Accessibility links

"Жақсы өмір сүруге талпыныс" һәм "Назарбаев қолтаңбасы"


Нұр-Сұлтандағы сайлау күнгі наразылық шарасы. 9 маусым 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы сайлау күнгі наразылық шарасы. 9 маусым 2019 жыл.

Батыс басылымдары осы аптада Қазақстандағы сайлаудан кейінгі жағдайды басқа постсоветтік елдермен салыстырып талдады. Соңғы кездегі митингтерге тоқталған халықаралық БАҚ елде “азаматтық қоғамның” жетіле бастағанын, азаматтардың "жақсы өмір сүруге ұмтыла" бастағанын атап өтеді. Халықаралық сарапшылар "полиция бұдан да қатаң әрекет етуі мүмкін, бірақ бұл халықтың ашу-ызасын өршітуі мүмкін" деп топшылайды.

ТОҚАЕВТЫҢ ЕҚЫҰ МӘЛІМДЕМЕСІН ЖОҚҚА ШЫҒАРУЫ

Британдық Chatham House сараптама орталығының сайтында жарияланған "Қазақстан билігі халықпен диалогтан ендігәрі қаша алмайды" деген мақалада автор соңғы болған наразылықтарға билікті ауыстыруды көздеген саяси мақсат емес, жақсы өмір сүруге талпыныс түрткі болғанын жазады.

"[Бұл сайлау] Нұрсұлтан Назарбаев өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың салтанатты тәж кию рәсімі болуы керек еді <…>. Оның орнына [Назарбаевтың] отыз жылға жалғасқан билігінен кейін халық пен мемлекет арасында алшақтық пайда болғаны айқын көрініп, жас пост-советтік буын оянды" деп жазды Chatham House.

Тоқаев "өзіне деп әзірлеген жетістіктің бәріне қол жеткізді", бірақ ЕҚЫҰ сайлауда "негізгі бостандық түрлері бұзылғанын" мәлімдеді.

"Бұрынғы дипломат және БҰҰ-ның бұрынғы жоғары лауазымды шенеунігі Тоқаев ЕҚЫҰ мәлімдемесін жоққа шығарды. Оның бұл қарым-қатынасы “саясат бірінші кезекте жергілікті сипатқа ие, ал халықаралық дәрежеде танылған резюменің болуы реформаторлыққа кепіл бола алмайды” дегенді көрсетсе керек. Мұндай [дипломатиялық] тәжірибе Қазақстан сияқты түрлі күштердің тепе-теңдігін қауіпсіздік қызметі сақтап, барлық саяси күшті қолына жиған бір адам басқаратын мемлекеттерде маңызға ие емес" делінген мақалада.

Автор Қазақстанның саяси жүйесін мемлекеттік қауіпсіздікті сақтау бойынша советтік жүйені қайталайтын, "ұжым болып ашық қарсылықты қолдамайтын, көшбасшыны инстинкт бойынша құрметтейтін советтік жүйенің қалдығы" деп атайды.

Chatham House бұл құбылысты бұрын Совет одағының құрамында болған, қазір демократия жолында бірқатар жетістікке жеткен Украина мен Армения сияқты мемлекеттермен салыстырады.

Қазақстан халқы революцияны қаламайды. Азаматтардың көбі бар болғаны медициналық операцияларға ақша тауып, балаларын балабақшаға беру кезінде парақорлықпен немесе өзге де өзгермейтін жүйе кесірінен туған қиындықтармен кездескісі келмейді.

"Қазақстандық саяси топ жағдайды толық түсінетін космополиттерден құралған. Бұл топ шығармашылық үндеумен астасқан қарсылық кедергілерді жалғыз жеңуге қарағанда әлдеқайда тиімді екенін түсінеді" деп жазды Chatham House.

Мақалада соңғы екі жылда теңге девальвациясынан кейін Қазақстандағы өмір сүру деңгейінің төмендегені айтылған. Chatham House пікірінше, бұл тенденцияға "постназарбаев кезеңінен кейінгі бұлыңғырлықтан қорқып, өз пайдасын барынша еселеуді ойлаған" ескі жүйенің жемқорлық фактілері де әсер еткен.

"Жақында Қазақстанда болған наразылықтар – революцияға шақыру емес, халықтың жақсы өмір сүруге құқылы екенін білдіргісі келген жанайқайы. <…> Қазақстан халқы революцияны қаламайды. Азаматтардың көбі бар болғаны медициналық операцияларға ақша тауып, балаларын балабақшаға беру кезінде парақорлықпен немесе өзге де өзгермейтін жүйе кесірінен туған қиындықтармен кездескісі келмейді" деп жазды Chatham House.

РЕФОРМА ҚАЖЕТ

Америкалық World Politics Review атты жаңалықтар сайтына шыққан "Қазақстандағы "жасанды" сайлауға қарсы наразылық Тоқаев билігінің заңдылығын тексеріп жатыр" деген мақалада Вашингтондағы Карнеги орталығының Ресей мен Еуразияны зерттеу бағдарламасының сарапшысы Пол Стронскимен сұхбат берілген.

Стронски Қазақстанда өткен сайлауды "мұқият дайындалған" және "толықтай басқарумен өткен" процесс деп атап, мұның бәрі Тоқаев билігін заңдастыру және тұрақтылықты сақтау мақсатында жасалған деп есептейді. Оның пікірінше, сайлауда биліктің жоғарыда аталған мақсаттарының ешқайсысы орындалмаған.

"Билік соңғы жылдары Қазақстанда халықтың әлеуметтік сұранысының қанағаттандырылмауы және қоғамда наразылық көңіл-күйдің өсуі сияқты мәселелерге лайықты назар аудармай келді. Наразылықты басуға тырысу, интернет-цензура және наразыларды ұстау жағдайды ушықтырды" дейді Стронски.

Сарапшының сөзінше, наразылар "халықтың әлеуметтік жағынан қорғалғанын", "мемлекеттің азаматтар пікіріне құлақ асқанын" қалайды. "Ғаламдық тенденция авторитаризмге қарай ойысып бара жатыр" деген болжамдарға қарамастан, Стронски "Қазақстандағы соңғы жағдай халықтың демократиялық таңдауға ұмтылысын және орта деңгейлі азаматтар мемлекеттегі басқару жүйесіне қатысты пікірін қорғау жолында тәуекелге баруға дайын екенін көрсетті" деп санайды.

Қарай отырыңыз: Алматыдағы сайлау күнгі наразылық. (9 маусым 2019 жыл).

Арнайы жасақтың наразыларды ұстаған сәті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

Стронски жаңадан пайда болған "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының пайда болғаны маңызды деп санайды.

"Оларды оппозициялық көшбасшылар басқармайды, қозғалыста бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан үкіметтік емес ұйымдарға басымдық берілмеген. Наразылықта көзге түскен азаматтарды бірнеше апта бұрын ешкім білмейтін еді. Олар жас, бірақ плюрализм үшін күрес ересек адамдардың да қызығушылығын туғызып отыр. Ендігі жағдай қоғамның бұл бөлігі қойған талаптарға билік қалай жауап беретініне байланысты өрбиді. Биліктің жауабы саяси кеңістіктің қаншалықты ашық бола бастағанын көрсетеді" дейді Стронски.

"Халықтың өмір сүру сапасын арттыру, жемқорлықпен күрес және іскерлік климатты жақсарту үшін Қазақстанға жедел түрде әлеуметтік-экономикалық реформалар қажет. Назарбаев өзінен кейін көп бағыт бойынша жақсы мұра қалдырды. Ол атом қаруын таратпау бойынша әлемдік көшбасшы атанып, елдің сыртқы саясатын барынша ұтымды жүргізді; көп қиындықтарға қарамастан көпұлтты мемлекеттің тұрақтылығын сақтап, жиырма жылда Қазақстанды орташадан жоғары табыс деңгейі бар елге айналдырды. Бірақ орташа деңгейлі азаматтар бұл жетістіктердің игілігін көріп отырмыз деп есептемейді. Халық қолдауына ие болу үшін жаңа үкімет әлеуметтік теңсіздікпен күресуі қажет. Мемлекет денсаулық сақтау, білім беру, көлік тасымалы, қоғамдық қауіпсіздік, көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға материалдық көмек беру сияқты түрлі сала бойынша негізгі қызметтердің сапасын арттырып, наразылар шағымының орынды екенін мойындауы керек" дейді Стронски.

Стронскидің сөзінше, Тоқаев әлеуметтік мәселелерді шешуден бөлек, күн өткен сайын күрделеніп келе жатқан геосаяси жағдаймен де бетпе-бет кездеседі. АҚШ пен Еуропа Орталық Азиядан кетіп, өңірде Қытай мен Ресейдің ықпалы арта бастады. "Отыз жыл бойы Назарбаевтың сыртқы саясаты көрші державалар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталды. Бұл саясатты жалғастыру Тоқаевқа оңайға соқпайды. Өйткені мұндай сыртқы саясаттың үшінші бағаны саналып келген Батыс қазір Орталық Азияға бұрынғыдай қызығушылық танытып отырған жоқ", - дейді сарапшы.

"Наразылықты күшпен басуды Батыс елдері жақсы қабылдаған жоқ. Қазақстан әдетте батыс басылымдарының жаңалықтарында өте сирек кездеседі. Бірақ Қазақстанда соңғы болған оқиғалар өте көп жазылды. Жаңа үкімет халық қолдауына ие болып, шетелдік инвестиция тартып, Батыстың демократиялық мемлекеттерімен қарым-қатынасын нығайту үшін беделін қалпына келтіру жолында жұмыс жасауы керек. Назарбаевтың билігі тұсында көп талантты, білімді технократтар елден кетті. Қазіргі билік оларға қалыптасқан мәселелерді шешуге мүмкіндік берсе, бұл олардың қолынан келуі мүмкін” дейді Стронски.

КҮДІГІ БАСЫМ БИЛІК

Жапон тілінде шығатын онлайн-журнал Asia Nikkei жариялаған "Реформаны талап еткен жастар Қазақстанның жаңа президентін қысымға алды" деген мақалада лондондық PRISM компаниясының саяси тәуекелдер бойынша аға кеңесшісі Тобиас Воллмердің пікірі берілген. Сарапшы Қазақстан мен Ресейдегі жағдайды салыстырып, "Қазақстан Кремльге авторитарлық басқару үлгісін көрсетті" деп тұжырымдаған. Оның айтуынша, балама БАҚ-тан көп ақпарат алатын жас либералдар Қазақстан мен Ресейдегі наразылықтардың қозғаушы күшіне айналып отыр.

Қазақстандық бақылаушылардың айтуынша, Тоқаев өзі мәлімдегендей наразылық акция қатысушыларына қатаң шара қолданғысы келмеген күнде де, ойын жүзеге асыруға құзыреті жетпейді. Өйткені негізгі билік әлі де Назарбаевтың қолында.

"Тоқаев қоғамдық сын-пікір мен соңғы наразылықтарға барынша салмақты қарау керек деген пікірді қолдауы мүмкін. Биліктің қатаң әрекетінен бұрынғы президент Назарбаевтың қолтаңбасы анық көрінеді. Ол бұрынғыша қазақстандық саясаттың бағытын белгілеп, қауіпсіздік және құқық қорғау органдарына ықпалын сақтап отыр" дейді Воллмер.

Оның пікірінше, Тоқаев биліктің барлық қателігі үшін жауап беріп, Назарбаевтың проекциялық үлгісін сомдау үшін қойылған. "Оған негізгі соққыны қабылдайтын адам рөлі берілген. Тоқаев бес жылға сайланды, ішкі және сыртқы жағдайлардың қалай өрбігеніне қарай, ол осы уақыттың басым бөлігінде билікте болады", - деп жазады Воллмер.

"Дариға (сенат спикері және Назарбаевтың үлкен қызы – Ред.) Назарбаевтың билікті табыстау бойынша үлкен жоспарының бір бөлігі болуы мүмкін, бірақ оның қазақ қоғамында үлкен беделге ие болмауы қазақстандық элитаға қосымша мүмкіндіктер береді. Назарбаев пен оның саяси технологтары дайындаған бірнеше сценарий бар. Әлеуметтік және геосаяси жағдайлардың қай бағытқа өзгергеніне байланысты олар дайын сценарилердің бірін таңдап, жүзеге асырады" дейді Воллмер.

Сенат спикері Дариға Назарбаева (оң жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" төс белгісін тапсырып тұр. 6 маусым 2019 жыл.
Сенат спикері Дариға Назарбаева (оң жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" төс белгісін тапсырып тұр. 6 маусым 2019 жыл.

ПОЛИЦИЯ ҚУДАЛАУЫ

Америкалық Washington Post Ұлттық қорғаныс университетіндегі халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша колледждің адъюнкт-профессоры Эрика Мараттың "Қазақстан полициясы наразыларға қарсы күш қолданды– саяси белсенділік артып келеді" деген мақаласын жариялады. Материалда профессор Қазақстандағы жағдайды "халықтың демократиялық үміті реформаланбаған полициямен кездескенде туатын постсоветтік елдердегі таныс кикілжің" деп атайды.

"Бұл формуладағы екі элемент – жаппай наразылық және полиция қудалауы – екеуі де Қазақстанда жаңа деңгейге көтерілді. Жаңа басшымен бірге Қазақстанда қоғам мен полициядағы динамика Украинада Виктор Янукович тұсында болған немесе қазір Ресейде қалыптасқан гибридті режимге қарай өзгеріп келеді", - деген Эрика Марат "гибридті режим жартылай демократиялық, жартылай авторитарлық болады, онда жекелеген демократиялық және авторитарлық елдермен салыстырғанда наразылық көп болып, оларды билік күшпен таратып отырады" деп түсіндіреді.

"Постсоветтік елдердегі полиция реформалары туралы зерттеуімнен негізінен қалаларда байқалатын саяси белсенділік советтік репрессиялық әдістерге жүгінетін, реформаланбаған полиция мен халық арасын бұрынғыдан да алшақтатқанын түсіндім. Режим саяси және экономикалық либерализацияны қолдайтынына қарамастан, бұрынғыша өздеріне адал әскери күш пен полиция құрылымына арқа сүйеуді жалғастырып отыр" дейді Эрика Марат.

Үкіметке қарсы наразылыққа қосылған азаматтардың саны артып, азаматтық белсенділік арта бастағанда, полициясы реформаланбаған жүйе мен демократия арасындағы алшақтық бұрынғыдан қаттырақ көзге түседі. Қазақстанда қаржы мен білім беру сияқты басқарудың бірнеше саласында өзгерістер болғанымен, ішкі істер министрі сияқты ведомство реформаға мүлде ұшыраған жоқ" дейді сарапшы.

Алматыдағы орталық көшелердің бірінде кетіп бара жатқан тұрғын. Аумақты полиция бақылап тұр. 12 маусым 2019 жыл.
Алматыдағы орталық көшелердің бірінде кетіп бара жатқан тұрғын. Аумақты полиция бақылап тұр. 12 маусым 2019 жыл.

Автор Тоқаевты Владимир Путин және Виктор Януковичпен салыстырып, Қазақстан президенті наразылықтарды күштеп басу туралы шешімін "қоғамдық тәртіпті сақтау және заң талаптарын орындауға тырысу" мақсатымен ақтап алатынын айтады. "Тоқаев бұл саясатын ары қарай да жалғастыратын сияқты" дейді ол.

"Бұл жолы мұндай амал нәтиже бермеуі мүмкін. Кездейсоқ басталатын үкіметке қарсы ұжымдық әрекет нәтижесінде белсенділердің басым бөлігі қоғамдық қолдауды сезіне бастады. Мұндай кезде халыққа ұнамаған кез келген саяси шешім мен қайғылы жағдай жаңа ұжымдық әрекетке жол ашады. Қазақстанда алдағы уақытта болатын наразылық акциялары нақты саяси шешімдерді сынауға бағытталып, халық мемлекеттің күш қолдану саясатына бұрынғыдан қатты қарсылық танытуы мүмкін. Наразылық тенденциясы өршіп келе жатқанын көрген билік келесі акцияларда қатаң әрекеттерге көшіп, тараптар қақтығысы азаматтардың жапа шегуіне, тіпті кісі өліміне әкеп соғуы мүмкін" дейді Эрика Марат.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG