Accessibility links

"Путинді Кремльден аластамақ болған" саха бақсысы жоғалып кетті


Саха бақсысы Александр Габышев.
Саха бақсысы Александр Габышев.

"Путинді Кремльден аластамақ болып" Мәскеуге қарай жолға шыққан саха бақсысы Александр Габышев 19 қыркүйекте жоғалып кетті. Бұл ақпаратты Сибирь.Реалии сайтына бақсыны білетін таныстары хабарлады.

Олардың айтуынша, 19 қыркүйекке қараған түні Иркутск облысындағы Выдрино лагеріне бірнеше көлік келген. Маска киіп, қолына автомат пен резеңке таяқ ұстаған адамдар бақсыны қоршап алып, жерге жатқызып тексерген. Осыдан соң көлікке сүйреп апарып, отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен.

"Трассаны арнайы жасақ өкілдері қарумен қоршап алды" деді оқиға куәгерлерінің бірі.

Куәгерлердің бірінің айтуынша, маска кигендердің ешқайсысы аты-жөндерін айтпаған, төлқұжаттарын да көрсетпеген. Олардың қолында қару, фонарь болған. Куәгерлердің сөзіне қарағанда олардың саны қырыққа жуықтайды. Жолды жауып, байланысты өшірген белгісіз адамдар өздеріне сұрақ қойып, түсіндіруді талап еткендерді жерге жатқызып, тырп еткізбей ұстаған.

Әзірге Габышевтің қайда екені белгісіз. Жақтастары оны Улан-Удэге алып кеткен деп болжайды.

Оқиға куәгерлерінің бірінің сөзіне сүйенген znak.com сайтының жазуынша, бақсыны полиция ұстап, оның үстінен "экстремистік қауымдастық ұйымдастыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған болуы мүмкін.

Құқық қорғау органдарындағы құпия дерек көзіне сүйенген журналист Борис Ветров та бақсының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жазады. Оның айтуынша, Габышевке психиатриялық сараптама да тағайындалған.

Ішкі істер министрлігінің аймақтық бөлімшесі бақсының ұсталуына байланысты түсініктеме бермеді. Бурятия полициясы басында "оның ұсталуына" еш қатысы жоғын айтқан еді, кейінірек 1958 жылы туған ер адамды ұстағанын растады. "Сибирь.Реалии" жазуынша, полиция Александр Габышевті айтып отыр. Ведомство дерегінше, "Саха республикасы аумағында қылмыс жасағаны үшін оған іздеу жарияланған".

Саха бақсысы Александр Габышев төрт айдан бері Қиыр Шығыстан Мәскеуге қарай жол жүріп келеді. Оның пікірінше, "Ресей президенті қара күштен жаралған және онымен тек бақсы ғана күресе алады". Осыған дейін 2 000 шақырымға жуық жер жүрген Габышев жолшыбай жүздеген жүргізушімен сөйлесіп, оның үгіт-насихаты видеосы интернетте миллион рет көрілген.

ВИДЕО: Бақсы Александр Габышевтің "Кремльге жорығы" (ағылшын тілінде).

9 қыркүйекте Бурятия астанасында наразылық болған. Ұстаулар мен қуғындауларға қарамастан тұрғындар үш күн бойы қала орталығындағы алаңнан кетпей, жергілікті мэрді сайлау бойынша ресми қорытындының күшін жоюды талап етті. Бұған қоса, бақсы Александр Габышевтің жақтастарын босату туралы талап та қойған.

Шілде айында Читада Габышев ұйымдастырған наразылық шарасына 700-ден астам адам келген. Митингіге қатысушылар "Путинсіз Ресей" деп ұрандатты. Жиында сөйлеген бақсы Якутиядан көктем айларында жолға шыққанын, Мәскеуге екі жылдан соң жететінін айтқан. Ол "Путин - адам емес, шайтан, оны ол жерден бақсы ғана қуа алады" деп айтқан.

Габышев әзірге бейбіт жиын мен митинг өткізу ғана қолынан келетінін, егер бұдан түк шықпаса, "өзге де амал-тәсілдер" қолдануға дайын екенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG