Ақтөбедегі "Восток нефть и сервисное обслуживание"компаниясы жалақының аздығына наразы болып, кеніштегі жұмысты тоқтатып тастаған қазақстандықтармен мәмілеге келді. Бұл туралы 16 қазанда Азаттыққа Қытай компаниясында бұрғылаушының көмекшісі болып жұмыс істейтін Жасұлан Қанбалиев хабарлады.
Жасұлан Қанбалиевтің сөзінше, бұрғылаушы көмекшілерінің жалақысы наразылық акцияларынан кейін 50 пайызға көбейген.
- Бұрын қолыма 120 мың теңге (308 доллар) алып жүрдім. Кей кезде ай 28-30 күннен біткен кезде жалақым тіпті азайып қалатын. Қазан айынан бастап жалақыма 50 пайыз қосылатын болса, қолыма ай сайын 200 мың теңге (514 доллар) тиюі керек. Әрине, қымбатшылық қыспаққа алып тұрған кезде 200 мың теңге де аса көп ақша емес. Дегенмен бұған да шүкір, - дейді Жасұлан Қанбалиев.
Жұмысшылар наразылығынан кейін Қытай компаниясының жалақыны көбейткенін Ақтөбе облысының әкімдігі де растады. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша, "Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясында бұрғылаушының көмекшісі болып еңбек ететін қазақстандықтар жылдар бойы ең ауыр жұмысты істеп, ең аз жалақы алып келген.
- Екі айға созылған жұмысшылар наразылығы облыс әкімдігін медиатор ретінде әрекет етуге мәжбүрледі. Негізі бұл әкімдік араласатын шаруа емес еді. Жалақы компанияның ішкі резерві есебінен көтерілетін болды. Бірақ барлық жұмысшының жалақысы 50 пайызға өскен жоқ. Дәрежесіне байланысты 316 адамның жалақысы 50 пайызға көбейді, - дейді Қайрат Бекенов.
Жұмысшылар 11 қазанда компанияға келіп, жалақы өсіруді тағы да талап еткен еді. Екі айға созылған жалақы дауы Ақтөбедегі компанияға Пекиннен арнайы делегация келгеннен кейін ғана шешілген. Қайрат Бекенов Пекиннен келген делегациямен ұзақ әрі күрделі келіссөз жүргізілгенін айтады.
Видео: Жұмысшылар талабы
"Восток нефть и сервисное обслуживание" серіктестігінің бас директоры Чжан Баоцзюнь бұрғылаушы бригадалардағы жұмысшылардың жалақысы инженерлік-техникалық құрамға қарағанда аз болғанын растап отыр. Чжан Баоцзянь "жұмысшылар талабы орынды" деп санайды.
- Бұрғылаушылардың көмекшілері мен дәнекерлеушілердің жалақысы қазан айынан бастап 50 пайызға өсті. Сол сияқты лаборант-коллекторлардың жалақысына 40 пайызға, бұрғылаушы қондырғының машинисінің айлығы 30 пайыз, бұрғылаушылардың еңбекақысына 25 пайыз қосылды. Жаңажол, Кеңқияқ пен Северная трува кеніштеріндегі барлық бұрғылаушы бригадалар қайта жұмысқа кірісті, -деді Чжан Баоцзянь.
Ақтөбедегі "Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясының жұмысшылары екі айдан бері жалақы өсіруді талап етіп жүрген. Компания наразылықтан кейін жалақыны 20 пайызға өсіретіндерін мәлімдеген. Бірақ жұмысшылар бұл шешіммен келіспей, 50 пайызға өсіруді талап қылған.
Ақтөбе облысы әкімдігінің дерегінше, "Восток нефть и сервисное обслуживание" - 100 пайыз акциясы Қытайдың Xibu (Сибу) корпорациясына тиесілі компания. "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының тапсырысымен Ақтөбе облысындағы мұнай кеніштерін бұрғылайтын жұмыс істейді. Әкімдіктің мәліметінше, компаниядағы 1200 адамның он пайызы - Қытайдан келген маман.
Жалақының аздығына шағынып, наразылық білдірушілер арасында Қытай жұмысшылары жоқ.
ПІКІРЛЕР