Жала жабушыны жазалау түрін күшейтетін мезгіл туғаны туралы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамыздың 21-інде Нұр-Сұлтанда өткен «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің отырысында төраға ретінде сөйлеп отырып айтып қалды.
«Ешкім [әлдебіреуге] қорлау, қазіргідей ақылға сиымсыз іс қылу хақын берген емес... Партия [жала жабудың жазасын күшейтетін] заң қабылдауды ұсынуы тиіс» деген ол.
Іле-шала Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осы тақырып туралы сөз қозғап, Назарбаевты алаңдататын жайт азаматтардың беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратушы фейк аккаунттар мен парақшалардың көбейіп кеткендігі екенін мәлімдеді. Министр «дамыған демократиялық елдер де» осыған ұқсас заңдарын күшейтіп жатқанын айтты.
Бұл комментарийлерден журналистер мен құқық қорғаушылар тіксініп қалды. Кейбір сарапшылар экс-президенттің нұсқауы науқанға айналуы мүмкін деп қауіптенсе, кейбір журналистер сөз еркіндігі тіпті тарыла түсуі мүмкін деп алаңдайды.
МЕДИА ЗАҢГЕРЛЕРДІҢ ОЙЫ
«Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева бұл мәселе туралы алғашқылардың бірі болып пікір білдірді. Құқық қорғаушы Қазақстан кезінде мойнына алған міндеттемелерге сәйкес жала жабу мен қорлау айыптары үшін тағайындалатын жаза түрлерін Қылмыстық кодекстен шығаруы керек деп санайды.
- 2010 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша кеңесінің рекомендацияларына мойынсынып, 2014 жылы жала мен қорлауды қылмысқа жатқызбайтын болған. 2011 жылы Нұрсұлтан Назарбаев The Washington Post газетіне берген сұхбатында елдің үздік халықаралық үлгілерге сүйеніп, жаланы қылмыс емес, азаматтық заңбұзушылық деп қарастыратынын айтқан. Бірақ 2015 жылдың қаңтарында күшіне енген елдің жаңа Қылмыстық кодексінде жала жабу үшін жаза түрі қатаңдай түсті, - дейді Калеева.
«Правовой медиа-центр» ұйымының жетекшісі Диана Окремова бұрынғы президенттің жала жабу жазасын күшейту туралы сөзін «күтпеген жайсыздық» деп сипаттайды. Оның сөзінше, біраздан бері жаланы қылмыс тізімінен алып тастау үшін әрекет етіп келе жатқан қазақстандық құқық қорғаушылар керісінше санкция жұмсарады деп ойлаған.
- Бірнеше ай бұрын сайтта Қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулер туралы заң жобасы пайда болды. Ішінара декриминализация жүріп жатқанын, жала үшін қарастырылған санкциялар жұмсартылғанын байқағанбыз. Сол кезде төбеден жай түсіргендей етіп бірінші президенттің мына мәлімдемесі шықты. Қатты көңілім түсіп, соңы не болар екен деп шошына күтіп отырмын. Әдеттегідей Қазақстан өз жолымен кетіп барады. Ел-жұрттың сауаты мен ақпаратты қабылдау деңгейін өсірудің орнына жалған ақпарат пен фейк таратудың жазасын күшейтпекші. Министрлік не қылар екен деп күтіп отырмыз. Әзірше еш қимыл жоқ, - деді ол.
Әдеттегідей Қазақстан өз жолымен кетіп барады. Ел-жұрттың сауаты мен ақпаратты қабылдау деңгейін өсірудің орнына жалған ақпарат пен фейк таратудың жазасын күшейтпекші.
АБАЕВТЫҢ СӨЗІ МЕН «ҚЫСПАҚҚА САЛУ»
Жала жабудың жазасын күшейту туралы айтып тұрып Дәурен Абаев халықаралық іс-әрекеттерді мысал етті.
- Сол Германияның өзінде-ақ жуырда заңға енгізілген өзгеріске сәйкес жалған ақпарат таратқан басылымға 50 миллион еуро айыппұл салып жазалай алады, - деді министр.
Factcheck.kz сайтының бас редакторы Павел Банников Абаевтың сөзін саралай келе министр аз дегенде адасып тұр деп қорытындылаған.
«Біріншіден, мұндай көлемдегі айыппұл Германиядағы заңға сәйкес басылымдарға емес, әлеуметтік желілерге салынады. Екіншіден, БАҚ сайттары бұл заң бойынша мүлдем жазаға тартылмайды. Үшіншіден, мәлімет бұрмаланған, Абаев айтқан [Германиядағы] заңда жеккөрушілікке шақыруға, конституцияға қарсы ұйым құруға және жеке адамдарды қорлауға қарсы шара қолдану туралы айтылады» деп жазады Банников.
Назарбаевтың жала жабудың жазасын қатайту туралы сөзін Павел Банников жалған ақпаратпен күресті жамылып, «қыспаққа салу» деп атайды.
Ең әуелі [жала жабу туралы] бұл заңды журналистерге қарсы жемқорлық дауына ұшыраған шенеуніктер қолданады. Баспасөз жариялаған мәлімет жалған емес, расталған болса да, сотта коррупционер жеңіп шығады.
- Ең әуелі [жала жабу туралы] бұл заңды журналистерге қарсы жемқорлық дауына ұшыраған шенеуніктер қолданады. Баспасөз жариялаған мәлімет жалған емес, расталған болса да, сотта коррупционер жеңіп шығады. Әлемдік тәжірибе туралы айтатын болсақ, жала мен диффамацияның (адамның абыройын төгетін, бірақ расталған ақпарат тарату) ара-жігін ажырату керек. Қазақстан заңдарында диффамация түсінігі жоқ. Сол себепті жала жабу туралы заңды қатайту емес, оны керісінше қылмысқа жатқызбай қылмыстық кодекстен шығару, ал заңға диффамация түсінігін енгізу туралы ойланған жөн болар, - дейді Банников.
Transparency Kazakhstan ұйымының бұрынғы жетекшісі, жергілікті заңгер Сергей Злотников елдің Қылмыстық кодексінің бірінші нұсқасында жала жабу бабының болғанын еске алады. Бірақ қазір ол баптың жазасы тіпті күшейе түскенін айтады.
- Мысалы, жаза түрі ретінде мүлдем қисынға қайшы айыппұлдар қосылды. Егер адам ақшалы болса, еш қымсынбай жаласын жаба береді, түрмеге отырмайды. Бірақ оған үш мың АЕК көлемінде (7,5 миллион теңге немесе 19,5 мың АҚШ доллары) айыппұл салуы мүмкін ғой, - дейді заңгер.
Сергей Злотниковтың сөзінше, жала жабуды қылмыс ретінде жазалау Қазақстанда журналистік зерттеудің мүлдем жойылуына соқтырды. Өйткені шенеуніктің жемқорлық қылмысы туралы кез-келген жарияланым сотқа беруге негіз бола алады.
Бір жағынан мемлекет атынан Жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы қоғамды жемқорлыққа қарсы шығуға шақырады. Екінші жағынан заңда жала жабуды қылмыс жасауға теңейді.
- Бір жағынан мемлекет атынан Жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы қоғамды жемқорлыққа қарсы шығуға шақырады. Екінші жағынан заңда жала жабуды қылмыс жасауға теңейді. Егер басқа баптар бойынша қылмыс жасау үшін қаскөйлік ниет болуы шарт болса, мына бап үшін мақаланың жарияланғаны жеткілікті. Заңда, айтпақшы, «жария түрде немесе БАҚ-ты қолдану арқылы жасалған әрекет» үшін жаза қарастырылған. Еуропалық елдерде жала жабу туралы заң болғанымен сирек қолданылады. Оның үстіне қылмыстық емес, әкімшілік және азаматтық кодекске енгізілген. Жала жабу ісі қылмыстық жағынан қарастырылса да, бұл елдердің соты тәуелсіз. Ал біздегі құқық қолдану практикасы, өкінішке орай, соттың атқарушы биліктен, я басқа нұсқаулардан мүлдем тәуелсіз екенін көрсетпейді.
«ҚУДАЛАУ ҚҰРАЛЫ»
«Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров Қылмыстық кодекстің 130-бабы бойынша (жала жабу) бірнеше мәрте жазаға тартыла жаздаған. Ол Қазақстан билігінің бұл баптың «қудалау құралы» ретінде қолданатынын айтады.
- Әкімдік жала жабу бойынша сотқа тартпақ болғанда менің мақалама төрт рет шүйлікті. Бірақ сотқа дейін жтекізбейді, әйткені анық айғақтарым бар еді. Басқа бір іс сотқа жетті. Бірақ кінә өзімнен еді. Тексерілмеген мәліметтерді жариялап жібердім. Сотта арызданушымен бітім жасастық. Сотқа жеке шағым түсірген арызданушының өзі бұны не себепті қылмыстық бап қылғанын түсіне алмай, азаматтық іс негізінде арыздану оңайырақ болар еді ғой деген пікір айтты, - дейді журналист.
Басқа көптеген БАҚ өкілдері мен заңгерлер сияқты Ахмедьяров жарияланым көңіліне жақпаған адам редакциямен азаматтық іс аясында соттасатын демократиялық елдердегі үрдісті үлгі етуді ұсынады.
- Қазақстанда жала жабудың әлі қылмыс ретінде жазаланатыны – масқара. Назарбаев жала үшін жазаны қатайтуға шақырады. Бұл саяси қайраткер мен саясаткердің сөзі емес. Өкпелеген, шамданған егде адамның сөзі. Оның қисынсыз сөзі мен әрекеті баспасөзге шығып кеткен сайын ел-жұрт күлген соң ол шарт сынып шамданады да, жала жабудың жазасын күшейтуге шақырады, - дейді Ахмедьяров.
Қазақстанда жала жабудың әлі қылмыс ретінде жазаланатыны – масқара.
Азаматтық белсенді Талғат Аян 2016 жылғы мамырда соның алдында ғана Атырауда болған үкіметтің жер реформасына қарсы рұқсат етілмеген ауқымды митингіден соң қамауға алынған. Кейін және бір атыраулық белсенді Макс Боқаев екеуі «көпе-көрінеу жалған мәлімет тарату», «митинг ұйымдастыру тәртібін бұзу» және «әлеуметтік араздық қоздыру» айыптары бойынша бес жылға сотталған. 2019 жылғы сәуірде Талғат Аян колониядан босатылған, ал Макс Боқаев әлі түрме жазасын өтеп жатыр.
Азаттықпен сұхбаттасқан Талғат Аян жала жабу бабы сияқты 274-баптың да бұлыңғыр, түсініксіз екенін айтады.
- Маған жалған ақпарат тарату айыбын тақты. Бұл баптың қажеті жоқ деп ойлаймын. Менің ісіме қатысты сот бізді көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты деген тұжырым қылды. Әйтсе де Жер кодексіне өзгеріс енгізілетіні, жердің аукцион арқылы сатылатыны туралы ақпаратты біз ашық дерек көздерінен, оның ішінде мемлекеттік телеарналардан алдық. Сот кезінде бұл мәліметімізді қаперге алмады, - дейді ол.
2018 жылы Қазақстанның Бас прокуратурасының Құқықтық статистика мен арнайы есеп комитеті «Әділ сөз» қорына берген дерекке сәйкес 2016-2017 жылдары жала жабу айыбы бойынша екі мыңдай адамның үстінен қозғалған 1314 іс сотта қаралған. 93 адам жала жабушы деп танылған. 2018 жылы 1167 адамның үстінен қозғалған 962 іс сотқа түскен; БАҚ арқылы жала жапқаны үшін 19 адам сотталған.«Жала жабу» (130-бап) мен «Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату» (274-бап) Қазақстан заңдары бойынша қылмыс деп танылған. Екі бап бойынша кінәлі деп танылған сотталушыға 1-5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (1 АЕК 2525 теңгеге тең) айыппұл салынады, я бес жылға дейінгі бостандығын шектеу немесе бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Соңғы жылдары Қылмыстық кодекстің 130- және 274-баптары бойынша ондаған азаматтық белсенді, журналист пен блогер сотталған.
ПІКІРЛЕР