұмысын жалғастыра алатынын айтты.
- Оны ешкім жұмыстан шығарған жоқ. Ол (маусымның) 20-сы күні жұмысқа шығып, өз міндетіне кірісуі керек, - деді заңгер.
Құқық қорғаушы және белсенді Маржан Аспандиярова билік Андрей Пахотновты ұстап, кейін тұтқындаған кезде оның құқықтары бұзылған деп есептейді.
- Полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеті оның еңбек құқықтарын бұзды. Яғни, ол полицияның заңсыз әрекеті мен сот заңсыздығынан жапа шекті. Бұл туралы шағым жазу не жазбау оның өз еркінде, - дейді құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова.
Өткен аптада Euronews телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (бұған дейін наразыларды ұстауды "қажет шара" деп санайтынын айтқан) ұсталғандардың арасында полиция қолына кездейсоқ түскен азаматтар барынан хабардар екенін білдірді. "Біз олардан кешірім сұрау үшін тезірек босатуға тырысамыз. Бұл мәселе шешіледі" деді ол. Журналистің "Ал сайлау әділетсіз өтті деп ұрандатқандар ше?" деген сұрағына Қазақстан президенті "Әрине, олар босатылады. Өйткені бұл олардың жеке пікірі. Мәселен, мен жалпы алғанда сайлау әділ өтті деп есептеймін" деп жауап берді.
Халықаралық құрылымдар, оның ішінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі Қазақстан билігін бейбіт наразыларды ұстағаны үшін айыптады. ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы сайлау кезінде көптеген заңбұзушылық пен азаматтарды ұстау болғанын айтып сынады.
Маусымның 18-і күні Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев маусымның 9-ы және одан кейінгі күндері өткен наразылық кезінде төрт мыңдай азамат жауапкершілікке тартылғанын, оның ішінде 677 адам тұтқындалғанын айтты. Бұған дейін маусымның 13-і күні Бас прокуратура басқа дерек келтіріп, 957 адам ұсталып, 670 азамат тұтқындалды деп хабарлаған.
Наразылық кезінде ұсталғандардың құқығын қорғаумен айналысқан қазақстандық құқық қорғаушы Ерлан Қалиев ІІМ соңғы күндері таратқан ақпарат "шындыққа жақын" деп есептейді. Оның сөзінше, полиция наразылық кезінде сол маңда жүрген кездейсоқ адамдарды қоса алғанда өте көп азаматты ұстағандықтан, қазір олардың нақты саны туралы деректі растау не жоққа шығару қиын.
ПІКІРЛЕР